Alphabet акциялары бір күнде 13%-ға құлдырап, нарықтық құны 500 миллиард долларға азайды. Инвесторларды ЖИ-ге жұмсалған орасан қаржы мен Google-дың негізгі табыс көзі – іздеу жүйесіндегі жарнама бизнесінің болашағы алаңдата бастады.
Бір күнде 500 миллиард доллар жоғалтқан Google:  іздеу дәуірі аяқталды ма?
Сундар Пичаи жаңа Gemini модельдері Google-дың бағдарламалау және киберқауіпсіздік салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейтетініне сенеді. Фото bbc.com сайтынан алынды
127
оқылды

Financial Times материалы бойынша Aikyn.kz Google-дың қаржылық қиындықтарының себептерін, ЖИ-дің дәстүрлі интернеттегі іздеу жүйесіне ықпалын бағалайды.

29 қазанда Alphabet акцияларының 13%-ға арзандауы Wall Street тарихындағы ең ірі құлдыраудың біріне айналды. Компанияның нарықтық құны бірден 500 млрд долларға кеміді. Бірақ бұны компанияның банктегі есепшотынан 500 млрд доллар жоғалды деп түсінбеу керек. Әңгіме инвесторлардың Alphabet акцияларын төмен бағалауынан туындаған нарықтық құнның қысқаруы туралы болып отыр.

Компанияның 2026 жылдың ІІІ оқсанындағы табысы 25%-ға өсіп, 128 млрд долларға жетті. Бұл сарапшылар күткендей болмады. Таза пайда бір жыл бұрынғыдан 25%-ға азайып, 26 млрд долларды құраған. Осының салдарынан технологиялық компаниялардың акцияларына қысым күшейіп, Nasdaq индексі де төмендеді.

Инвесторларды алаңдатқан басты мәселе – Google-дың дәстүрлі іздеу жүйесіндегі жарнамалық табысының баяулауы. ІІІ тоқсанда іздеу қызметінің кірісі 12%-ға өсіп, 63,4 млрд долларға жеткенімен, сарапшылар күткен 64,9 млрд доллардан төмен болды. Оның үстіне, жыл басында бұл бизнестің өсімі 20%-ға жуықтаған еді.

Google-дың коммерциялық директоры Филипп Шиндлер жасанды интеллект режиміндегі сұраулар дәстүрлі іздеу қызметінің жарнамалық кірісіне кері әсер еткенін мойындады.

Бұрын біз интернеттегі ақпаратты Google-дан іздесек, алдымыздан әртүрлі сайттарға, дереккөздерге сілтемелер тізімі шығатын. Біз сол сайттарға өтіп, жарнамаларды көретінбіз. Ал жаңа AI Mode режимі қажетті ақпаратты тікелей жауап түрінде ұсынады. Нәтижесінде, пайдаланушының басқа сайттарға өту қажеттілігі азайды. Демек, Google өзі дамытып жатқан ЖИ арқылы өзінің ондаған жыл бойы қалыптастырған табыс жүйесіне бәсекелес болып отыр.

Aptus Capital Advisors компаниясының сарапшысы Дэвид Вагнердің пікірінше, инвесторлардың негізгі алаңдаушылығы да осымен байланысты. ЖИ чат-боттары Google-дың басты бизнесіне қауіп төндіріп тұрған шақта компания іздеу жарнамасының өсуін сақтай алмауда.

Бұл тек Google-ға қатысты мәселе емес. Ақпарат іздеудің жаңа тәсілі интернет-басылымдардың, жаңалық сайттарының және жарнамадан табыс табатын басқа да кәсіпорындардың қаржылық болашағына әсер ете бастады.

Alphabet технологиялық жарыста көшбасшылықты сақтап қалу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде қаржы жұмсауда. ІІІ тоқсанда компанияның күрделі шығындары 51,3 млрд долларға жеткен. Ал еркін ақша ағыны минус 9,1 млрд доллар болды. Бұл – Google 2004 жылы биржаға шыққаннан бергі еркін ақша ағыны теріс мәнге түскен сирек кезеңдердің бірі.Alphabet биылғы күрделі шығындарының 205 млрд долларға жететінін болжаған. Бұған қоса, компанияның жабдықтар, электр энергиясы, деректер орталықтары және басқа инфрақұрылымдық қажеттіліктері бойынша міндеттемелері 1 трлн доллардан асады. Инвесторлар үшін негізгі сұрақ қарапайым. Осы орасан инвестиция қашан нақты пайда әкеле бастайды?

Салыстыру үшін бір мысал. Microsoft компаниясы да ЖИ инфрақұрылымына миллиардтаған доллар жұмсауда. Алайда оның Azure бұлтты қызметінің қарқынды дамуы арқасында еркін ақша ағыны 18,6 млрд доллар болған. SLC Management өкілі Дек Малларкидің айтуынша, нарық қазір технологиялық компаниялардың жұмсаған қаражаты мен қолында қалатын ақшасының арақатынасын мұқият бағалай бастаған.

Біз Alphabet-тің барлық бағыты қиындыққа тап болды деп айта алмаймыз. Google Cloud бұлтты қызметінің табысы бір жылда 2 еседен астам өсіп, 30,7 млрд долларға жетті. Бұған ЖИ қызметтеріне, есептеу қуаттарына және корпоративтік технологияларға сұраныстың артуы көмектесті.

Компания басшысы Сундар Пичаи Gemini модельдерінің жаңа буыны Google-дың бағдарламалау, қаржы және киберқауіпсіздік салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, бәсекедегі орнын күшейтеді деп сенеді. 

Бүгін Google-дың алдында күрделі таңдау тұр. Бір жағынан, ЖИ-ге инвестицияны қысқарту оның OpenAI, Anthropic және Microsoft секілді бәсекелестерінен кейін қалуына әкеледі. Екінші жағынан, шексіз шығынға жол беру акционерлер сенімін әлсіретеді.

Alphabet акцияларының 500 млрд долларлық құлдырауы бір компанияның ғана мәселесі емес. Бұл – ЖИ дәуірінде технологиялық жаңалықтың өзі жеткіліксіз екенін, оның экономикалық тиімділігін де ескеру қажеттігін көрсететін сигнал.

Ендігі басты сауал – Google ЖИ арқылы жаңа табыс көзін жасай ала ма, әлде өзі жасаған технология дәстүрлі бизнесінің іргесін шайқалта ма?