Депутаттар Жоғары аудиторлық палата Төрағасының Ғылымды дамыту саласындағы мемлекеттік аудит қорытындылары туралы есебін тыңдады. Оның қорытындысы бойынша, Үкіметке Жоғары аудиторлық палата мен депутаттық корпустың бірқатар нақты ұсынымдары шығарылды.
Талқылауды қорытындылай келе, Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бүгінде ғылым қосалқы сала ретінде емес, елдің болашағына, экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал ететін стратегиялық ресурс ретінде қарастырылатынын айтты. Спикер атап өткендей, бұл Президенттің жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауында да көрініс тапты, сондай-ақ нақты цифрлар да осыны айғақтап отыр.
– Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру екі еседен астам артты. Ғылыми-зерттеулер және әзірлемелермен шұғылданатын мамандар саны үштен бірге көбейді. Ғылыми қоғамдастықтың жартысына жуығын жас ғалымдар құрайды. Дегенмен ғылымның практикалық қайтарымы, нәтижелілігі мен коммерциялануы мемлекет үшін өзекті күйінде қалып отыр, – деді Құрылтай Спикері.
Ол сондай-ақ талқылау кезінде депутаттар белгілеген бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, ғылыми саланы басқару ғылыми жобаларды сүйемелдеуге қатысты барлық процесті – ұсынымдарды дайындаудан бастап, түпкілікті нәтижелерді енгізуге дейін цифрландыруды талап ететінін жеткізді. Сонымен қатар ғылыми-техникалық тапсырмаларды тұжырымдау экономика мен бизнестің нақты сұраныстары мен қажеттіліктерін ескеруге тиістігін айтты. Депутаттардың пікірінше, осыған байланысты, бірлескен қызметтің нақты нәтижесіне бағытталған ынталандырушы тетіктерді жетілдіру қажет.
Құрылтай Спикері атап өткендей, ғылыми қызметтің нәтижелілігіне жүргізілген мониторинг оның адамдардың өмір сүру сапасына тигізетін әсерін бағалауға тиіс. Ғылыми әзірлеменің өмірлік циклін және оның экономикаға тигізетін нақты әсерін қадағалап отыру маңызды. Бұл ретте технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнімдерді экспорттау да ескеріледі. Ал мониторингтің басты өлшемі – ғылыми әзірлемелердің азаматтарымыздың өмір сапасын нақты қалай жақсартатыны болуы тиіс.
Талқылау қорытындысы бойынша, депутаттардың барлық ұсынымдары Үкіметке жіберілетін болады.
