Аталған сыйлық шетелдегі қазақтілді БАҚ пен журналистердің еңбегін бағалау, ана тіліндегі ақпарат кеңістігін нығайту және Қазақстан мен диаспора арасындағы байланысты күшейту мақсатын көздейді. Оған Қазақстан азаматы емес, шетелдегі БАҚ-та ресми жұмыс істейтін қазақ журналистері мен шетелде тіркелген қазақтілді басылымдар қатысады.
Бұл жолғы байқауға «Үздік БАҚ», «Үздік журналист», «Үздік жас журналист» номинациялары бойынша онлайн форматта 20-ға жуық өтініш түскен. Ал жұмыстарды Turkistan, Aiqyn, Egemen Qazaqstan, Astana Aqshamy және «Медиа дамыту қоры» КҚ өкілдерінен құралған қазылар алқасы 30 қазандағы отырысында бағалады. Бағалау кезінде үміткерлердің тәжірибесі, шығармашылық шеберлігі, тұрақтылығы және аудиторияға ықпалы ескерілді.
Қазылар алқасының шешімімен Баян-Өлгий аймақтық Бұқаралық қазақ радиосы (Моңғолия) «Үздік БАҚ» номинациясында топ жарды. Бұған дейін 60 жылдық тарихы бар радио 2025 жылы «Баян-Өлгий аймағының үздік мекемесі» сыйлығына ие болған. «Үздік журналист» жүлдесі Баян-Өлгий аймағындағы қазақ тілінде хабар тарататын «Дербес» телеарнасының журналисі Жұлдыз Жұмағұлқызына бұйырды. Ал өзбекстандық Бекболат Мұхтаров «Үздік жас журналист» атанды. Еңбек жолын 2021 жылы «Нұрлы жол» газетінде тілші болып бастаған ол 2024 жылы «Ұлт.kz» ақпараттық порталында еңбек еткен. Биылғы ақпаннан бері қайтадан «Нұрлы жол» газетінің тілшісі қызметіне оралған.
Жеңімпаздар 13-16 қараша Шымкент және Түркістан қалаларында өтетін «Киелі Қазақстан» жобасы барысында марапатталып, әр номинация жеңімпазына бағалы сыйлық табысталады.
