Алматы облысында арнайы мектеп-интернаттың директоры, оның орынбасары және бас есепшісі бюджеттен 5,8 миллион теңге жымқырғаны үшін сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қарасай аудандық прокуратурасының тексеруі барысында облыстық білім басқармасына қарасты №3 арнайы мектеп-интернатта қаржылық заңбұзушылық анықталған.
Белгілі болғандай, мекеме басшылары шын мәнінде жұмыс істемейтін адамдарды қызметкер ретінде рәсімдеп, олардың атына жалақы есептеп отырған. Осылайша, мемлекет қаржысынан 5,8 миллион теңге заңсыз алынған.
Прокуратура жинаған материалдар негізінде Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Сот мектеп-интернаттың директоры, оның орынбасары мен бас есепшісін кінәлі деп танып, әрқайсысына жаза тағайындады. Дегенмен прокуратураның жарияланған мәліметінде олардың нақты қандай жаза алғаны көрсетілмеген.
