Астанада пәтерді жалға беремін деп 13 адамды алдаған 37 жастағы әйелге сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол интернетке жалған хабарландырулар жариялап, баспана іздеген азаматтардан 2,1 миллион теңгеден астам ақша алған.
Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, әйел өзін пәтер иесі ретінде таныстырып, танымал хабарландыру сайтына Қазақстанның бірнеше қаласындағы тұрғын үйлерді жалға беру туралы ақпарат орналастырған. Баспананы жалдағысы келген адамдармен байланысқа шығып, олардан алдын ала төлем немесе кепілақы аударуды сұраған. Ақша қолына тиген соң, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Осылайша, қысқа уақыт ішінде 13 адам алаяқтың құрбаны болған. Олардың жалпы шығыны 2,1 миллион теңгеден асқан.
Сот әйелді бірнеше рет, екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ оның кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жазаны өтеу үш жылға кейінге қалдырылды. Сонымен қатар сот жәбірленушілердің келтірілген шығынды өндіріп алу туралы талаптарын толық қанағаттандырды.
Прокуратура тұрғындарға пәтер жалдау кезінде сақ болуды ескертті. Әсіресе баспананы көрмей тұрып, бейтаныс адамның шотына ақша аудармауға кеңес береді. Пәтер иесінің жеке басын, тұрғын үйге меншік құқығын растайтын құжаттарды тексеріп, жалдау шартын рәсімдеген жөн. Өйткені интернеттегі хабарландыруда көрсетілген пәтердің шынымен бар болуы оны жариялаған адамның сол баспанаға иелік ететінін білдірмейді.
