Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы мен негізгі бастамалары сөз болды.
«Кітап оқитын ұлт»: Арман Қырықбаев жастармен Жолдау мен жастар саясатының бағытын талқылады
1,166
оқылды

Астанада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жастармен және креативті индустрия өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы мен негізгі бастамалары сөз болды.

Кездесуге жас кәсіпкерлер, дизайнерлер, музыканттар, режиссерлер, продюсерлер, блогерлер, журналистер, ғалымдар, зерттеушілер мен спортшылар қатысты. Сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері, жастар ұйымдары мен волонтерлік қозғалыс көшбасшылары және студенттер жиналды.

Министр Жолдауда айқындалған негізгі міндеттерге кеңінен тоқталып, мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын атап өтті.

Іс-шарада шығармашыл жастарды қолдау, оларға білім беру, кәсіби білігін жетілдіру, цифрландыру, жасанды интеллект және креативті индустрияларды дамыту мәселелері талқыланды. Мемлекеттік саясаттың бұл маңызды бағыттары Мемлекет басшысының Жолдауында да қамтылған.

«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағдарын айқындайтын, жаңа міндеттер мен мүмкіндіктерді белгілейтін маңызды стратегиялық құжат. Президент келер ұрпаққа қуатты экономика мен дамыған технологиялары бар мемлекет қалдыру міндетін атап өтті. Бұл жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктермен қатар, олардың ел болашағы алдындағы жауапкершілігін де айқындайды», – деді Арман Қырықбаев.

Министр білімді, ой-өрісі кең ұрпақ тәрбиелеудің және кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызын айтты. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысының кітап оқитын ұлт қалыптастыру бағытындағы бастамасына арнайы тоқталды. Осы бағытта 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны өтіп жатыр.

Арман Қырықбаев мемлекеттік қолдау шаралары жастардың өз бастамаларын қолға алып, кәсіби білігін жетілдіруіне мүмкіндік беретінін жеткізді. Атап айтқанда, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында жыл сайын 30 жасқа 3 миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі.

Кездесуде жастардың экономиканың жаңа бағыттарында өз орнын табу мүмкіндіктеріне де ерекше көңіл бөлінді. Министр цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект экономиканың барлық дерлік саласын, соның ішінде мәдениет пен ақпарат саласын дамытудың маңызды құралдарына айналып келе жатқанын айрықша атап өтті.

Жиында креативті экономиканы дамыту мәселесі де жеке қаралды. Бүгінде еліміздің барлық 20 өңірінде жас таланттардың қабілетін ашуға, өз жобаларын бастауға және отандық өнімдерді танытуға жағдай жасайтын креативті хабтар жұмыс істейді.

Қатысушылар ұлттық мәдениетті дамыту, отандық авторларды қолдау, қоғамдық құндылықтарды нығайту және жаңа әдеп қағидаларын қалыптастыру жөнінде пікір алмасты. Осы орайда жауапкершілік, адалдық, заңға құрмет және қоршаған ортаға ұқыпты түрде қарау мәдениетін орнықтыруға бағытталған «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттары сөз болды.

Министр қоғамдағы өзгерістерге жастардың қатысуы маңызды екенін атады. Оның айтуынша, заманауи білім мен технологияларды меңгеру қабілеті ұлттық құндылықтарға адалдықпен, жауапкершілікпен және белсенді азаматтық ұстаныммен ұштасуға тиіс.

Жастар Мемлекет басшысының бастамаларын қолдайтынын білдіріп, оларды орындау мақсатында белсенді қатысуға, елдің дамуына және қоғамдағы оң өзгерістерге үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

Кездесу ашық диалог түрінде жалғасты. Жастар министрге өз сауалын қойып, бірқатар бастамасын ұсынды. Сонымен қатар ел алдындағы маңызды міндеттерді атқарудағы жастардың рөлі сөз болды.

Айта кетейік, ұлттық идеологияны насихаттауда дәстүрлі баспасөздің алатын орны ерекше. Қоғамдағы өзекті мәселелерді оқырманға сараптап ұсынатын республикалық «AIQYN»  және  «LITER» газеті аптасына үш рет жарық көреді. Сонымен қатар әлеуметтік, мәдени-рухани, саяси-экономикалық сараптамалық мақалалар әр  сенбі сайын «Айқын апта» арқылы оқырманға жол тартады. Халықаралық «Turkistan» газеті Қазақстанның сырты саясаты, қандастардың тұрмыс-тіршілігі, шетелдегі қазақтардың өмір салты, әлем әдебиеті туралы мақалалар жариялайды.

Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Turkistan» газеті 30 жылдан бері тұрақты шығып келеді. Бұл – Қазақстандағы ең ықпалды басылымның бірі. Газеттің атауында да өте үлкен мән-мағына бар. Басылым тілшілері ел ішіндегі өзекті мәселелермен қатар, тұтас түркі жұр­тына ортақ тақырыптарды да кө­теріп жүреді. Бұл өте жақсы дәстүр деп санаймын.

Шетелде жұмыс істеп, түрлі салада табысқа жеткен қазақтар туралы ма­қа­лаларды қызығушылықпен оқимын. Қазақстан мен өздері тұрып жатқан елдер арасындағы ынтымақтастықты да­мытуға үлес қосып жүрген осындай үш азаматты арнайы марапаттадым.

Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірі­нің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік же­лі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қы­рыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейін­де қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады. 

Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеу­лі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе га­зеттерден аламын. Ел ішіне кең тарал­ған TikTok, Instagram немесе Telegram ар­налары еңбек адамдарының шынайы тыныс-тіршілігінен алыс екенін өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз.

Қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қа­дірін білгені дұрыс деп санаймын. Көптеген жастың да дәл солай ойлайтынына қуанамын. Себебі, олар адамды тығырыққа тірейтін елес-қиял әлемінде өмір сүруді емес, нағыз білім-ғы­лым жолына түсуді мақсат тұтады. Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ», – деген сөзі дәлел. 

Қазіргі уақытта республикалық «AIQYN» мен «LITER» және халықаралық «Turkistan» газетінде жарық көрген материалдарды аталған газеттердің  Aikyn.kz және  Liter.kz сайтынан оқиды. Оқырман үшін газеттің PDF нұсқасын сайттан оқуға да жағдай жасалған. Сонымен қатар газетке сайт арқылы онлайн жазылу мүмкіндігі бар.