Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданындағы екі ауылға газ жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ауданға қарасты Жанқожа батыр және Ү.Түктібаев ауылдарына газ қосу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдерімен қатысты.

Рәсімде аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игіліктің істің жүзеге асуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Ауылдағы тіршілік сапасын жақсартпай, жалпыұлттық дамуды елестету мүмкін емес», – деген болатын. Соған орай бүгін ауданға қарасты Жанқожа батыр және Ү.Түктібаев ауылдарын көгілдір отынға қосу сәтінің куәсі болып отырмыз.
Жалпы, Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен өңіріміздің барлық саласында серпінді жобалар жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң тенденция қалыптасты. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, инфрақұрылымды қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық елді мекенге 100 пайыз сапалы ауызсу жеткізілді.
Сонымен қатар Қызылорда қаласында Aksa Energy компаниясы 215 миллиард теңгеге қуаттылығы 240 мегават жаңа жылу электр орталығын салып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. Сондай-ақ 1,5 мың шақырымдық «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының екінші желісі жоспарлануда. Газ құбырына 3 трлн теңге бөлінсе, оның 1,7 трлн теңгеге салынатын 846 шақырымы облыс аумағынан өтеді.
Елдің дамуы ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады. Бүгінгі қуаныш әрбір отбасына бақыт пен шаттық әкелсін!» – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Жиында ел ағалары Әлімбай Қасқырбай, Берік Бисембаев сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Осы орайда айта кеткен абзал, өңірде 2022–2025 жылдар аралығында 65 миллиард теңгеден астам қаржыға 77 жоба жүзеге асты. Былтыр 18 жобаға 17 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, 11 елді мекенге газ келді. Нәтижесінде, аймақта газдандыру деңгейі 83 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін тағы 10 елді мекен тұрғындары газ игілігін көріп, халықты қамту деңгейі 85 пайыздық межеге жетеді деген жоспар бар.

Бұдан бөлек, «ҚазақГазАймақ» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы аясында 10 миллиард теңгеге 6 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы
