Біріншісі – инклюзивті білім беру. Бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңнан астам бала бар. Бұл жай ғана сан емес, әрқайсысының өз арманы, өз болашағы бар балалар. Менің ойымша, бұл мәселені тек білім беру саласына жүктеп қою дұрыс емес. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым және мамандар даярлау бағыттары бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Баланың даму ерекшелігін ерте анықтап, дер кезінде қолдау көрсету өте маңызды. Себебі уақытында көрсетілген көмек баланың бүкіл болашағын өзгертуі мүмкін.
Екіншісі – цифрландыру. Бүгінде технология күн сайын дамып жатыр. Жасанды интеллект, цифрлық қызметтер, жаңа платформалар… Бірақ осы мүмкіндіктер барлығына бірдей қолжетімді ме? Меніңше, ең алдымен осыған назар аударуымыз керек. Цифрландырудың нәтижесін тек жаңа жүйелер мен платформалардың санымен өлшеуге болмайды. Оның нақты пайдасын қарапайым азамат сезінуі тиіс. Әсіресе ауылдағы жастар, жұмыс іздеп жүрген азаматтар, кәсіпкерлер және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуы керек.
Үшіншісі – халықтың табысы. Ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру жөніндегі тапсырма – маңызды бастама. Бірақ бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Халық үшін жалақының қағаз жүзінде өскені емес, сол табысқа қаншалықты жақсы өмір сүре алатыны маңызды. Білім алуға жағдай болмаса, баланың қабілеті толық ашылмайды. Жаңа технологиялар қолжетімсіз болса, оның пайдасын бәрі бірдей көрмейді. Ал табыс күнделікті қажеттіліктерге жетпесе, экономикалық өсімді халық сезінбейді.
Мен үшін депутат ретінде ең маңыздысы мәселені көтеріп қана қою емес, оның нақты шешімін табуға атсалысу. Айтылған бастамалардың қалай жүзеге асып жатқанын, халыққа қандай пайда әкеліп жатқанын назарда ұстау. Өйткені халыққа әдемі сөздер мен есептерден бұрын нақты нәтиже керек. Еліміздің дамуы әрбір қазақстандықтың өміріндегі жақсы өзгерістерден көрінсін!
