Ал арманына қанат бітпей, өмірдің ауыртпалығынан еңсесі түскен адамның күйі қандай? Ол қайта самғай ала ма? «Астана» телеарнасы ұсынған «Қанатсыз құстар» телехикаясы көрерменді дәл осындай ойға жетелейді.
Хикаяның басты кейіпкері – Нефисе. Тағдырдың тауқыметін ерте тартқан жас ана төрт баласымен бірге тіршіліктің талай тар жол, тайғақ кешуінен өтеді. Жұбайынан айырылған соң, бар ауыртпалықты жалғыз өзі көтеруге мәжбүр. Бірақ бір үзім нан табудың өзі мұңға айналған шақта да, ол балаларының көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Өйткені ана үшін баласының күлкісінен қымбат ештеңе жоқ.
Әр баласының өз әлемі, өз арманы бар. Бірі балалықтың қызығын көргісі келсе, енді бірі ерте есейіп, отбасының қамын ойлауға мәжбүр. Олардың тағдыры арқылы сериал балалық шақтың қадірін, бауырмалдықтың мәнін, отбасы алдындағы жауапкершілікті терең қозғайды. Телехикаяның өн бойынан ананың балаға деген шексіз махаббатын, бауырлардың бір-біріне деген жанашырлығын және жақсылыққа деген сенімін көруге болады. Кейіпкерлердің қуанышы мен қайғысы, таңдауы мен өкініші көрерменді бейжай қалдырмайды.
Қанша қиындық көрсе де, үмітінен айырылмаған жандардың өмірі туралы жүрекке жақын телехикаяны 5 қарашадан бастап, күн сайын сағат 22.00-де «Астана» телеарнасынан тамашалаңыз!
