Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі.
Тіл – халық қазынасы
118
оқылды

– Қадірлі қауым! Құрметті достар! Баршаңызбен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құ­рыл­тайында бас қосып отырғанымызға ризамын. Бү­гінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлт­тық маңызы бар тақырып. Қазіргі таңда дү­ние­жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз. Ең алды­мен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ор­та­ға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Сал­мақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Со­ның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда мін­детті түрде ескеру қажет.

«Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мыз­ғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құ­­­рылым. Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйым­ның Егемен ел тарихындағы орны бөлек. Кезінде көр­некті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар жә­не Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құ­рыл­ған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қа­зіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайық­ты жалғастырып келе жатыр. Бүгінде ұйым мү­шелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жо­баларды табысты жүзеге асыруда. Мен Мемлекет бас­шысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамының әр мү­шесіне шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы осы тұста заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген қыс­қа-нұсқа, мағынасы терең сөзі барын еске сал­ды. 

– Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алла­ның құдіретінің арқасында адамдарға берілген үл­кен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі же­­­­тістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бү­гінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы.

«Қазақ тілі» қоғамының бұл құрылтайы шын мә­нінде тарихи сәтте, яғни, қасиетті Тәуел­сіз­дігі­міз­дің 35 жылдығының қарсаңында өтіп жатыр. Қа­зақстан Егемендік жолының осындай айтулы ме­жесіне беделі биік, болашағы жарқын ел ретінде қа­дам басып отыр. Тәуелсіздік туын көтергелі бері хал­қымыз көптеген белесті абыроймен еңсерді. Бір­тұтас ұлт болып, мемлекеттігіміздің іргетасын қа­лады және оны нығайта түсті. Берекелі бір­лігі­міздің арқасында біз соңғы жеті жыл ішінде ау­қымды реформаларды табысты іске асырдық. Ел өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер жасап, тың бастамалар көтердік. Ең бастысы, халқымыздың темірқазығына айналған қастерлі құжат – Конституциямызды қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ЕГЕМЕНДІКТІ НЫҒАЙТУ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТ

Президент мазмұны айрықша Конституция Әділетті Қазақстанды құру ісіне заң тұрғысынан жол ашқанын жеткізді. 

– Енді Конституцияға сәйкес еліміздің Тәуелсіз­дігін, Егемендігін, кең- байтақ жеріміздің тұтасты­ғын, азаматтарымыздың заңды құқықтарын және бостандықтарын қорғау мемлекетіміздің басты, тіпті, қастерлі міндеті саналатын болды деп айтсақ, қате болмас. Баршамызға Тәуелсіздік – бәрінен қым­бат асыл дүние. Тәуелсіздік болмаса, біздің хал­қымыздың келешегі тығырыққа тірелетіні анық. Сон­дықтан Тәуелсіздікті қорғау әрі нығайту – ең қа­сиетті борыш, ең қастерлі парыз! Бірақ ашығын айтуы­мыз керек, Егемендігімізді қорғауға қатысты мәсе­ленің бәрі толығымен шешімін тапты десек, үстірт пікірге тең болар. Алдымызда ауқымды және кезек күттірмейтін, маңызды әрі күрделі міндеттер тұр. Халықаралық ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Әлемде саяси, экономикалық, идеологиялық шие­леністер ушығып тұр. Осындай алмағайып кезеңде әлем­нің болашағын болжау өте қиын екені түсінік­ті. Мұндай заманға біздің бір ғана жауабымыз бар. Бұл – бірлігімізді бекемдеп, ортақ мүддеге күш жұ­мыл­дырып, ұлттық жауапкершілігімізді терең се­зіне отырып, қасиетті Отанымыз – Қазақстан Рес­публикасына адал қызмет ету. 

Түптеп келгенде, Егемендікті нығайту – халық­тың әл-ауқатын арттыру, жаңа технологияларды жетік меңгеру, заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, өзара жанашыр, еңбекқор, жасампаз болу, табиғатты аялау деген сөз. Біз осы міндеттерді табысты орын­да­сақ, жаһан өркениетінің төрінен лайықты орын аламыз. Сондықтан Конституцияда қазіргі заман та­лабына сай білім мен ғылымды, инновацияны, адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық мін­деті ретінде бекітілді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың Бас құжатында, яғни Конституциямызда еліміздің тамыры терең тарихы мен бітім-болмысы, болашақтағы бейнесі айқындалғанын айтты. 

– Атап айтқанда, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің конституциялық мәртебесі тайға таңба басқандай жазылды. Конституция мәтінін жазуға өзім де тікелей атсалыстым. Әр сөзіне мұқият қарап, әр бабына ерекше назар аудардым. Мен үшін бұл – ең алдымен азаматтық парыз.

Мәселен, Конституцияда біз халқымыз үшін киелі «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазатын болдық. Мұның терең мәні бар. Біз осылайша әрбір ұғым-түсінікке үлкен жауапкершілікпен қарап, тұтас қоғам санасына, әсіресе өске­лең ұрпақтың бойына елдік қасиеттерді сіңіреміз. Жалпы, Конституция халқымыздың дүниетанымына және озық заңнама талаптарына сай жазылды. Қазақстанның Конституциясы кәсіби тұрғыдан өте сапалы дайындалған құжат деп күмәнсіз айтуға болады. Осы ауқымды жұмысқа білікті заңгерлермен қатар, филология саласының тәжірибелі ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да белсене қатысты. Мұның бәрі қазіргі қазақ тілінің әлеуеті мен күш-қуатының айқын көрінісі екені сөзсіз, – деді Президент.

ҰЛТТЫҢ МӘҢГІЛІК ЖАНЫ

Мемлекет басшысының сөзінше, қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес. 

– Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау, бұл – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек. Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мем­ле­кет­тің беделі артқан сайын мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат. Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді.

Қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс табуда. Ана тілімізде жарық көрген кітаптар­дың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті. Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты. Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, төл тіліміз ұлтты ұйыстыратын, өркениетіміздің өрісін кеңейтетін «жұмсақ күшке» айналуда. Мысалы, әлемге әйгілі тарихи тұлға Бейбарыс сұлтанның, ұлы ойшыл Абайдың, аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың ұлт өркениетіндегі орны мен еңбегі бірегей. 

– Ал бүгінде жаһан жұртының сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген, әйгілі Канн фестивалінде үздік актриса деп танылған Самал Еслямова, белгілі шах­матшы, әлемнің бірнеше дүркін чем­пионы Бибісара Асаубаева, бүкіл жапон халқына, соның ішінде императорға да өте танымал, кәсіби сумода жүрген жалғыз қазақ балуаны, жеңімпаз Ерсін Балтағұл (Кимбозан Харуки) және Higgsfield AI жаһандық стартап жетекшісі Ерзат Дулатов сияқты нағыз дарын иелері қазақтың мәдениетін, руханиятын, зияткерлік қуатын жан-жақты дәріптеп жүр.

Халқымыз «Елдестірмек – елшіден» деп бекер айтпаған. Бұл азаматтарды еліміздің нағыз отаншыл перзенттері әрі рухани елшілері десек, артық болмас. Қазір Қазақстан көптеген шетел адамдары құрметпен қарайтын, ықпалды мемлекетке айналды. Сондықтан біз қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуымыз керек. Тіліміздің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдер мен халықтар бізге қалай қарайды, қалай сенеді?! Үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейді, мұндай әңгімені доғаратын кез келгеніне көзіміз әбден жетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейтінін ерекше атап өтті. 

– Өткен замандарда саяси қысым болған кезде ана тіліміз әдебиетшілер мен тіл мамандарының, журналистеріміздің, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында аман қалды да, өзінің дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл – тіпті қазақ тілінің өміршеңдігі бірегей деген сөз. Ал қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр.

Елімізде сан алуан цифрлық платфор­малар табысты жұмыс істеп тұр. Оның бәрі қазақ тілінде қызмет көрсететін болды. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады. Мәселен, Open.AI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген. Ал Yandeх компаниясы өзінің бір белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеп отыр. Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді. Мұның бәрі – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың бір нәтижесі. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек, – деді Президент.

ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРМЕН ҮНДЕСТІК

Мемлекет басшысы ең біріншіден алдымызда қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау міндеті тұрғанын айтты. 

– Жалпы, біз қазақ тілінің сөздік қоры өте бай деп жиі айтамыз. Мұның шындық екені де күмәнсіз. Әдеби-мәдени мұрамыз да ұшан-теңіз. Алайда сол дүниенің көбі кезінде цифрлық жүйелерге толық әрі сапалы көшірілді деп айту қиын. Сол себепті мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат (архив) және мұражай (музей) қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет. Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді.

Бұған қоса, инженерия, медицина, құқық, экономика сияқты түрлі ғылымды және ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге барынша қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл тұста, ең алдымен, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға баса мән берген жөн. Өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша көп қателік жасалды, олқылықтар да аз емес. Әрине, бұл – қазақ ғылымының, яғни ғалымдардың әлеуеті мықты болуы қажет деген сөз. Ғы­лым дамыса, қазақ тілі де ғылым мен өнді­ріс­тің тілі болмақ. Тарихи деректер мен мысалдар жеткілікті, мәселен – парсы, француз тілдерінің тарихы, ал қазіргі дәуірде ағылшын тілі бірінші қатарға шықты. Бұл тұста жоғары оқу орындарының рөлі аса маңызды. Университеттер қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне айрықша назар аударуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста Президент тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Бұл – тілдегі бірізділік мәселесі. 

– Өкінішке қарай, қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл – жылы жауып қоя салатын жеңіл-желпі дүние емес. Себебі мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн.

Жалпы, осы мәселеге кең ауқымда қараған дұрыс. Ең алдымен, емле мен ережені түгендеп, жүйелеу керек. Бұған қоса, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді. Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен ресми түрде бекітілген Қазақ тілінің орфография сөздігі Кеңес заманында, яғни 1983 жылы шыққан. Әрине, одан кейін де бірнеше сөздік жарық көрді. Алайда олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген, заңды күші жоқ. Кейбір көрші мемлекеттерде мұндай ғылыми еңбектер бес жыл сайын жаңартылып отырады. Сондықтан біз де қазақ тілі орфография­сының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет.

Бірақ жалпы тіліміз басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп айтсақ, дұрыс болар. Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасан­ды сана, пайыз, сынып» сияқты сөздер тіліміз­де кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дү­ние, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. 

– Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (фор­точка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты. Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар. Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер, сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажет.

Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды. Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл ма­мандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақ тілін ха­лықаралық тілдер қауымдастығында өз орны бар тіл ретінде дамытуымыз керек екенін жеткізді. 

– Ана тіліміздің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру керек деп есептеймін. Мен өзім бұл сөздікті қарап шықтым, жалпы пайдалы еңбек деп санаймын.

Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді. Қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, сонымен қатар, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей, қазақ-парсы сөздіктерін жасау қажет. Қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңартқан жөн. Сөздіктердің элек­трондық нұсқасын әзірлеп, үнемі толы­қ­тырып отыру керек. Тілдің халықаралық байланысын нығайту арқылы мәдени және ғылыми ықпалдастыққа жол ашылады, еліміздің зияткерлік әлеуеті артады.

Бірақ тілдің болашағы тек сөздік пен оқулыққа байланысты емес. Адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық. Сон­дықтан цифрлық кеңістікте қазақ тілін­дегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбей­ту – аса маңызды міндет. Әсіресе қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

ТІЛ – ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

Президенттің айтуынша, қазақша ақпараттың аясы, яғни қазіргі тілмен айтсақ, қазақ тіліндегі контенттің ауқымы мейлінше кең болғаны дұрыс. Ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да өзекті тақырыптар бойынша сапалы өнім әзірлеген жөн. 

– Жалпы, осындай жобаларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету қажет. Бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құруға болады. Осы маңызды іске «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенже­ханұлы және қоғамның мүшелері зор үлес қосары күмәнсіз. Сайып келгенде, тіліміздің болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Әрқайсымыз қазақ тілінің тұғырын нығайтуға атсалысуымыз керек.

«Қазақ тілі» қоғамы – осы жұмыстың алғы шебінде тұрған іргелі ұйым. Бәріміз бұл ұйымды қолдауымыз керек. Қоғам құрамында үш жылдан бері Qazaq Tili Endowment Qory жұмыс істеп тұр. Мен өзім де бұл маңызды бастамаға қолдау көрсеттім. Ел азаматтары да осы игі іске өз үлесін қосуда. Кәсіпкерлеріміз де өз ынтасын көрсетіп, «Қазақ тілі» қоғамына белсенді түрде қаржылай жәрдем беретініне күмәнім жоқ. Тіл – халық қазынасы екенін айта келе, Сондықтан ұйымның бұл қызметін шын мәнінде халықтық мүддені көздеген іс деп айтуға толық негіз бар, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым қолға алған тағы бір маңызды бастаманы атап өтті. 

– Маған «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы «Дала орманы» деген жақсы жобаны таныстырды. Бұл ұйым бір жылдың ішінде серіктестерімен бірге 400 гектар жерге 5 миллион тал еккен. Осы жұмыстың нәтижесінде еліміздің үш облысында 4 үлкен орман питомнигі құрылған. Енді оның ауқымын одан әрі кеңейту керек. Әр ауылдың маңынан 25, аудан орталығының қасынан 50, ал үлкен қалалардың маңайынан 100 гектардан көшеттер өсіретін саябақтар ашу жоспарда бар екен. Мен мұны толық қолдаймын. Дұрыс бастама. Үкімет пен әкімдіктер де бұл жұмысқа атсалысуы қажет. Осы жобаның арқасында Қазақстандағы орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады. Бұл «Қазақ тілі» ұйымының «Таза Қазақстан» жобасына қосқан нақты үлесі болмақ. Қазақтың даласы орманға айналмайды деп кім айтты?! Орманды өсіру де, даланы жайнату да біздің қолымыздан келеді. Сондықтан «Дала орманы» жобасын сапалы жүзеге асыру өте маңызды. Бәріміз қолдайық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақ тілі ұлт бірлі­гінің мызғымас тұғыры саналатынын айта келе, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттардың өкілдерін айрықша атап өтті. 

– Олардың арасында қазақ тілін үйрету­мен айналысатын білікті мамандар бар. Әлеуметтік желі арқылы тілімізді дәріптеп жүрген азаматтар да аз емес. Мұндай адамдар тіліміздің дамуына үн қосып, оның жарқын келешегін нақты іспен жасап жатыр. Со­лардың еңбегін біз сыйластықпен, риза­шы­лықпен қабылда­уымыз керек. Жалпы, соңғы жылдары мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдардың қатары көбейіп жатыр. Оларға барынша жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз.

Қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге мүм­кіндік беретін озық әдістемелер, соның ішінде цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажет. Жалпы, бұл мәселе қоғамда жиі айтылып жүр. Осы жұмысқа тіл мамандарын, ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдырған жөн. Қазақ тілін білетін адам қазақ халқын, жалпы Қазақстанды танып-біледі. Тілді меңгерген әрбір азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінеді.

Мен Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында ел бірлігін бекемдейтін ең маңызды фактор  мемлекеттік тіл екенін нақты айттым. Дегенмен мына нәрсені есте ұстаған абзал: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды. Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сон­дықтан оларды «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста Президент кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей екенін баяндады. 

– Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек. Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақ­тай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсе­те алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды. «Бірлік бар жерде тірлік бар», бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көр­сетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынты­мағымызды нығайта беруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдында маңызды міндеттер тұрғанын еске салып, ел болып «Халықтық құрылыс» бағдарла­масын іске асыратынымызды айтты. 

– 2027 жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болмақ. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады. Еліміз бойын­ша әртүрлі әлеуметтік нысандар – балабақша­лар, мектептер, кітапханалар, ауруханалар, емха­­налар, оңалту орталықтары, спорт ин­фра­­құрылымы және басқа да ғимараттар, өнді­ріс орындары, жолдар, вокзалдар, әуе­жайлар салынады. Барлық өңірде мың­даған жұмыс орны ашылады. Отандық кәсіп­керлерге мол мүмкіндіктер беріледі. Тәуел­сіз Қазақстанның төл тарихында мұндай ауқымды жоба бұрын-соңды болған емес.

«Халықтық құрылыс» – мазмұны кең, мән-мағынасы терең нағыз халықтық жоба. Біз ел игілігіне қызмет ететін нысандар салып, тұтас мемлекетіміздің келбетін жа­ңартамыз, бүкіл ұлтымыздың сана-сезіміне серпін береміз. Бірақ ең маңызды мәселе – біз келешек ұрпақтарға тұжырымдамалар мен жоспарлар, шетелдегі құнды қағаздарда сақталған, уақыт өткен сайын арзандап бара жатқан қаржыны емес, халыққа қызмет ететін нақты әлеуметтік нысандарды аманат ретінде қалдыруымыз керек. Құрылыспен айналысу – жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылу. Сондықтан «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бір ауыз сөз жаңғыру жолына түскен Қазақстанның мызғымас қағидаты, жалпыұлттық ұраны болуға тиіс. 

«Халықтық құрылыс» жұртымызды бір мақсат пен мүддеге біріктіреді, елімізді нағыз өрлеу мен өркендеу жолына бастайды. Осыған орай, алдағы үш жылдың ішінде Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді. Арнайы комиссия бұл ауқымды қаражаттың үнемді, жымқырусыз жұмсалуын мұқият бақылауда ұстайды. Қазір бұл комиссияның құрамын қарап жатырмын. Ең басты талап – мүшелер айқай-шусыз, даңғаза жасамай, өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде, тиімді атқаруы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, біз әділетті қоғам боламыз десек, әр іске жауап­кершілікпен қарап, бір-бірімізге жанашыр болуымыз қажет. 

– «Таза Қазақстан» идеясына сай табиғатқа қамқор көзбен қарап, болмы­сымызды, ниетімізді және тілімізді таза ұстау маңызды. Өркениетті қоғамда дөрекі сөйлеуге, біреудің ар-ожданына нұқсан келтіруге, өзгелерді кемсітуге, қоқысты көшеге немесе қоғамдық жерлерге лақтыруға, кез келген жерге түкіруге, қоғамдық дүниені бұзып, сындыруға жол берілмейді және ондай әрекет заң бойынша жазаланады. Бұл – барлық құқық қорғау мекемелеріне қатысты жеке және өте маңызды тапсырмам.

«Заң мен тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс. Өйткені заң мен тәртіп үстемдігі – мем­лекеттілігімізді нығайтудың, Егем­ендігімізді қорғаудың бірден-бір шарты. Өкінішке қарай, кейбір теріс пиғылды адамдар «Заң мен тәртіп» қағидатын бұрмалап, оны қысым жасаудың құралы ретінде көрсеткі­сі келеді. Ашығын айтсақ, бұл – арам­дық. Мұндай келеңсіз әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Халқымызда «Әдеп ба­сы – тіл» деген аталы сөз бар. Сондықтан осы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері, жалпы, тілімізді үнемі қолдайтын азаматтар белсене атсалысуы керек.

Бәріңізге тағы да шынайы ризашылы­ғымды білдіремін. «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлына да алғыс айтамын. Мен бүгін еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемле­кеттік марапат тапсыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға құтты болсын! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан мен қа­сиет­ті құндылығымыз – қазақ тілі жасай бер­сін, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.