Биыл 15 қараша күні Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының құрылғанына 35 жыл толады.
Театрдың 35 жылдық мерейтойына арналған бағдарлама аясында 15 қараша күні сағат 10.00-де ҚР Ұлттық кітапханасында конференция және «Ұлттық театр» кітабы мен театрдың шығармашылық құрамының өмір жолына арналған кітапшалардың тұсаукесері өтеді.
Мерейтойлық бағдарлама Қалибек Қуанышабев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында жалғасады. Сағат 12.00-де Жақып Омаров атындағы кіші сахнаның ашылуы және театрдың негізін қалаушы режиссердің жеке автопортретінің тұсаукесері ұйымдастырылып, 12.30-да театрдың аға буын актерлерінің портрет галереясының тұсаукесерімен жалғасады.
16.00-де театр фойесінде актерлердің Қызыл кілем салтанатты шеруі, 17.00-де үлкен сахнада көрермен назарына мерейтойлық шығармашылық кеш ұсынылады.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 35 жылдық мерейтойы – театр тарихындағы айтулы белес, ұжымның бірнеше буын өкілдерінің шығармашылық жолын ұлықтайтын маңызды мәдени оқиға.

ҚАЛЛЕКИ ТЕАТРЫНЫҢ ТАРИХЫ
1991 жылғы 15 қарашада театр шымылдығы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. Алғашқы қойылымды театрдың негізін қалаушы, дарынды режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Д.Попов атындағы алтын медальдің иегері Жақып Омарұлы сахналады.
Елордадағы қазақ театр өнерінің қалыптасуы мен өркендеуіне бар ғұмырын арнаған Жақып Омарұлы ең алдымен шығармашылық ұжымның негізін қалады. Театрдың алғашқы труппасына еліміздің белгілі сахна шеберлері мен талантты актерлер жиналып, жас ұжымның кәсіби бағыт-бағдарын айқындады.
1993 жылы театрға қазақ сахна өнерінің саңлағы Қалибек Қуанышбаевтың есімі берілді. Ал 1996 жылы театр Уфа қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің халықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде алғашқы жүлдесін иеленді. Ш.Хұсайыновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясы фестиваль лауреаты атанды.
Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған киелі шаңыраққа дарынды өнер қайраткерлері:
– 1991-1996 жылдары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,
Д.Попов атындағы алтын медальдің иегері Жақып Омаров;
– 1996-1998 жылдары Қазақстанның Халық артисі Қадыр Жетпісбаев;
– 1999-2009 жылдары Кеңес Одағының Халық артисі, «Халық Қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік етті.
2011 жылғы 14 желтоқсанда театр ұжымына «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесі берілді. 2020 жылы елорданың мәдени кеңістігін толықтырған жаңа театр ғимараты пайдалануға берілді.
2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен театрға «Ұлттық» мәртебесі берілді.
Бүгінде Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры – елорда мәдениетінің ғана емес, қазақ театр өнерінің маңызды рухани орталықтарының біріне айналған шығармашылық ұжым. Театр ұжымы республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде өнер көрсетіп, қазақ сахна өнерін алыс-жақын шетелдерге танытып келеді.
Театр репертуарында ұлттық және әлемдік драматургияның классикалық туындылары, заманауи қойылымдар мен музыкалық спектакльдер кеңінен ұсынылады. М.Әуезовтің «Абай», «Айман-Шолпан», «Қарагөз», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», «Қызыл орамалды шынарым», С.Тұрғынбекұлының «Шәмші», У.Шекспирдің «Отелло», «Ромео мен Джульетта», А.Чеховтің «Шие», Г.Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», Т.Әсемқұловтың «Құнанбай», Р.Мұқанованың «Бопай ханым», Д.Рамазанның «Жошы хан», Т.Әбдіктің «Парасат майданы», Ә.Кекілбаевтың «Күй», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және өзге де спектакльдер елорданың мәдени өміріне серпін беріп келеді. Музыкалық қойылымдар театрдың симфониялық оркестрі мен халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өтеді.
Шығармашылық ұжым ұлттық өнер дәстүрін сақтай отырып, театр кеңістігін жаңа ізденістермен және заманауи көркемдік шешімдермен толықтыруды жалғастыруда.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 35 жылдық мерейтойына арналған бағдарлама

