Ақмола облысында ірі жол-көлік оқиғасы болды.
Ақмола облысында 15 жаңа көлік тиелген екі автокөлік тасығыш жүк көлігі аударылып қалды
144
оқылды

«Астана – Атбасар – Жақсы» тасжолында 15 жаңа автокөлікті тиеген екі ауыр жүк көлігі жолдан шығып кетіп, аударылды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқиға 2026 жылғы 13 қарашада «Астана – Атбасар – Жақсы» автожолының 131-шақырымында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, шетелдік жүргізушілер басқарған  FAW  маркалы екі автовоз Қорғас бағытынан Ресей Федерациясына қарай жолға шыққан. Олар өзімен бірге 15 жаңа автокөлікті тасымалдап келе жатқан.

Алайда қысқы жолдың қолайсыздығы ауыр апатқа себеп бола жаздады. Тасжолда көктайғақ пайда болып, бірінші көлік тасығыш жүк көлігінің жүргізушісі тізгініне ие бола алмай қалған. Салдарынан екі ауыр жүк көлігі соқтығысып, жолдың жүріс бөлігінен шығып, жол жиегіндегі орға аударылған.

– Жол апаты салдарынан зардап шеккендер жоқ. Оқиғаға байланысты көлік таситын жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерге, әсіресе ірі габаритті көлік тізгіндейтін азаматтарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.