Бурабайдың көрікті орманды алқабында құрылыс жүргізу үшін жер телімі қоршалып, жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды.
«Бурабай орманын кім қоршап жатыр?»: рұқсатсыз құрылысқа қатысты тексеру басталды
120
оқылды

Бір қызығы, аудан әкімдігі бұған дейін аумақты тексеріп, құрылыс нысанына қажетті рұқсат құжаттарының жоқ екенін анықтаған. Алайда тұрғындардың айтуынша, соған қарамастан жұмыс тоқтамаған. Енді даулы жер телімінің заңдылығын Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті тексермек, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқиға Бурабай ауданының орманды аумағында, «Щучинский» шипажайына жақын жерде болған. Алғашында құрылыс жүргізілетін аумаққа бағаналар қағылған. Кейін олардың орнына қоршау орнатылған. Бұл жағдайға алаңдаған жергілікті тұрғындар бірнеше рет шағым түсіргенімен, мәселе әлі шешімін таппаған еді. Әлеуметтік желілерде желдей ескен бурабайлықтардың айтуынша, аудан әкімдігі тексеру жүргізіп, құрылысқа қажетті рұқсат құжаттарының жоқ екенін анықтаған. Соған қарамастан, орман ішіндегі жұмыстар тоқтамаған. Керісінше, аумақ толықтай қоршалып, тұрғындардың алаңдаушылығын күшейткен.

Мәселеге «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары да араласқан. Ведомство өкілдері жер учаскесінің ерекше қорғалатын табиғи аумақ шекарасына қатысты нақты орналасуын анықтау үшін оқиға орнына барып, тексеру жүргізген.

Ұлттық парк өкілдерінің мәліметінше, тексеру нәтижесінде жинақталған материалдар Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.

– Тиісті материалдар қарау және құзыреті шегінде шара қабылдау үшін Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілді», – деп хабарлады «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері.

Өз кезегінде облыстық Жер ресурстарын басқару департаменті бұл мәселе мемлекеттік бақылау бөлімінің назарында екенін мәлімдеді. Қазір аталған жағдай бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы қосымша хабарланбақ.

Айта кетейік, бұған дейін Бурабай ауданының әкімдігі де даулы жер учаскесіне барып, тексеру жүргізген болатын. Сол кезде нысан құрылысына қажетті рұқсат құжаттарының жоқтығы анықталған еді. Енді бірнеше мекеменің назарына іліккен бұл жағдайдың қалай аяқталатыны маңызды. Әсіресе, жер телімінің ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататыны немесе жатпайтыны, оны қоршауға қандай негіз болғаны және құрылыс жүргізуге кімнің рұқсат бергені тексеру нәтижесінде анықталуы тиіс.

Бурабай – елдің табиғи байлығы, туристер көп баратын көрікті мекен. Сондықтан орман ішіндегі әрбір жер телімінің тағдыры мен ондағы кез келген құрылыс жұмысының заңдылығы қоғам үшін маңызды. Жер инспекциясының тексеруі тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап береді деген үміт бар.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы