Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі жаһандық даму бастамасының жарияланғанына 5 жыл толуына орай қытайлық және қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған «Халық игілігі жолындағы даму – Қытай мен Қазақстан бірге алға басуда» атты бірлескен көшпелі сұхбаттар сериясын ұйымдастырды. Серияның алғашқы кездесуі Еуразия ұлттық университеті жанындағы Конфуций институтында өтіп, қытай тілін оқыту мен мәдени алмасу мәселелеріне арналды.
Қытай тілін үйренуге сұраныс артып келеді: Конфуций институты қандай мүмкіндіктер ұсынады?
122
оқылды

Кездесу барысында журналистер институттың қызметімен танысып қана қоймай, қытай тілін үйреніп жатқандармен де пікірлесті. 

ЕҰУ жанындағы Конфуций институтының Қытай тарапынан директоры Баян Жұмабекұлының айтуынша, бұл – Қазақстандағы алғашқы Конфуций институты. Ол 2006 жылы Еуразия ұлттық университеті мен Қытайдың Сиань шет тілдері университетінің бірлесуімен құрылған. Тараптар сол жылы келісімге қол қойып, институт 2007 жылы ресми түрде жұмысын бастаған.

Оның сөзінше, осы уақыт ішінде институт Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және мәдениет салаларындағы байланысты нығайтуға, әсіресе елімізде қытай тілін меңгерген мамандар даярлауға үлес қосып келеді.

«Қазақстан мен Қытай – тату көрші әрі стратегиялық әріптес. Соңғы жылдары екі елдің сауда-экономикалық, көлік-логистика және басқа да салалардағы ынтымақтастығы нығайып келеді. Байланыс тереңдеген сайын екі елдің тілін, мәдениетін түсінетін мамандарға сұраныс артып отыр. Біздің міндетіміз – қытай тілін үйрету арқылы осы байланысты дамытуға ықпал ету», – деді Баян Жұмайбекұлы.

 Тілді үйренуге жас шектеуі жоқ

 Қазір Конфуций институтында 12 жастан асқан кез келген азамат қытай тілін оқи алады. Мұнда оқушылардың жасына, мамандығына немесе оқу мақсатына қарай бөлінбейді. Білім алушылар қатарында мектеп оқушыларынан бастап, студенттер, жұмыс істейтін азаматтар және зейнеткерлер бар.

Институт өкілінің айтуынша, жақында мұнда 70 жастағы зейнеткер де қытай тілін үйренуге келген. Денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмаса да, бұл жағдай тілді меңгеруге жас кедергі болмайтынын көрсеткен.

Оқу ақылы негізде жүргізіледі. Бір семестр 15 аптаға созылып, құны – 100 мың теңге. Аптасына үш рет сабақ өтіп, жалпы, алты академиялық сағаттан өтеді. Әр сабақ екі академиялық сағаттан, яғни 90 минуттан тұрады.

Сонымен бірге жаңа тыңдаушыларға алғашқы аптада сабаққа тегін қатысу мүмкіндігі беріледі. Осы уақыт ішінде оқушы оқу бағдарламасымен танысып, сабақты жалғастыру-жалғастырмау туралы шешім қабылдай алады. Төлем оқу басталғаннан кейінгі екінші аптаның дүйсенбі мен сәрсенбі аралығында жасалады.

Тіркеу әр семестр алдында институттың Instagram парақшасы арқылы хабарланады.

Оған қоса, институтта қытай тілін меңгеру деңгейін анықтайтын HSK халықаралық емтиханы да өткізіледі. Бұдан бөлек, өңірлердегі мектептер мен колледждерде қытай тілін оқытуға мүмкіндік болса, оқу бағдарламаларын әзірлеу, кітаптар мен оқу құралдарын ұсыну арқылы қолдау көрсетуге дайын.

 Қытай тілін білу – еңбек нарығындағы артықшылық

 Баян Жұмабекұлының пікірінше, Конфуций институтының жұмысы тек тіл үйретумен шектелмейді. Қытай тілін меңгеру жастарға жаңа білім мен ақпаратқа қол жеткізуге, Қытайдың жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға және болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік береді.

– Биыл Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің 2021 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында жариялаған Жаһандық даму бастамасына 5 жыл толып отыр. Бұл бастамада адам мүддесін басты орынға қою, даму арқылы халықтың тұрмысын жақсарту, оның игілігін баршаға ортақ ету және әрбір адамның жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелеріне ерекше мән берілген. Аталған бастама біз үшін жастардың қажеттілігіне құлақ асып, екі халық арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге зор мүмкіндік туады.

Институт түлектерге Қытай университеттері мен стипендиялық бағдарламалар туралы ақпарат беріп, оқу орындарын таңдауға бағыт-бағдар береді. Мысалы, 2026 жылдың өзінде көктемгі семестрде институтта білім алған 4 оқушы Қытайдың жоғары оқу орындарына түсіп, білімін жалғастырып жатыр.

Қытай тілін меңгеру жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Әсіресе, “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында ынтымақтастық тереңдеген сайын екі елдің ерекшеліктерін жақсы білетін, тілдік және мәдени ортада еркін жұмыс істей алатын мамандарға сұраныс артады. Мақсатымыз – оқушыға қытай тілін үйретіп қана қоймай, алған білімін болашақ кәсіби қызметінде қолдануына жағдай жасау, – деді ол.

Институт шәкірттері халықаралық байқауларда да жетістіктерге жетіп жүр. Мәселен, жыл сайын өтетін «Қытай тілі – көпір» атты халықаралық байқаудың Қазақстандағы іріктеу кезеңінде өткен жылы институттан қатысқан оқушылардың барлығы жүлделі орындарға ие болған. Солардың бірі – Әмірхан есімді шәкірт. Ол 2024 жылы Қытай төрағасының Қазақстанға сапары кезінде екі ел басшыларының қатысуымен өткен іс-шарада құттықтау сөз сөйлеген.

 Тілмен бірге мәдениет те таныстырылады

 Конфуций институтының тағы бір маңызды бағыты – мәдени іс-шаралар ұйымдастыру. Мұнда қытай халқының мәдениетін таныстыру мақсатында каллиграфия, шай рәсімі, кино, музыка және басқа да тақырыптар бойынша кездесулер өткізіледі. Тыңдаушылар сабақ барысында алған білімін осындай шараларда тәжірибе жүзінде қолданады.

Оның үстіне, мәдени алмасу біржақты сипатта емес. Институт тыңдаушылары қытай тілінде Қазақстанның тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстыруға да мүмкіндік алады.

«Біз жастардың тек Қытай мәдениетімен танысып қана қоймай, өз елінің тарихын, мәдениетін, әдебиетін де қытай тілінде жеткізе білуін қалаймыз. Бұл – екі халықтың бір-бірін тереңірек түсінуіне жол ашатын маңызды мүмкіндік», – деді институт директоры.

 «Көршіңді әрдайым танып-білген жөн»

 Кездесу барысында институтта білім алып жүрген тыңдаушылар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың бірі – 54 жастағы Гүлшехра Бажирова. Ол бұған дейін түрік және ағылшын тілдерін үйренген. Қазір қытай тілін меңгеруге ден қойып отыр.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және мәдени байланыстың дамуы бұл тілді үйренудің маңызын арттыра түскен.

