Алматыда толассыз жауған жаңбыр салдарынан «Алатау» метро стансасының кіреберісін су басты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желіде тарады.
11 қараша күні таңертең Абай даңғылы мен Жароков көшесінің қиылысында көп мөлшерде су жиналған. Әлеуметтік желіде жарияланған кадрлардан жаңбыр суының жерасты өткеліне апаратын баспалдаққа қарай аққанын көруге болады. Тұрғындар жаяу жүргіншілер жолын да су басып, қозғалыс қиындағанын айтып шағымданды.
Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Мекеме мәліметінше, нөсер салдарынан қалалық су бұру желісі толып, Абай даңғылынан төмен орналасқан «Алатау» стансасының солтүстік жаяу жүргіншілер өткелін су басқан.
Қазір мамандар жиналған суды сорып, өткелді тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Метрополитен өкілдері стансаның қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, пойыз қозғалысы мен жолаушыларға қызмет көрсетуге шектеу қойылмағанын мәлімдеді. Өзге метро стансаларында мұндай жағдай тіркелмеген.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 11 қараша сағат 10:00-дегі жағдай бойынша, қалада 23 миллиметр, Медеу ауданында 26 миллиметр, ал Каменск үстіртінде 36 миллиметр жауын-шашын түскен. Нөсердің салдарын жоюға 85 жедел бригада, 415 техника мен 97 су сорғыш жұмылдырылды.
Синоптиктер 11 қарашада қалада жауын-шашын жалғасуы мүмкін екенін ескертті.
