Қазақтың қасіретті тағдырын суреттеген «Мәңгілік бала бейне» шығармасы отыз жылдан бері оқырман жүрегінен өшкен жоқ. Семей полигонының зардабын, адам жанының жарасын арқау еткен туынды бүгінде өзектілігін жоғалтпаған құнды дүние. Осы айтулы датаға орай Астанадағы академиялық кітапханада жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектакль-кітабының тұсаукесері өтті. Кездесуге қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар қатысты.
Бір әңгіме – ұласқан мәңгіге
160
оқылды

Жуырда «Мәңгілік бала бейне» шы­ғармасы Arman-PV баспасынан қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көріп, Германияда өткен халықаралық кі­тап көрмесінде көпшілік назарына ұсы­ныл­ған еді. Бұл – қазақ әдебиетінің жауһар туын­дыларының бірі саналатын шығар­маның халықаралық деңгейде танылуына жол ашқан маңызды қадам. Семей ядролық по­лигонының адам тағдырына салған жа­зыл­мас жарасын суреттейтін туындының шет­­елдік оқырманға жол тартуы да айрық­ша мәнге ие. Өйткені «Мәңгілік бала бей­не» – бір ғана халықтың қасіретін емес, адам­затқа ортақ трагедияны арқау еткен шы­ғарма. Арада отыз жыл өтсе де, туын­ды­ның көркемдік құндылығы мен көтерген мә­селесінің өзектілігі жойылған жоқ. Кері­сін­ше, жаңа тілде жарық көріп, жаңа оқыр­манмен қауышуы шығарманың өмір­шең­дігін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Оқырман сұранысына орай шығарма әр­түрлі форматта жарияланатыны белгілі. Бұл спектакль-кітаптың да ерекшелігі осын­да: ол ұлт қасіретін арқау еткен шы­ғар­маның ғұмыры да мәңгілік екенін ай­шық­тап тұрса керек. Спектакль-кітап ал­ғаш рет жарық көріп отыр. 

Шығарма туралы әлем әдебиетін зерт­теп жүрген ғалымдар да ойларын бөлісті. Германиялық ғалым Верена Цабель шы­ғарманың басты ерекшелігі ядролық жары­лыстың өзін емес, оның адам тағдырына тигізген зардабын көрсетуі екенін атап өтті. Оның айтуынша, шығармада адамгер­шілік құндылықтар ерекше көрініс тапқан. Ләйлә мен жарық ай арасындағы байланыс арқылы қоғамдағы кемсітушілік мәселесі ашылады. Адамдар оны мүгедек деп қа­был­даса, жарық ай оның жарақатын емдеуге тырысады. Ең қызығы, «Мәңгілік бала бей­нені» түпнұсқадан оқу үшін әдебиет­тану­шы қазақ тілін үйреніп алыпты. Шы­ғар­ма туралы ойын да қазақша жеткізді.  

Әңгіменің сахнаға алып шығып, бағын ашқан – белгілі режиссер Болат Атабаев. Ол қойған «Мәңгілік бала бейне» көрерменнің есінде мәңгі қалды. Ләйлә рөлін ойнаған Данагүл Темір­сұл­та­нова мен Нұржан Бексұлтанованың да об­раз­дары көпшіліктің есінен шыққан жоқ. Ләйлә – полигон қасіретін шеккен халық­тың жиынтық образы еді. Жазушы сол образ арқылы елдің жазылмас жарасын суреттеді.

Arman-PV баспасының бас дирек­торы Дидара Алина: «Біз осындай салмақты дүниені ағылшын тіліне аударғанымызға қуа­намыз. Бұл шығарманы аудару – бізге де үлкен жауапкершілік жүктеді. «Мәңгілік ба­ла бейненің» көтерген жүгі жеңіл емес, бұл қасіретті тағдырды суреттейтін шы­ғар­ма. Көркем дүниені ағылшын тіліне ғана емес, тағы бірнеше тілге аудару ойымызда бар» деді. 