«Қазір Қазақстан мен Қытай арасында экономикалық, мәдени тұрғыдан өте үлкен интеграция жүріп жатыр. Осыдан 50-60 жыл бұрын біз үшін Ресей Федерациясы көрші болғандықтан, орыс тілі қалай маңызды болса, қазір қытай тілі де сондай маңызды. Сондықтан көршіміз Қытайдың тілін, мәдениетін, экономикасы мен дүниетанымын танып-білу қажет. Көршіңді әрдайым танып-білген жөн. Қытай тілін білу тек жұмыс барысында ғана емес, саяхат кезінде де пайдалы. Бұрын біз Қытайға тек «Харгос» арқылы киім-кешек, тауар алу үшін ғана барсақ, қазір тіл білгеннен кейін Бейжіңге, Шанхайға саяхаттап барамыз. Көпшілігі Бейжіңді демалыс орындары аз деп Шанхайдай ұнатпай жатады, бірақ тарихы мен мәдениетіне қарасақ, Бейжің – өте терең, маңызды қала. Ол жерде мемлекет басшылары отырады, менталитеттері де, сөйлеу мәнері де басқа. Соның бәрін болашақта біздің балаларымыз білуі керек», – дейді ол.

Гүлшехра Бажирова қытай тілін үйренуіне айнала қолдау білдіретінін айтты. Керісінше, оның жаңа білім алуға деген ынтасы көпшіліктің қызығушылығын тудырған.

Ол Қытайға барған сапарында жергілікті тұрғындардың Қазақстан туралы түсінігіне де назар аударған. Оның пікірінше, қазақ азаматтары шет тілдерін меңгеріп, өз мәдениеті мен білімін халықаралық ортада таныстыру арқылы елімізге деген қызығушылықты арттыра алады.

«Қытай тілін үйреніп, сол елге барған кезде өз мәдениетімізді, білімге деген көзқарасымызды, тұрмысымызды таныстыруға мүмкіндік аламыз. Және  олардың да Қазақстанға деген қызығушылығын арттырып, қазақ тілін үйренуге деген ынтасына оятамыз. Бұл да екі ел арасындағы өзара түсіністік пен құрметті нығайтады», – дейді Гүлшехра Бажирова.

Ал институттың тағы бір оқушысы Айжан Арғынқызы қытай тілін бірнеше жыл бұрын бастап, кейін ағылшын тіліне көңіл бөлген. Қазір қайтадан қытай тілін оқып жүр. Оның айтуынша, тілді меңгеруде сабаққа қатысумен қатар, өз бетінше дайындалу да маңызды. Әсіресе, сөздердің дұрыс айтылуы мен төрт тонды меңгеруге ерекше назар аудару қажет.

 Қытай тілін үйренудің өзіндік ерекшелігі бар

 Қытай тілін үйренуде кездесетін негізгі қиындықтардың бірі – төрт тонды дұрыс айту және иероглифтерді жазу.

Баян Жұмабекұлының түсіндіруінше, сөздің тонын қате қолдану оның мағынасын өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл – тек қазақ тілділерге емес, қытай тілін үйренетін барлық шетелдікке ортақ қиындық.

Ал грамматикалық құрылымы жағынан қытай тілі сөйлеуді үйренуге салыстырмалы түрде жеңіл. Мысалы, қазақ тіліндегідей жалғаулар мен жұрнақтардың күрделі жүйесі жоқ. Дегенмен иероглифтерді меңгеру үшін жүйелі дайындық пен уақыт қажет.

Институт директоры қытай тілін үйренуге ниетті жастарға екі ел арасындағы байланыстардың даму қарқынын ескеріп, бұл мүмкіндікті пайдалануға кеңес береді.

– Қытай университеттерінде қазақ тілін оқытатын мамандықтар да бар. Бұл – Қытай тарапынан қазақ тілі мен Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Жаһандық даму бастамасының негізгі мақсаты – адам мүддесін алдыңғы орынға қою, даму арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және әр адамның жан-жақты дамуына жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда, тіл үйрету мен мәдени алмасу да халықтар арасындағы байланысты нығайтатын маңызды құрал саналады. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық кеңейген сайын екі елдің тілін, тарихы мен мәдениетін білетін мамандарға қажеттілік те арта бермек. Ал Конфуций институты осы бағытта білім мен мәдениетті ұштастырып, қазақстандықтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынады, – деді Баян Жұмабекұлы.