Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға көп, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылы елімізде 40,5 мыңға жуық отбасы ажырасқан. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 45,7 мыңға жеткен. Осылайша, бір жыл ішінде ажырасу саны шамамен 5,1 мыңға көбейді.
Ажырасудың басым бөлігі қалалық жерлерде тіркелген. Атап айтқанда, 2025 жылы қалаларда 34 мың, ауылдық жерлерде 11,7 мың ажырасу болған. Бұл жалпы көрсеткіштің тиісінше 74,4 және 25,6 пайызын құрайды.
Ажырасу деңгейі ең жоғары өңірлер қатарында Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Павлодар облысында әр мың тұрғынға шаққанда 3,43 ажырасу тіркелсе, Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 3,41, Солтүстік Қазақстан облысында 3,28 болған. Ал ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген – мың тұрғынға шаққанда 1,03 ажырасу.
Статистика отбасылардың көбіне некенің алғашқы жылдарында ажырасатынын көрсетеді. 2025 жылы ажырасқандардың 35 пайызы некеде 1 жылдан 4 жылға дейін тұрған. Тағы 24 пайызы 5-9 жыл бірге өмір сүрген. Ал ерлі-зайыптылардың 8 пайызы некеге тұрғаннан кейін бір жыл өтпей ажырасқан.
Ажырасу көбейген тұста некеге тұрушылар саны азайған. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда 123,6 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 115,9 мыңға дейін төмендеген. Яғни, бір жылда тіркелген неке саны шамамен 7,7 мыңға немесе 6,2 пайызға қысқарған.
Дегенмен 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы деректер ажырасу санының одан әрі өскенін көрсетпейді. Қаңтар-қыркүйек аралығында елімізде 33 100 ажырасу тіркелген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 16 жағдайға аз.
Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстанда 48,2 мың ажырасу тіркелген. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш төмендеп, 2023 жылы 40,2 мыңға дейін азайған. 2024 жылдан бастап қайта өсе бастағанымен, 2025 жылғы ажырасу саны 2021 жылғы деңгейден әлі де төмен.
