Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Таразда бокстан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Биылғы ел біріншілігі 30 қазанда басталып, 1 аптаға жалғасты.
Тартысты бокс та тәмам
135
оқылды

Айта кетерлігі, дүбірлі дода Әулиеата жерінде 12 жылдан кейін қайта ұйымдастырылып отыр. Спорттық сынға 337 (223 ер, 124 әйел) спортшы қатысып, 20 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты. Олардың тоғызы, яғни ерлер арасында 5 боксшы және әйелдер арасында 4 спортшы мансабында алғаш рет ел чемпионы атанды. Таразда өткен тартыстың басты жаңалығы да осында: бокс әлемі жас чемпиондармен толыға түсті.

4 жылдан кейінгі жеңіс

Расымен де, биылғы чемпионат нағыз сенсацияларға толы болды. Мәселен, 65 келі салмақтағы спортшы Абзал Серік финалдық бәсекеде Париж Олим­­­­пиадасының қаты­сушысы Мұхам­­­медсабыр Базар­­байұлынан 5:0 есебімен басым түсті. Бұған дейін ол допинг дауына іліккен еді. 2023 жылы Серік Қа­зақстанның Ұлттық допингке қарсы орталығы дисквалифи­кациялаған спорт­шылардың тізі­міне енді. Оның допинг-сы­намасынан тыйым са­лынған анаболикалық стероид – метастерон анықталды. Боксшы араға 4 жылға жуық уақыт салып, шаршы алаңға қайта оралып отыр. Дегенмен жанкүйерлері оның жеңіске жететініне сенім артты, Серік өз еңбегін дәлелдеп шықты.

Жаттықтырушысы Ілияс Оралбеков шәкіртінің осы уақытта спорттан қол үзбей, тыңғылықты дайындықта жүргенін айтып, қуанышын жеткізді. «Қандай эмоция! Қаншама еңбек! Жігіт төрт жыл бойы мақсатына ұмтылды, аянбай еңбек етті, тіпті такси де жүргізді. Бірақ ақыры мақсатына жетті. Құдайға шүкір», – деген еді жаттықтырушы. 

Боксшы 2019 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы және 2021 жылы жастар арасындағы Азия чемпионы атанған, енді Қазақстанның 4 дүркін чемпионы болып отыр. 

Ең жас чемпион

Ел біріншілігінің тағы бір жаңалығы – 18 жасар боксшының чемпион атануы. Жетісу облысының  намысын қорғаған 60 келідегі Әділбек Қожахан финалда Бибарыс Жексенді 5:0 есебімен жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды. Ол бәсекенің барлық кезеңінде қарсыластарын шаң қаптырып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жас боксшы жартылай финалда әлем және Азия чемпионы Оразбек Асылқұловты да жарыс жолынан шығарды. Осылайша, Әділбек Қожахан 18 жасында чемпион атанып, ерлер арасындағы ең жас чемпион ретінде ел есінде қалды. Сонымен қатар бокстағы жаңа есімдердің қатарында көрінген шымкенттік Бексұлтан Қожамжар да бар. 55 келіде өнер көрсеткен спортшы ақтық сайысқа дейін қарсыластарынан есе жібермеді. Ол жартылай финалда Тимур Қабдешовке еш мүмкіндік бермей, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бокс мамандары Бексұлтаннан да үлкен үміт күтіп отыр, себебі оның да жасы небәрі он сегізде және аяқ алысы жаман емес. 

Ал 75 келіде алматылық Нұрбек Мұрсал чем­пион атанды. Ол шешуші кездесуде Түркістан облысының намысын қорғаған Аман Қонысбековті жеңді. Бұл салмақта әлем чемпионатының фи­налисі Әбілхан Аманқұл қола жүлдемен ғана шектелді. 80 келіде жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар-Әли Бегалиев осы атақтың тағы бір иегері Өнер Сейілханды жеңіп, алтын жүлдені қанжығасына байлады. 

Ауыр салмақтарда да бәсеке тартысты өтті. 90 келіде ақтөбелік Дәулет Төлемісов Сағындық Тоғамбайдан басым түссе, 90 келіден жоғары салмақта алматылық Данияр Рахымбердинов алтын медаль жеңіп алды. Дәулет Төлемісов былтыр 85 келідегі санатта топ жарса, биыл 90 келіде өнер көрсетіп, алтынға ие болды.

Қыздар да сенсация жасады

Әйелдер арасындағы қорытынды жекпе-жектің де маңызды жаңалығы жоқ емес. Жарыс жолының бас сенсациясы әйелдер арасында 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тіркелді. Әлемнің үш дүркін чемпионы Назым Қызайбай бұл жолы Шымкент боксшысы Элина Базароваға есе жіберіп, күміс жүлдені місе тұтты. Жақында Назым Қызайбай 51 келіден 54 келі салмақ дәрежесіне ауысқан еді. Осы санатта бірнеше әлемдік жарыста бақ сынап та үлгерді. Ол Жа­понияда өткен Азия ойындарының 1/8 финалында қытайлық Чжао Сюаньмен кездесіп,  4:1 есебімен жеңіліп қалған еді. Сонымен қатар биыл Қытайдағы Әлем кубогының алтын жүлдесіне ие болды. 

Ал 57 келіде жастар арасындағы әлем чемпионы Ұлжан Сәрсенбек Шахназ Исаевадан басым түсіп, Қазақстан чемпионы атанды. 65 келіде Қарағанды облысының боксшысы Аида Әбікеева да алтын медаль иеленді. Биыл Әлем чемпиона­тының финалистері Виктория Графеева мен Елдана Талипова спорттық мансабында алғаш рет Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді.

Қостанай облысының спортшысы 80 келіде өнер көрсеткен Надежда Рябец үшінші жыл қата­ры­­нан чемпион атанып отыр. Ол финалда U19 са­натындағы әлем чемпионатының қа­тысушысы Ай­дана Убайдуллақызын жекпе-жексіз жеңіске жетті.

Жарыс қорытындысына көңіл аударсақ, Алматы қаласының боксшылары бес алтын медаль жеңіп алды. Шымкент қаласы мен Қарағанды облысының спорт­шылары үш реттен чемпион атанса, Түркістан облысының өкілдері екі алтынға ие болды. Жамбыл, Қы­зылорда, Жетісу, Астана, Ақтөбе және Қостанай облыстары мен қа­лаларының спортшылары да чем­пион­дық атаққа қол жеткізді. Осы­лайша, Тараздағы Қазақстан чем­пионатында 20 алтын, 20 күміс және 40 қола медаль иегері анықталды.

Жалпы, ел чемпионатын өткі­зудегі негізгі мақсат – бокстағы кіл мықтыларды анықтаумен қатар, Ұлт­тық құрамаға кіретін боксшы­лардың тізімін анықтау. Жеңіске жетіп, алғашқы төрттіктен көрінген боксшылар енді  Ұлттық құрама сапына алынады, арнайы дайындық­тарға қатысып, әлемдік бәсекелерде бақ сынауға мүмкіндік алады. Жас чемпиондарды алда бірнеше басты бәсеке күтіп тұр. Мәселен, келер жылы Астанада өтетін World Boxing әлем чемпионаты мен 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындықтар қолға алынып жатыр.

Айсұлу СЪЕЗХАН