2019-2026 жылдары балалардың әл-ауқатын жақ­сарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Президент тапсырмасымен бұл сала­да жүйелі реформалар жүргізілді. Соның арқасында құрғақ есепке құрылған бұрынғы бюрократиялық әдістен арылып, ең алдымен жас ұрпақтың келешегін ойлайтын жаңа тәсілге көштік.
Бала қамы басты назарда
130
оқылды

Мемлекет басшысы елдің ертеңі білім са­ласына тәуелді екенін бірнеше рет ес­керт­кен. Сондықтан балалардың жан-жақ­ты дамуына жағдай жасалуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жол­дауын­да үш ауысымды және апатты мек­теп­тер мәселесін шешуді, қала мен ауыл мек­тептері арасындағы алшақтықты жою­ды тапсырды. Сондай-ақ Үкіметке бас­тауыш сынып оқушыларын тегін ыстық та­мақпен қамтамасыз етуді жүктелді. Заң­сыз активтерді қайтарудан түскен қар­жыны білім саласына жұмсау арқылы әлеу­меттік теңсіздікті қысқарту мін­дет­телді. Президент тапсырмалары жерде қал­­май, нақты заңдарға, ұлттық жобаларға ұлас­ты. 2019-2020 жылдары «Педагог мәр­тебесі туралы» заң қабылданды. Осы ке­зеңде мектептегі орын тапшылығын жою жос­пары дайындалды. 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланып, саланың дамуына даңғыл жол ашылды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен «Ке­лешек мектептері» жобасы жүзеге асы­рыла бастады. 2023 жылы Білім беру ин-ф­ра­құрылымын қолдау қоры құрылды. Ал 2024-2026 жылдары «Бір бала – бір ваучер» қа­ғидатына негізделген тиімді қаржы­лан­дыру тетігі енгізілді.

Жаңа мектеп – жайлы орта

2019-2026 жылдары Қазақстанның бі­лім жүйесіндегі ең басты міндеттің бірі мек­теп инфрақұрылымын түбегейлі жаңарту болды. Кейінгі жеті жыл ішінде 1,1 миллион оқушыға арналған 1 342 мек­теп салынды. Қарқынды құрылыс нәти­же­сінде үш ауысымды мектептер саны 5 есе, апатты мектептер саны 2 есе азайды. Жал­пы білім беру жүйесінде орын тап­шы­лығы 4 есе төмендеді. Бұл жұмыстарға ме­млекет қаржысы да, ірі бизнестің ин­вестициясы да тартылды.

Атап айтсақ, «Келешек мектептері» жо­басы аясында 460 мың оқушыға шақ­­талған 217 мектеп бой көтерді. Оның 84-і ауылда салынды. Жобаның арқасында үш ауы­сымды 54 мектептің, апатты жағ­дай­дағы 12 мектептің мәселесі шешімін тап­ты, 100-ден астам білім ошағында орын же­тіспеушілігі едәуір жеңілдеді.

Жемқорлардан қайтарылған қаржы есе­бінен 100 мыңдай оқушыға бағдар­лан­ған 90 мектептің құрылысы қолға алынды. Қазір осы 90 нысанның 83-і пайдалануға бе­рілсе, 7 мектепті жыл соңына дейін са­лып бітіру жоспарланған.

Әрине, 2019-2026 жылдары салынған мек­тептердің сапасы бұрынғы ғимарат­тар­дан әлдеқайда артық. Жаңа білім ошақтары ар­наулы пән кабинеттерімен, STEM-зерт­ханалармен, робототехника сынып­та­ры­мен, спорт залдарымен, шығармашылық алаң­дарымен түгел жабдықталған. Барлық жаңа мектепте ерекше қажеттілігі бар ба­лаларға пандустар мен лифтілер орна­тыл­ған, санитарлық тораптар бейімделген. Ба­лалардың қауіпсіздігін сақтау үшін цифрлық бейнебақылау, турникеттер, да­был батырмалары қойылып, заманауи ше­шімдер қолданылған.

