Ақтауда балалар хирургі мен науқас баланың әкесі арасындағы жанжал қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бірі дәрігерге қол көтерген азаматты қатаң жазалауды талап етсе, енді бірі баласының денсаулығына алаңдаған әкенің жағдайын ескеруге шақырады.
«Баламды құтқарғым келді»: Ақтаудағы дәрігер мен әке арасындағы жанжалдың мән-жайы
видеодан скриншот жасалды
163
оқылды

Әлеуметтік желіде дәрігердің ер адамды кешіргені жөн болатынын айтқандар да бар. Оқиғадан кейін екі тарап өз түсініктемесін жариялады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі дәрігердің де, ата-ананың да әрекетіне заң аясында баға берілуі қажет екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жанжалға дейін не болды?

Оқиға 31 қазанда Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ер адамның алдымен дәрігер отырған үстелді теуіп, кейін оның жағасынан алып, мойнынан қыса бастағаны көрінеді. Айналадағы адамдар екеуін ажыратуға тырысқан. Бірақ бұл жанжалдың себебін түсіну үшін 19 қазанда болған жағдайға назар аудару қажет.

Баланың әкесі Шаншархан Абдухалимнің айтуынша, сол күні ұлы Жамбыл Ибраһимнің іші қатты ауырып, дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. Ата-анасы жедел жәрдем шақырып, баланы ауруханаға жеткізген. Әкесі жедел жәрдем қызметкерлері соқырішектің қабынуына күдіктенгенін айтады.

Шаншархан Абдухалим баласына дер кезінде көмек көрсетілмегеніне шағымданады. Оның сөзінше, алғашқы қан талдауында лейкоциттер деңгейі 21,5 болған. Соған қарамастан, дәрігерлер баланы үйіне қайтармақ болған. Әкесі бұған келіспей, қосымша тексеру жүргізуді талап еткенін жеткізді.

Ер адамның айтуынша, түнгі сағат 23:00 шамасында қайта жасалған талдаудан кейін баланы ауруханада қалдырған. Ал келесі күні таңертең басқа хирург қарап, операция жасау туралы шешім қабылдаған.

– Таңертең сағат сегіз жарым шамасында басқа хирургиядағы бір дәрігер келеді де, ішін қараған кезде бірден «операцияға» дейді. Таңертең жаным шыға жаздап, ауруханаға балама келдім. Балама операция жасалып, сәтті шыққан екен, – деді Шаншархан Абдухалим.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы 19 қазанда баланың хирургия бөліміне жатқызылып, оған лапароскопиялық аппендэктомия жасалғанын растады. Бұл – соқырішекті шағын тіліктер арқылы алып тастау операциясы.

Басқарманың мәліметінше, 22 қазанда баланың анасы стационарлық емді жалғастырудан өз еркімен бас тартқан. 25 қазанда қайта медициналық көмекке жүгінген кезде де ата-анасы емдеуді жалғастыруға келіспеген. Медициналық құжаттарда анасының дәрігерлерге шағымы жоқ екені туралы қолхаты бар. Осы тұста тараптардың түсініктемелерінде айырмашылық байқалады. Әкесі алғашқы медициналық көмектің уақытылы көрсетілмегенін айтса, Денсаулық сақтау басқармасы баланың ауруханаға жатқызылып, операция жасалғанын және кейін ата-анасының емдеуді жалғастырудан бас тартқанын алға тартады.

Дәрігер өзіне тағылған айыппен келіспейді

31 қазанда баланың іші қайта ауырған. Әкесі оны тағы да облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Қабылдау бөлімінде бұған дейін баланы қараған хирург Қанат Измайылов кезекшілікте болған.

Шаншархан Абдухалимнің айтуынша, дәрігер оны мысқылдап қарсы алған. Әкесі осы жағдайдың ашуын туғызғанын жеткізді. Ол баласының денсаулығына алаңдап, оны жоғалтып алудан қорыққанын мәлімдеген. Ал хирург Қанат Измайылов бұл айыптаулармен келіспейді. Оның айтуынша, 19 қазанда бала ауруханаға өзінің жұмыс уақыты аяқталар тұста жеткізілген. Ол баланы қарап, қажетті тексерулерді жүргізгеннен кейін келесі кезекші дәрігерге тапсырғанын айтады.

Хирург 31 қазандағы жағдайға да түсініктеме берді. Оның сөзінше, бала операциядан кейін қайта келгендіктен, ауырсынудың себебін анықтау қажет болған. Тексеру нәтижесі шұғыл хирургиялық араласуға негіз бермеген.

