Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ұлытау облысының әкімімен бірге облыстық көпбейінді аурухананың жаңа корпусының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жаңа ғимаратта 100 төсекке арналған онкология орталығы орналасады.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде жүзеге асырылып, өңірдегі мамандандырылған медициналық көмекті дамытуға бағытталған.

Жаңа корпус облыстық денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге жол ашады. Мұнда онкологиялық ауруларға шалдыққан пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге, қажетті диагностикалау және емдеу шараларын тікелей өңірде жүргізуге барлық жағдай жасалады.
Жобаның маңызды ерекшелігі – аурухананың қолданыстағы инфрақұрылымын тиімді пайдалана отырып, жаңа корпустың салынуы. Сонымен қатар ауысымына 250 адам қабылдауға арналған консультатациялық-диагностикалық орталықты көшіру де көзделген.

Жоба «дайын күйінде тапсыру» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2030 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Онкологиялық қызметті дамыту – ең алдымен ауруларды уақытылы анықтау мен заманауи емдеу әдістерінің қолжетімділігін арттыру. Бұл облыс тұрғындарына қажетті мамандандырылған медициналық көмекті басқа өңірлерге бармай-ақ, тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді.
