Үкіметте Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер аясында экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері бойынша баспасөз конференциясы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өз сөзінде жер қойнауын пайдалану саласын дамытуға, аса маңызды материалдар өндірісін жолға қоюға және геологиялық барлау жұмыстарын жаңғыртуға ерекше басымдық берілетінін атап өтіп, Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциялануын жеделдету мақсатында Астана қаласында Ұлттық зертхана құрылатынын мәлімдеді. Бұл шикізат базасын игерудің басым бағыттарын айқындауға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
«Автомобиль жасау мен баламалы энергетика салаларының қарқынды өсіп келе жатқан сұранысын ескере отырып, саланы дамыту төрт өндірістік секторға шоғырландырылады. Олар – аккумуляторларға арналған материалдар өндірісі, реактивті қозғалтқыштардың бөлшектеріне арналған материалдарды қайта өңдеу және өндіру, жартылай өткізгіштер өнеркәсібі, тұрақты магниттер өндірісінің толық тізбегі. Аталған бағыттар бойынша, оның ішінде шетелдік инвестициялардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар топтамасы қалыптастырылды. Германияның Bergbau AG компаниясымен, Кореяның геологиялық-геофизикалық зерттеулер және минералдық ресурстар институтымен, Аустралияның Lindian Resources Limited компаниясымен және басқа да ұйымдармен ынтымақтастық жүзеге асырылуда», – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Мемлекет басшысының геология саласы бойынша тапсырмасын жүзеге асыру аясында жер қойнауын зерттеу озық технологияларды қолдану арқылы жүргізілуде. Елімізде алғаш рет 1:50 000 масштабындағы мемлекеттік геологиялық түсірілім жұмыстары басталды. Алдағы үш жылда шамамен 100 мың шаршы шақырым аумақта 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Дәстүрлі әдістермен қатар жасырын кен шоғырларын анықтауға арналған озық Ionic Leach технологиясы, жасанды интеллект, спутниктік деректер және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылуда. Қазірдің өзінде 7 нысанның перспективалылығы туралы алдын ала деректер алынды. Перспективалылығы расталған учаскелерді келесі жылы аукционға шығаруға дайындау жоспарланды», – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына шамамен 4,8 млн бірлік бастапқы геологиялық ақпарат интеграциялануда. Бұл жинақталған деректерді жаңа кен орындарын іздеу кезінде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