– Бұл операциядан кейінгі кезеңде болған. Біз 30 минут ішінде барлық тексеруді жүргіздік. Талдаулар, рентген жасалды. Мен балаға бұрын операция жасалғанын, қазір басқа ауру болуы мүмкін екенін, оның міндетті түрде хирургиялық сипатта болмауы мүмкін екенін түсіндірмек болғанымда, ол маған шабуыл жасады. Мен онымен жанжалдасқан жоқпын. Осыдан кейін қалай жұмыс істеуге болады? – деді Қанат Измайылов.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 31 қазанда бала сағат 15:40-та ішінің ауырсынуы және әлсіздік белгілерімен қабылдау бөліміне жеткізілген. Кезекші хирург қан талдауын және құрсақ қуысының рентгенін тағайындаған. Тексеру кезінде шұғыл операцияны қажет ететін өзгерістер анықталмаған.

Басқарма дәрігер ата-анасына тексеру нәтижесін түсіндіріп, түйілуді басатын дәрі тағайындау қажеттігін айтқан кезде жанжал басталғанын хабарлады. Медициналық мекеме бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеген. Ішкі тексеру нәтижесінде дәрігер тарапынан медициналық этика талаптарын бұзу немесе жанжалға түрткі болатын әрекеттер анықталмағаны хабарланды. Дегенмен аурухананың ішкі тексеруі медициналық көмектің сапасына жүргізілетін тәуелсіз сараптаманың немесе қылмыстық тергеудің орнын баспайды.

Министрлік екі тараптың да жауапкершілігін қарастыруды ұсынды

3 қарашада Үкіметте өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтаудағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Министр медицина қызметкеріне күш қолдануға жол берілмейтінін атап өтті. Сонымен қатар дәрігердің әрекетіне қатысты айтылған шағымдар да назардан тыс қалмауы керектігін жеткізді.

– Екі жақтан да кінәсі дәлелденген кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылады. Ата-ананың жауапкершілігі де, менің ойымша, назардан тыс қалмауы керек. Аталған баланы ата-анасы кем дегенде екі рет қолхат жазып қалдырып, ауруханадан алып кеткен. Ауруханаға жалпы үш рет алып келген. Ең бастысы, баланың жағдайын ойлау керек. Қылмыстық іс қозғалды. Екі жақтың да жауапкершілігі толыққанды тергеледі. Мен ата-анаға да, дәрігерге де араша түспеймін. Бәрі заң аясында қаралады, – деді Ақмарал Әлназарова.

Министрдің айтуынша, әзірге дәрігердің жанжалға өзі себепкер болғанын растайтын дәлел жоқ. Егер тергеу барысында медициналық қызметкердің заң бұзғаны анықталса, оған да тиісті шара қолданылуы мүмкін.

Бұл мәлімдеме оқиғаның екі бөлек қырын көрсетеді. Біріншісі – медицина қызметкеріне күш қолдану дерегі. Екіншісі – балаға көрсетілген медициналық көмектің сапасы. Біріншісіне қатысты бейнежазба мен қылмыстық іс бар. Ал екінші мәселе бойынша түпкілікті қорытынды жасау үшін медициналық құжаттарды жан-жақты зерттеу қажет.

Әкені кешіру керек пе?

Ақтаудағы жағдай әлеуметтік желіде де екіұдай пікір туғызды. Бір тарап баласының денсаулығына алаңдаған әкенің эмоциялық жағдайын түсінуге болатынын айтып, дәрігерді кешірім беруге шақырады. Екінші тарап мұндай әрекетке түсіністік таныту медицина қызметкерлеріне күш қолдануды қалыпты жағдайға айналдыруы мүмкін деп қауіптенеді.

Бұл жерде кешірім беру мен қылмыстық жауапкершіліктен босатудың аражігін ажырату маңызды. Жәбірленушінің кешірімі барлық жағдайда қылмыстық істің тоқтатылуына негіз бола бермейді. Қазақстанның Қылмыстық кодексінде тараптардың татуласуына байланысты жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қарастырылғанымен, оның қолданылуы қылмыстың санатына, келтірілген зиянға және заңда белгіленген өзге талаптарға байланысты. Сондықтан дәрігердің ер адамды кешіруі істің міндетті түрде тоқтатылатынын білдірмейді. Бұл мәселе бойынша шешім қылмыстық істің нақты саралануына және заң талаптарына сәйкес қабылданады.

Мұндай жағдайда әкенің баласына алаңдауы оның әрекетінің себебін түсіндіруге көмектесуі мүмкін. Бірақ дәрігерге күш қолдануды заңды әрекетке айналдырмайды. Сол сияқты медицина қызметкерінің зардап шегуі ата-ананың медициналық көмектің сапасына қатысты шағымын тексермеуге негіз бола алмайды.

