Сәтбаев университетінде білім алып жүрген шетелдік студенттер ғылымның қоғам дамуына қосар үлесін талқылап, болашақта жүзеге асырғысы келетін ғылыми бастамалары мен мақсаттарын ортаға салды.
Алматыда 35 елден келген студенттер адамзаттың ортақ мәселесін шешетін идея ұсынды
94
оқылды

Дүниежүзілік бейбітшілік пен даму жолындағы ғылым күніне орай Сәтбаев университетінде ерекше бастама өтті. Әлемнің түрлі елінен келген студенттер оқуын аяқтағаннан кейін қандай жаһандық мәселелердің шешілуіне үлес қосқысы келетінін айтып, өз мақсаттары мен идеяларын арнайы карточкаларға жазып, символдық «Білім ағашына» ілді.

Студенттердің ғылыми ізденістерге деген қызығушылығын арттыру және болашақ зерттеу бағыттарын айқындау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара аясында олар университеттің заманауи зертханалары орналасқан SU Labs Street кеңістігімен танысты. Экскурсия барысында білім алушылар ғылыми-зерттеулердің жүргізілу барысын, жаңа технологиялардың жасалу кезеңдерін және экономиканың түрлі салаларына арналған инженерлік шешімдердің әзірлену ерекшеліктерін көрді.

Зертханалардағы тәжірибелік жұмыстар мен ғылыми жобалар студенттерге ғылымның күнделікті өмірмен тығыз байланысын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

«Бүгін мен ғылыми идеялардың нақты технологияларға қалай айналатынын өз көзіммен көрдім. Әсіресе, зертханаларда құрылыс конструкцияларын сынау, экологиялық тұрғыдан тиімді шешімдер әзірлеу және жаңа бұйымдардың алғашқы үлгілерін жасау жұмыстары ерекше әсер қалдырды. Бұл экскурсия менің де ғылыми-зерттеулерге деген қызығушылығымды арттырды. Болашақта адамдардың қауіпсіз әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілуіне өз үлесімді қосқым келеді», – деді Сәтбаев университеті Сәулет және құрылыс институтының 4-курс студенті Монира Ясмин.

Университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысу білім алушыларға заманауи ғылымның мүмкіндіктерін бағамдап қана қоймай, өздерінің ғылыми жобаларға қатысу перспективаларын да айқындауға жол ашты. Олар теориялық білімнің тәжірибеде қалай қолданылатынын және қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуде инженерлер мен зерттеушілердің рөлі қаншалықты маңызды екенін түсінді.

Іс-шара барысында Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев жас зерттеушілерге ғылымдағы бастамашылдық пен ізденістің маңызын атап өтіп, жастарды жаңа идеялар ұсынудан және батыл қадам жасаудан қорықпауға шақырды.

«Ғылым ең алдымен тың идеялар, білуге деген құштарлық және өмірді жақсартуға деген ұмтылыс. Сұрақ қоюдан, өзгеше шешімдер ұсынудан қорықпаңыздар. Бәлкім, бірнеше жылдан кейін өздеріңіз ғылыми жобаларға жетекшілік етіп, әзірлеген технологияларыңызды халықаралық деңгейде таныстыратын боларсыздар», – деді ректор.

Бүгінде Сәтбаев университетінде әлемнің 35 елінен келген студенттер білім алып жүр. Бұл университеттің халықаралық білім кеңістігіндегі орнын нығайтып қана қоймай, түрлі мәдениет пен ғылыми көзқарастардың тоғысуына мүмкіндік беретін орта.

Айта кетейік, ЮНЕСКО бастамасымен жыл сайын 10 қарашада Дүниежүзілік бейбітшілік пен даму жолындағы ғылым күні атап өтіледі. 2026 жылдың тақырыбы – «Ғылыми дипломатия арқылы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту».

Аталған тақырып ғылымның тек жаңалық ашу мен технология жасаудың құралы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттер мен халықтарды жақындастыратын маңызды күш екенін көрсетеді. Өйткені климаттың өзгеруі, экологиялық қауіпсіздік, азық-түлік пен су ресурстары, тұрақты даму және басқа да жаһандық мәселелер бір елдің ғана емес, бүкіл адамзаттың бірлескен әрекетін талап етеді.

Алматыда білім алып жүрген жас мамандардың бастамалары да осы ортақ мақсатпен үндеседі. Олардың бүгінгі идеялары ертеңгі ғылыми жобаларға, ал ізденістері адамзат өмірін жақсартуға бағытталған нақты шешімдерге айналуы мүмкін.