Психолог Ержан Мырзабай қызын туған күнімен құттықтаған әкенің әрекетіне қатысты пікір білдірді, – деп жазды Aikyn.kz.
Маманның айтуынша, балаға мейірім беру мен жеке шекарасын бұзудың аражігін ажырата білу маңызды. Сондай-ақ ол ерлі-зайыптының бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді бірге талқылап, бір-бірінің әрекетін ашық айтуы керек екенін айтты.
«Қыз бала өскен сайын, әсіресе өтпелі кезеңде психологиялық, сонымен қатар физиологиялық тұрғыдан да өзгеріп, жетілетінін ескеру керек. Бала өскен сайын оның жеке шекарасыда кеңейеді. Мұны анасы да, әкесі де ұмытпауы керек. Әке ретінде қызымызды құшақтаймыз, сүйеміз. Бірақ маңдайынан сүйіп, басынан иісіпкеп, құшақтасаңыз жетеді. Бұл жерде баланың сол сәттегі реакциясы да өте маңызды. Кейде олар жеке шекарасының бұзылып жатқанын байқамауы мүмкін. Қыз балалар кейде педофилдердің әрекетіне де реакция көрсете алмай жатады. Өйткені ненің дұрыс-бұрыс екенін түсінбеуі мүмкін. Бүгін әкесі қызының ернінен сүйсе, бала оны қалыпты әрекет деп қабылдайды. Ал ертең басқа танысы, туысы, көкесі де солай сүйсе, оған да қандай реакция көрсету керегін білмеуі мүмкін», - дейді психолог.
Маман қызының ернінен сүйген адамнан бала күнінде өзіне де осындай қарым-қатынас болған-болмағанын сұрау керек екенін атап өтті.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде он екі жастағы қызын құттықтаған әкенің әрекеті қызу талқыға түсті. Көпшілік оны қызының ернінен сүйіп, жеке шекарасын бұзды деп айыптап жатыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
