Полиция бұған қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауын негіз еткен. Алайда осы оқиғадан кейін бір айдан астам уақыт өткенде соттың тағы бір қызметкерінің мәйіті табылып, оған қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Екі марқұмның дос болғаны да белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Аян Дүйсековтің өліміне байланысты 13 қыркүйекте өзін-өзі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Тергеу барысында қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп, тиісті материалдар жиналған.
– Тергеу нәтижесінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінен.
Ведомствоның мәліметінше, соттың екінші қызметкерінің өліміне қатысты қылмыстық іс әлі де өндірісте жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы, 27 жастағы Аян Дүйсековтің қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Осы оқиғадан кейін марқұмның туыстары оның өліміне қатысты барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті тексеруді талап еткен. Отбасының айтуынша, Аянға тұрақты түрде моральдық және психологиялық қысым көрсетілген. Ал Ақмола облысы бойынша ҚР Сот әкімшілігі департаменті марқұмның өліміне жұмыс орнындағы қысым, тәртіптік жаза немесе қызметтік баспана мәселесі себеп болуы мүмкін деген болжамдарды жоққа шығарған болатын.
Арада бір айдан сәл астам уақыт өткенде Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы, тағы бір сот қызметкерінің мәйіті табылды. Кейін екі марқұмның жақын дос болғаны белгілі болды.
Осы екінші өлім дерегіне байланысты полиция Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Осылайша, Көкшетаудағы сот жүйесінің екі қызметкерінің бірінен соң бірі қаза табуы қоғам назарын аударған мәселеге айналды. Бірінші іс тоқтатылғанымен, екінші оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қазір көпшілікті мазалайтын басты мәселе – екі өлімнің мән-жайы толық әрі жан-жақты анықтала ма? Ең бастысы, марқұмдардың жақындарының көкейіндегі сауалдарына нақты жауап болар ма екен?!
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
