Тасжолдағы велоспорттан Қазақстан құрамасының өкілі Әнел Тәшбай Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Отандасымыз жекелей уақытқа жарыста алтын медаль жеңіп алды. Ол қашықтықты 11 минут 32.57 секундта жүріп өтті.
Екінші орын Каролина Гайдуковаға (Словакия) бұйырды - 11:37.62. Ал ресейлік Ангелина Новолодская үздік үштікті түйіндеді - 11:43.65.
Айта кетейік, осымен Қазақстан құрамасының қоржынында үш медаль бар. Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева алтын алса, триатлоншы Рамазан Әйнегов қола медальға ие болған еді.
