Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қатысы бар адамдардың «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыруға кедергі келтіруді көздеп отырғанын мәлімдеді.
Президент: «Сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз»
247
оқылды

Президент мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін айтып, мемлекет қаржысының жұмсалуын арнайы комиссия қадағалайтынын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Өздеріңізге мәлім, қазір біз жаңа тарихи кезеңге қадам бастық. Енді бір орында тұрып қалуға, бұрынғы жетістіктерді місе тұтып, арқаны кеңге салуға хақымыз жоқ. Әділетті Қазақстанды құру ісінде жалқаулық пен селқостыққа бой алдыруға болмайды.

Ал сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз.

Барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, соның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері сапалы салынуы керек. Бұл – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап.

Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады. Осылайша, біз халықтың әл-ауқатын арттыруды және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін түпкі мақсатымызды жүзеге асыруды бастаймыз.

Осы істе Конституциямызда бекітілген Заң, Әділеттілік және Тәртіп қағидаттары айнымас темірқазығымыз болады. Әрине, бұл жол оңай болмайды. Тіпті, түрлі қиындықтар да кездесетіні анық. Халқымыз «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпаған. Сондықтан табандылық танытып, алға қойған мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.