Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында ішкі істер органдарының ардагерлері күніне арналған іс-шара өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов, Бас қолбасшылықтың офицерлері және құқықтық тәртіп әскері ардагерлер қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында ардагерлерді қолдау, дәстүрлерді сақтау — құқықтық тәртіп әскері қызметінің маңызды бағыты болып қала беретіні атап өтілді. Әскери қызметшілердің ардагерлер ұйымдарымен өзара ықпалдастығына, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеуге тәжірибелі тәлімгерлерді тартуға ерекше назар аударылады.

Отставкадағы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев ардагерлер атынан Бас қолбасшылыққа ардагерлер қызметіне көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
- Баршаңызды Ішкі істер органдарының ардагерлері күнімен құттықтаймын! Бас қолбасшылыққа біздің проблемаларымызға ерекше назар аударғаны және бізді қолдағаны үшін алғыс айтамын. Бұл ұрпақтардың нақты сабақтастығын көрсетеді. Біз өз тарапымыздан саптағы әскери қызметшілердің ардагерлер ұйымдарымен жергілікті жерлерде тығыз қарым - қатынас жасауына бар күшімізді саламыз, - деді ол.
Шара аясында ардагерлерді марапаттау рәсімі өтті. Ұлттық ұланның өміріне белсенді қатысқаны үшін оларға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің атынан алғыс хаттар табысталды.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрі генерал-лейтенант Ержан Сәденовтің қатысуымен қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкерлерінің құрметіне монументке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесі құрамы 5000 адамнан асады. Ардагерлер құқықтық тәртіп әскерінің өміріне белсенді қатысуды жалғастыруда: тұрақты түрде жас сарбаздармен кездесулер өткізеді, патриотизм сабақтарын ұйымдастырады, қызмет туралы естеліктерімен бөліседі және қызмет жылдарында жинақталған тәжірибені жеткізеді.
