Биыл 24–31 қазан аралығында Ақтөбе қаласындағы ACE теннис орталығында J60 Aktobe Open-1 халықаралық жасөспірімдер турнирі өтті. Қазақстандық спортшылар өз алаңындағы жарыста сәтті өнер көрсетіп, жекелей және жұптық сында үш чемпиондық атаққа қол жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Халықаралық теннис федерациясының (World Tennis) қолдауымен өткен турнирге сегіз елдің – Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Арменияның жас теннисшілері қатысты.
Ұлдар арасындағы жекелей сында финалға екі қазақстандық спортшы шықты. Шешуші кездесуде ақтөбелік Мансур Саинов пен Хақназар Жеткербай өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде Мансур Саинов чемпион атанса, Хақназар Жеткербай күміс жүлдені иеленді.
Қыздар арасындағы жекелей сында Екібастұз қаласының өкілі Ясмин Дюсембаева жеңіске жетті. Ол финалда ресейлік Кристина Камоловадан басым түсіп, турнирдің алтын жүлдесін жеңіп алды.
Ұлдар арасындағы жұптық сында да қазақстандық теннисшілер үздік нәтиже көрсетті. Ақтөбелік Мансур Какамбетов пен Мансур Саинов чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ал Әзербайжан өкілі Рафаэль Гусейнов пен астаналық Мустафа Мустафа Арафат күміс жүлдегер атанды.
Осылайша Мансур Саинов турнирде екі бірдей чемпиондық атақ жеңіп алып, жекелей және жұптық сында топ жарды.
Қыздар арасындағы жұптық сында ресейлік Валерия Галяева мен Кристина Камолова жеңімпаз атанды. Қазақстандық Гаухар Актан (Астана) мен Эвелина Балаганская (Алматы) финалға дейін жетіп, күміс жүлдені иеленді.
World Tennis Juniors сериясындағы халықаралық турнирлер жас теннисшілердің кәсіби спортқа қадам басуында маңызды рөл атқарады. Мұндай жарыстар спортшыларға халықаралық тәжірибе жинақтауға, рейтингтік ұпайлар иеленуге және шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді.
ҚР Теннис федерациясы мәліметінше, Ақтөбеде өткен J60 Aktobe Open-1 турнирі Қазақстандағы жасөспірімдер теннисін дамыту жолындағы маңызды жарыстардың бірі болып, отандық спортшыларға шетелдік қарсыластармен бәсекеге түсіп, өз мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай жасады.