Қазақстанның халық әртісі Нұрқанат Жа­қыпбай «Мәңгілік бала бейнені» сах­на­ға шығаруды біраз уақыт жоспарлағанын, оны қоюға жүрексінгенін айтады. Кейі­ні­рек режиссер Шыңғыс Айтматов, Оралхан Бө­кей, Роза Мұқанова шығармалары же­лі­сінде ортақ бір дүние жасап, Ләйләнің жаңа сахналық бейнесін өмірге әкелді. 

Кеңес жылдарында Семей полигоны да, Арал қасіреті де айтылған жоқ. Кеңестік цен­зура бұл тақырыптардың шығуына тыйым салды. Әдебиетте де, тіпті газетте де жазылмады. ХХ ғасыр  Семей  қасіретін осы­лай «жабулы қазан жабулы күйінде» қал­дырды. Сол уақытта мұндай тақырыпқа бару – Роза Мұқанованың ең үлкен ерлігі еді. Ал оны сахнаға шығарып, көрерменге тарту еткен Болат Атабаев болатын. 

«Биыл бұл әңгімеге отыз жыл толды. Отыз жылда өзінің оқырманы да, көрермені де қалыптасты деп ойлаймын. Бұл туын­ды­ның халықтық болуының бір себебі, тәуел­сіздікке дейін қазақ әдебиетінде қан­шама жабық тақырыптар болды. Ал сол «жа­­бық» тақырыптарды ашуға мүмкіндік бер­ген – Тәуелсіздік еді. Егер тәуелсіз ел бол­мағанымызда, «Мәңгілік бала бейне» сияқ­ты шығармалар жазылмайтын еді. Сон­дықтан мұндай тақырыптарға халық­тың ықыласы да ерекше болды. Бұл шығар­маны жолы болған туынды деп айтар едім. Өйт­кені осы әңгіменің негізінде пьеса жаз­­дым. Оны талантты режиссер, рефор­ма­тор Болат Атабаев сахнаға қойды. Кейін Сатыбалды Нарымбетов әңгіме желісі бойынша  «Қыз жылаған» фильмін түсірді. Бұл кино әлемді шарлады, халықаралық жүл­­делерге ие болды. Бүгінгі кездесу  «Мәң­­гілік бала бейненің» спектакль-кітап бо­лып жарық көруіне орай ұйымдас­тыры­лып отыр. Мұндай кітап бұрын-соңды шық­­қан емес. Оның ерекшелігі – шығар­ма­дағы кейіпкерлердің графикалық сурет­пен салынған бейнелері. Оқырман әр кейіп­кердің бейнесін көре алады әрі әр кейіп­кердің образы жақсы ашылған. Оны сал­­ған – талантты суретші Алмас Сырға­баев. Оның еңбегін ерекше атап өткім ке­ле­ді» дейді жазушы Роза Мұқанова. 

«Мәңгілік бала бейне» – өз көрерменін тап­қан спектакль. Ләйләға арнап, талай ақын жыр жазды.  «Уақыты келген кезде Ләйлә опера да болады, Ләйлә балет те бо­лады. Өйткені Ләйлә көтеріп тұрған жүк – ұлттың жүгі» деген екен бір режиссер.   Ра­­сында, Семей полигонынан шеккен азап – ұлттың үлкен жарақаты. Ләйләлар кешкен қа­сірет – халықтың  жанына түскен ауыр жарасы. 

Француз аудармашысы Филипп Риго «Мәңгілік бала бейнені» әлемнің кез кел­ген еліндегі оқырманына ерекше әсер бе­ре­тін туынды деп бағалаған екен. Демек, бұл оның (әңгіменің) ұлттық әдебиет шең­бері­нен шығып, жалпыадамзаттық мәселе­лер­ді көтеретін дүниеге айналғанын аңғар­та­ды. Отыз жыл өтсе де, ойдан да, көңілден де кеткен жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын туындының мәні тереңдеп, адам­зат­қа ортақ қасіреттің көркем шежіресіне ай­­­­налып келеді.

Гүлзина БЕКТАС