Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кез­еңдегі Қа­зақ­станның өзекті міндет­тері» атты Жол­дауында инфрақұрылымды жаңғырту мен құрылыс саласын дамытуға басымдық берілді.
Әмірбек Оспанбеков, Құрылтай депутаты, «Әділет»  партиясы фракциясының мүшесі: Инфрақұрылым – өңір дамуының негізі
188
оқылды

Үкіметке жыл соңына дейін «Халықтық құрылыс» бағ­дарламасы аясында іске асырылатын жобалардың бастапқы тізімін әзірлеу тапсырылды.

Бұл тапсырма облыс орталықтарымен қатар аудандар мен елді мекендерде де әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу мен жөндеуді көздейді. Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері мен ерекше қажеттіліктері бар бала­ларға арналған оңалту орталықтарын дамытуға басымдық беріледі.

Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы ретінде бұл міндеттердің маңызын ерекше атап өткім келеді. Өйткені инфрақұрылым дегеніміз тек жолдар мен ғимараттар емес. Ол – медициналық көмекке қолже­тім­ділік, балалардың дамуына қажетті жағдай, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруі және елді мекен­дердің экономи­калық әлеуеті. Сондықтан Президенттің 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау туралы ұсынысын қолдаймын.

Менің ойымша, ауқымды құрылыстың нәтижесі салынған нысандардың санымен ғана өлшенбеуі керек. Ең бастысы, әрбір жоба халықтың нақты қажеттілігіне жауап беріп, сапалы әрі қолжетімді болуы тиіс. Өңірлердің ерекшеліктері мен тұрғындардың сұранысы ескеріліп, әрбір нысан ел игілігіне қызмет еткенде ғана бұл бастама азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға нақты үлес қосады.