Үйірме – үлкен мүмкіндік

Аталмыш реформалардың нәтижесінде қазір 3,5 миллион бала, яғни Қазақстандағы мектеп оқушыларының 90%-ы қосымша біліммен қамтылды. Үйірмелер желісі екі есеге жуық кеңейіп, 2024 жылғы 1 713-тен 2026 жылы 2 896-ға жетті. Соңғы үш жылда 26 мыңға жуық орынға шақталған 48 жаңа ны­сан пайдалануға берілді. Бұл орталықтар жас ұрпақтың спортпен, музыкамен, бей­нелеу өнерімен, робототехникамен жә­не IT-мен еркін шұғылдануына қажет. Жуыр­да Президент тапсырмасымен 100-ден аса оқушылар сарайы, 50-ге жуық балаларды сауықтыру орталығы ашылмақ.

Әлеуметтік әділдік қағидаты әсте ұмы­тылған жоқ. Бүгінде 2,2 миллион оқушы спорт секцияларына, шығармашылық үйір­мелерге тегін қатысады, оның 1 мил­лионға жуығы – ауылдағы балалар. Осы орайда қосымша білімге бөлінетін қар­жы­ның ашықтығын арттыратын «Бір бала – бір ваучер» жүйесі қалыптасқан. 

Былтыр маусым айында спорт, шығар­ма­шылық және қосымша білім бағыттарын бірік­тірген ваучерлік жүйе алғаш рет пи­лот­тық режимде 6 аймақта (Астана, Шым­кент қалалары һәм Қарағанды, Ақтөбе, Аты­рау, Қызылорда облыстары) іске қо­сыл­ды. Биыл бұл қатарға тағы 5 өңір (Абай, Ақмола, Жамбыл, Павлодар, Түр­кі­стан об­лыстары) кіріп, жоба респуб­ли­каның 11 ай­мағына таралды.

Қосымша білім алу үшін 770 мыңнан астам бала дербес ваучерге ие болды. Мем­ле­кеттік тапсырысты жырымдамай, ақ­ша­ны тікелей балаға беру жүйесі бюджет қар­жысын жылыстату фактілеріне тос­қауыл қойды. Цифрлық құралдардың кө­ме­гімен 38 мың заңбұзушылық анықта­лып, 2,9 миллиард теңге үнемделді.

Тегін ас – теңдік кепілі

Кейінгі жеті жылда оқушыларды те­гін ыстық тамақпен қамтамасыз ету сая­са­тының ауқымы кеңейіп, қамтылған ба­ла­лар саны 3,5 еседей көбейді. 2019 жы­лы ақысыз ас-су 495,1 мың оқушыға бұйыр­са, 2021 жылы бұл көрсеткіш 799 мың­ға таяды. Биыл тегін ыстық тамақ іше­тін оқушылар саны 1,7 миллионнан ас­ты. Қаржыландыру көлемі де бұрын-соң­ды болмаған деңгейге жетті: 2019 жылы мек­тептегі тамақтандыруды ұйым­дас­тыру­ға 14,9 миллиард теңге бөлінсе, 2021 жы­лы 31,8 миллиард теңге бөлінген. Ал 2026 жылы осы мақсаттағы қаржы көлемі 210 миллиард теңгені құрап, 2019 жылмен са­лыстырғанда 14 еседей ұлғайды. Бұл қара­жат оқушыларды тегін тамақ­тан­дыру­мен ғана шектелмей, асханалардың са­ни­тар­лық-гигиеналық жағдайын, ас мә­зі­рі­нің сапасын бақылауға да бағытталды.

Бүгінгі қамқорлық – ертеңгі даму

«2019-2026 жылдары жүзеге асқан өз­геріс­тер адам капиталын даусыз дамы­та­ды», – дейді сарапшылар. Дүниежүзілік банк пен ЮНИСЕФ-тің теориялары бойын­ша ерте жастан дұрыс тамақтану әрі жай­лы ортада оқу баланың зейінін ашып, ког­нитивті қабілетін жақсартады екен. Қа­зақстандағы реформалар ЭЫДҰ-ның озық тәжірибесіне толық сай келеді. Ма­мандар әсіресе қайтарылған активтерді мек­теп құрылысына жұмсау жұмыстарын үлгі тұтарлық әрекет деп бағалайды. ЮНИСЕФ зерттеулеріне сүйенсек, мек­тептегі тамақ­тандыру жүйесіне салынған әр­бір 1 доллар ұзақмерзімді перспективада эконо­микаға 7-ден 9 долларға дейін жана­ма пайда әке­летін көрінеді. Қысқасы, Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын­дағы стратегиялық саясаты нақ­ты нәти­же­сін беріп жатыр.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