Қоғамдағы талқылаудың тағы бір қыры – үш баланың әкесінің алдағы тағдыры. Ер адам бас бостандығынан айырылған жағдайда оның отбасы қандай қиындыққа тап болуы мүмкін деген мәселе де көтеріліп отыр. Дегенмен сот жаза тағайындаған кезде тек отбасылық жағдайды емес, қылмыстың мән-жайын, келтірілген зиянды және заңда көзделген басқа да факторларды ескереді.

Әзірге бұл іс бойынша сот үкімі шыққан жоқ. 3 қарашада күдіктінің адвокаты Әлхат Ақжігітов Шаншархан Абдухалимнің үйқамаққа жіберілгенін хабарлады. Бұған дейін ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Оның жұбайы да күйеуінің үйге оралғанын растаған. Сонымен қатар баласының әлі дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатқанын жеткізді.

Дәрігерге шағымданудың заңды жолы қандай?

Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, медициналық көмектің сапасына көңілі толмаған азамат алдымен медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау қызметіне немесе басшылығына жүгіне алады. Мәселе шешілмеген жағдайда Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментіне немесе e-Otinish жүйесі арқылы шағым түсіруге болады.

Мұндай өтініштер заңнамаға сәйкес қаралып, құқықбұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.

Дегенмен іс жүзінде ата-ананың баласы ауырған кездегі жағдайы мен ресми шағымдану тәртібі арасында үлкен айырмашылық бар. Баласының ауырсынуын көріп отырған адам үшін ең маңыздысы – сол сәтте медициналық көмек алу. Сондықтан дәрігер мен пациент арасындағы түсініспеушіліктің алдын алу үшін тек құқықтық тетіктер ғана емес, медициналық қызметкерлердің науқаспен және оның жақындарымен дұрыс қарым-қатынас орнатуы да маңызды.

Ал пациент тарапынан дәрігерге қысым көрсету немесе күш қолдану мәселені шешпейді. Керісінше, медициналық көмек көрсету процесіне кедергі келтіріп, қосымша құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.

Оқиғада жауапсыз қалған сұрақтар бар

Ақтаудағы жағдайды тек дәрігерге жасалған шабуыл ретінде қарастыру жеткіліксіз. Өйткені жанжалға дейін баланың бірнеше рет медициналық көмекке жүгінгені белгілі. Ресми мәлімет бойынша, бала 19 қазанда операция жасалғаннан кейін 22 қазанда ауруханадан шығарылған, 25 қазанда қайта жеткізілген және 31 қазанда тағы медициналық көмекке жүгінген.

Осы кезеңдегі медициналық құжаттар оқиғаның толық мән-жайын анықтауда маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, алғашқы қабылдау кезінде қандай тексерулер жүргізілгені, операция туралы шешімнің қашан қабылданғаны, ата-анасына қандай түсіндіру жұмыстары жүргізілгені және кейінгі шағымдарға дәрігерлердің қалай жауап бергені анықталуға тиіс.

Әкенің айтуынша, баланың қанындағы лейкоциттер деңгейі жоғары болған. Бірақ бұл көрсеткіштің өзі ғана соқырішек қабынуын немесе міндетті түрде шұғыл операция жасау қажет екенін дәлелдемейді. Дәрігер диагноз қою кезінде баланың жалпы жағдайын, тексеру нәтижелерін және басқа да клиникалық белгілерді ескереді. Сондықтан алғашқы медициналық көмектің дұрыс көрсетілгенін немесе қателік жіберілгенін тек жарияланған мәлімдемелер негізінде анықтау мүмкін емес. Бұл оқиғада дәрігердің қауіпсіз еңбек ету құқығы мен пациенттің сапалы медициналық көмек алу құқығы қатар тұр. Бірін қорғау екіншісін жоққа шығармауға тиіс. Қазір полиция дәрігерге күш қолдану дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Ал медициналық көмектің сапасына қатысты шағымдар тиісті тексеруді қажет етеді.

Ақтаудағы жанжалға байланысты түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Сондықтан әкенің әрекетіне де, дәрігердің кәсіби жұмысына да соңғы бағаны тергеу мен тиісті сараптама нәтижелері беруі қажет. Ал осы даудың көлеңкесінде қалмауға тиіс ең маңызды мәселе – бірнеше рет ауруханаға жеткізілген баланың денсаулығы мен оған көрсетілген көмектің сапасы.