Қазақстан халықаралық технологиялық кеңістіктегі орнын нығайтып келеді. Қазақ тілі алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі – Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) жасанды интеллект негізіндегі автоматтандырылған аударма жүйесіне енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған айтулы оқиға 9-10 қарашада ДЗМҰ штаб-пәтерінде өткен Зияткерлік меншік және жасанды интеллект жөніндегі алғашқы жаһандық форум (Global Forum on IP and AI) аясында жүзеге асты. Форумға Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев төрағалық етті.
Форумды ДЗМҰ Бас директоры Дарен Танг ашты. Жоғары деңгейдегі талқылауларға министрлер, мемлекеттік органдардың басшылары, жетекші халықаралық сарапшылар және технологиялық компаниялардың өкілдері қатысуда.
ДЗМҰ іс-шараларының тарихында алғаш рет қазақ тілі WIPO Speech-to-Text жасанды интеллект негізіндегі эксперименттік субтитрлеу жүйесінде қолжетімді 20 тілдің қатарына енді. Енді қазақстандық ғалымдар, өнертапқыштар, мамандар мен мемлекеттік органдардың өкілдері жаһандық талқылауларды нақты уақыт режимінде қазақ тілінде қадағалай алады.
Бұл оқиғаның маңыздылығы Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануымен де ерекше мәнге ие. Қазақ тілінің ДЗМҰ-ның цифрлық сервистеріне енгізілуі мемлекеттік тілді халықаралық деңгейде ілгерілету бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі болып саналады.
Қазақ тілі жаһандық цифрлық кеңістікте жаңа деңгейге көтерілуде. Қазақстан жасанды интеллект саласындағы халықаралық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысып қана қоймай, еліміздің және мемлекеттік тіліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі мәртебесін нығайтатын нақты нәтижелерге қол жеткізуде.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
