Іріктеу нәтижесінде 10 жоба жеңімпаз атанды.
Әдебиет пен кітап оқу цифрлық технологиялары жобаларына 50 млн теңге грант бөлінеді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
142
оқылды

Әдебиет пен кітап оқудың цифрлық технологиялары саласындағы 10 қазақстандық жобаға 50 млн теңге грант бөлінеді, – деп жазды Aikyn.kz.

Креативті индустрияларды дамыту қоры (Qazaq Creative) отандық әдебиет, кітап шығару және кітап оқудың цифрлық технологиялары саласындағы стартаптар мен инновациялық жобаларға грант бөлу конкурсын қорытындылады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, конкурсқа барлығы 172 өтінім түсті. Іріктеу нәтижесінде 10 жоба жеңімпаз атанды. Оларды іске асыруға шамамен 50 млн теңге қарастырылған. Әр жобаға 5 млн теңгеге дейін грант беріледі.

Қолдау тапқан бастамалар қатарында қазақ тілінде кітап оқуға арналған цифрлық кітапханалар мен платформалар құру, балаларға арналған кітаптар мен комикстер шығару, жасанды интеллектіні қолдана отырып, интерактивті білім беру құралдарын әзірлеу жобалары бар.

Атап айтқанда, «Сөз-Қазына», Oqiber, «Бір беттік кітап: Қазақ ертегілері», Satti.asia, «Тәтті ертегі», Abai Library, «Tulga», Compara жобалары, сондай-ақ қазақстандық комикстер топтамасы мен «Домбыра үйренгім келеді» жобасы гранттық қолдауға ие болды.

Бұл бастамалар отандық әдебиеттің қолжетімділігін арттыруға, қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуге, балалар мен жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ заманауи цифрлық технологиялар арқылы ұлттық мәдениетті дәріптеуге бағытталған.