Қазақстандық журналист Талғат Алманов АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Буффало қаласында орналасқан ABC 7 телеарнасында басшылық қызметке тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Журналист бұл жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол WKBW-TV телеарнасында Executive Reporter қызметіне кіріскенін мәлімдеді. Жаңа лауазымында жаңалықтар редакциясының жұмысын үйлестіріп, журналистер мен продюсерлердің қызметін қадағалайды. Сонымен қатар өзі де репортаждар дайындап, журналистік зерттеулер жүргізуді жалғастырмақ.
«Телеарнадағы алғашқы басшылық қызметке кіріскенімді ерекше қуанышпен хабарлаймын. Нью-Йорктің әйгілі ABC 7 (Буффало) телеарнасында Executive Reporter қызметін атқарамын. Жаңа қызметімде жаңалықтар бөлімінің жұмысын қадағалап, журналистер мен продюсерлермен тығыз жұмыс істеймін. Сонымен қатар жаңалықтарымыздың мазмұнды, сапалы әрі көрерменге уақытылы жетуіне атсалысып қана қоймай, репортаждар әзірлеп, зерттеу журналистикасымен айналысуды жалғастырамын», – деп жазды Талғат Алманов.
Талғат Алманов бұған дейін Қазақстанның республикалық телеарналарында жұмыс істеген. Кейін АҚШ-тағы Нью-Йорк университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алып, Джорджия штатындағы Atlanta News First телеарнасында журналист әрі продюсер қызметін атқарған.
Айта кетейік, WKBW-TV – АҚШ-тың ABC ұлттық тележелісінің Буффало қаласындағы жергілікті серіктес арнасы. Телеарна Нью-Йорк штатының батысындағы жаңалықтарды жариялайды.
