Алматыда 15 344 көлік иесі коммуналдық ақылы автотұрақтарды жеңілдікпен пайдаланады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айтылған жеңілдіктер I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көпбалалы отбасыларға, Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтың зардабын тартқан отбасылардың мүшелеріне қарастырылған. Сондай-ақ бұл жеңілдікті электр көліктері мен арнайы мақсаттағы көлік иелері де пайдалана алады.
Қазір қалада 17 мыңнан астам коммуналдық автотұрақ бар. Алдағы уақытта оның саны 25 мыңға дейін көбейтілмек.
Сонымен қатар Алматыда жеңілдікпен тұрақтауға арналған рұқсатты рәсімдеу тәртібін жеңілдетуді және цифрлық сервистерді дамыту алға қойылған. Соның арқасында көлік иелері қажетті қызметтерді уақытын үнемдеп, аз уақытта ала алуына мүмкіндік туады.
«Алматы Паркинг» КМК-ның мәліметінше, автотұрақ желісін кеңейтумен қатар, оның қызмет көрсету сапасын жақсарту және тұрақтардың қала тұрғындарының түрлі санатына қолжетімділігін арттыру көзделіп отыр.
