Президенттің биылғы Жолдауында айқындалған білім сапасын арттыру, еңбек нарығын дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және өзге де міндеттер «Әділет» партиясының жастар қанаты өткізген Bir Tolqynda диалог алаңында жан-жақты талқыланды. Басқосуға Құрылтай депутаттары, партия өкілдері және 150-ге жуық жас белсенді қатысты.
Жолдау жастар ортасында талқыланды
115
оқылды

Жолдауда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән берілген. Осы бағытта «Әділет» партиясы жастардың тех­нологиялық сауаттылығын арттыруға ден қойып отыр. Партия төрағасының орын­басары Ержан Жылқыбаев «Жасампаз AI» жобасын іске асыру көзделгенін атап өтті. Ол кәсіби бағдар беруге, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгертуге және жұмысқа орналасуына қолдау көрсетуге бағытталған.

– Біз жастарды жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдаланып, кәсіп жүргізуге үйретуді қолға алмақпыз. Басты мақсат – олардың әлеуметтік желіде уақыт өткізумен шектелмей, интернет мүм­кіндіктерін табыс көзіне айналдыруды, жаңа дағдыларды меңгеріп, заман талабына бейімделгені керек, – деді Ержан Жылқы­баев.

Осы ретте Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек партияның сайлауалды бағдар­лама­сында 2031 жылға дейін 5 миллион азаматты жасанды интеллект негіздеріне оқыту көзделгенін атап өтті.

– Кез келген саланың соңғы түйіні осы цифр­ландыруға келіп тіреледі. Әсіресе жасанды интеллектіні барынша ұтымды пай­далануымыз керек. Мұның бәрі – мем­­лекетті заман талабына сай дамыту жолында жасалып жатқан қадамдар. Бұл іске өскелең ұрпақ өлшеусіз үлес қоса алады, – дейді ол. 

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ақерке Искан­дерова өңірлердегі білім беру инфра­құ­ры­лымын дамыту мәселесін көтерді. Ол жастардың ту­ған жерінде сапалы білім алып, кәсіби тұрғы­дан өсуіне жағдай жасау қажет екенін атап өтті.

– Жалпыұлттық құрылыс дегеніміз – құр сөз емес. Енді сапалы инфра­құрылым қал­ып­тастыратын уақыт келді. Бұған еліміздің әлеуеті жеткілікті. Алайда мұндай инфрақұры­лым тек Астана мен Алматыда  емес, барлық өңірде дамуға тиіс. Әрбір жас туған жерінен кетпей-ақ, ірі қалалардағыдай білім алып, кәсіби тұр­­ғыдан дамуға мүмкіндік алуы керек, – дейді Ақерке Искандерова.

Жастар қанаты төрағасының міндетін атқару­шы Ержан Хамитов Президент Жол­дау­ындағы міндеттердің жас ұрпақтың келешегімен тікелей байланысты екенін атап өтті.

– Президент Жолдауында еліміздің алдағы даму бағытына қатысты маңызды міндеттер айқындалды. Соның ішінде білім сапасын арттыру, еңбек нарығын дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интел­лект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелеріне баса назар аудар­ылды. Бұл бағыттардың әрқайсысы жас-т­ар­дың бүгіні мен бола­ша­ғына тікелей байланысты, – деді Ержан Хамитов.

Кездесу барысында жастар өздерін тол­ғандырған сауалдарын қойып, спи­керлермен ашық пікір алмасты. Диалог алаңы Президент Жолдауындағы міндеттерді жастарға түсін­діріп қана қоймай, олардың ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салуға мүмкіндік берді. Айта кетейік, Bir Tolqynda диалог алаңы аясындағы осындай кездесулер елі­міздің 20 өңірінде де ұйымдастырылды.