Ақмола облысының Бұланды ауданында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру дерегі анықталды.
Ақмола облысында жол жөндеуге бөлінген 78 миллион теңге қолды болған
136
оқылды

Жол жөндеуге бөлінген миллиондар мақсатсыз жұмсалып, 5,4 шақырым жолдың жөндеу жұмыстары толық орындалмаған болып шықты.

Қазір бұл іске бұрынғы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның жетекшілері күдікті ретінде ілініп отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Бұланды ауданының прокуратурасы бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру дерегі бойынша бұрынғы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мен мердігер ұйым басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Прокуратураның анықтауынша, 2023 жылы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен мердігер ұйым арасында Никольское ауылындағы елді мекенішілік жолдарды орташа жөндеуге келісімшарт жасалған. Құжат бойынша ұзындығы 5,4 шақырым болатын жолды жөндеуге бюджет қоржынынан 167,8 миллион теңге қарастырылған. Алайда келісімшартта көрсетілген жұмыстарды аяқтау мерзімі 2024 жылдың желтоқсанында біткенімен, бөлінген қаражаттың 103 миллион теңгесі ғана игерілген.

Тексеру барысында бұдан да алаңдатарлық жайт анықталған. Атап айтқанда, іс жүзінде орындалмаған жұмыс көлемі 78 миллион теңгені құраған. 

- Бұл қаражат жол жөндеуге емес, оған қатысы жоқ өзге мақсаттарға жұмсалып кеткені белгілі болды. Осылайша, ауыл жолдарын жөндеуге бағытталған бюджет қаражатының едәуір бөлігі белгіленген мақсатынан тыс пайдаланылған болып шықты. Қазіргі уақытта қылмыстық іс Ақмола облысы арнайы прокурорларының өндірісіне берілді, - дейді Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Прокуратура өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайтынын хабарлады.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы