Мемлекет басшысының Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында көтерген бастамаларының ішінде «Халықтық құрылыс» бастамасының орны айрықша. Президенттің 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау жөніндегі ұсынысы ел дамуына тың серпін беретін маңызды қадам деп білемін.
Бірлікпен ірге қалаған елдің келешегі жарқын
130
оқылды

Бастаманың негізгі мақсаты – ел байлығын халық күнделікті өмірінде сезінетін нақты игілікке айналдыру. Пр­ези­денттің келер ұрпаққа қағаз жүзіндегі жоспарлар мен қаржылық көрсеткіштерді емес, ел қажетіне жарайтын, халықтың игілігіне қызмет ететін нақты нысандарды мұра етіп қалдыру туралы пікірі айрықша тағылымды. Шын мәнінде, ұрпақ жадында құрғақ есеп пен орындалмаған уәде емес, ел өміріне өзгеріс әкелген істер сақталады. Бүгін бой көтерген мектептің табалдыры­ғын ертең талай бала аттап, сол ауруханадан қаншама жан шипа табады, салынған жолмен ел қатынап, өңірлердің тынысы кеңейеді. Жылдар алмасып, уақыт көш­кенімен, халыққа қызмет еткен нысандар­дың игілігі жоғалмайды. Өйткені елге қалатын ең қымбат мұра – ұрпақтың өміріне жарық түсірген еңбек пен ел қа­жетіне жараған жасампаз істің жемісі.

Сондықтан алдағы үш жылда Ұлттық қордан осы мақсатқа 6,5 триллион теңге бөлінуі көзделіп отыр. Ауқымы жағынан да, жауапкершілігі жағынан да үлкен міндет. Мұндай қаржының әрбір теңгесі нақты нәтижеге жұмыс істеуге тиіс. Құрылыс сапасын сақтау, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қадағалау айрықша маңызға ие.

Осы ретте Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» жөніндегі мемлекет­тік комиссия құру туралы тапсырмасы – дер кезінде берілген маңызды шешім. Комиссия құрамына мемлекеттік органдар­мен қатар Құрылтай мен мәслихат депут­аттарының, Халық Кеңесі мүше­лерінің, қоғам қайраткерлерінің, бел­сенділердің, волонтерлер мен журнал­истердің тартылуы қоғамдық бақылаудың аясын кеңейтеді. Өйткені халықтың қаржысына салынған нысанның сапасы мен жұмсалған қаражат­тың есебі де халыққа ашық болуы керек. Қоғамдық бақылау – сенімді нығайтатын, жауап­кершілікті арттыратын маңызды құрал.

Бағдарламаның тағы бір қыры – отандық кәсіпкерлік пен өңірлік эконо­миканың дамуына серпін беруі. Құрылыс қарқыны артқан сайын жаңа жұмыс орындары ашылып, құрылыс материал­дарын өндірушілерге, мердігерлерге, шағын және орта бизнес өкілдеріне мүмкіндік көбейеді. Мұның игілігі ірі қалалармен ғана шектелмей, шалғай ауылдар мен аудан орталықтарына да жетуі маңызды. Әр өңірде басталған құры­лыс сол жердің еңбек әлеуетін арт­тырып, жергілікті кәсіпкерлердің дамуына жол ашуы қажет.

Меніңше, «Халықтық құрылыс» атауы­ның өзінде үлкен мән бар. Бұл –үлкен мемлекеттік бастама және нәтижесі бүкіл халыққа ортақ жоба. Оның табысты жүзеге асуы тек бөлінген қаражатқа немесе құрылыс қарқынына байланысты емес. Жоспардың сапалы орындалуы, әр нысан­ның нақты қажеттілікке сай салын­уы, жергілікті халықтың мүддесінің ескерілуі де маңызды. Ең бастысы, сал­ын­ған әрбір нысан халықтың игілігіне қызмет етуі керек.

Президенттің: «Құрылыс және тағы да құрылыс», – деген сөзі осы жұмыстың ауқымын ғана емес, оған деген көзқарасты да айқындайды. Яғни тоқтаусыз ізденіс, табанды еңбек және ел игілігі үшін жаса­латын нақты іс. Құрылыс алаңында қа­ла­нған әр кірпіштің артында үлкен жауап­кершілік жатыр. Сондықтан сан қуалаудан сапаға, есеп үшін салудан ел қажетіне жаратуға басымдық берілуге тиіс.

Елдің еңсесі ең алдымен халықтың тұрмысынан байқалады. Балалар жақын жердегі мектепте білім алып, науқастар заманауи ауруханада емделіп, ауыл тұр­ғындары сапалы жолмен қатынап, аза­мат­тар тұрақты жұмысқа орналасқанда, мұндай бастамалардың шынайы нәтижесі көрінеді. Халықтың игілігіне жараған іс  кез келген есептен құнды.

«Халықтық құрылыс» – бүгінгі және келешек ұрпақтың да еншісіне қалатын ортақ іс деп есептеймін. Сон­дық­тан бұл бастамаға әр азаматтың жана­шырлықпен қарағаны жөн. Мемлекет бастаған игілікті жұмысты қоғам болып қолдап, оның сапалы әрі әділ жүзеге асуына бәріміз мүдделі болуымыз керек.

Өйткені елді ел ететін – ортақ мақсат, жерді көркейтетін – адал еңбек, ал ұрпаққа қалатын ең жақсы мұра – халықтың игілігіне айналған жасампаз іс. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, осы бастаманы ел болып жүзеге асырсақ, бүгінгі еңбегіміз ертеңгі ұрпақтың игілігіне айналары сөзсіз. Бірлік бар жерде тірлік бар, ал бірлікпен атқарылған істің берекесі мол.

Аббат ЖӘҢГІРХАНҰЛЫ,

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы

фракциясының мүшесі