Мемлекет басшысы жаңа инфрақұрылым ауыл мен қала келбетін түбегейлі өзгертетініне назар аудартты. Өңір мен өңірді жалғап, қос жағалау жұртшылығын жақындастыратын көпірлер – өмір мен өмірді, үміт пен мүмкіндікті тоғыстыратын тіршіліктің «күретамыры». Елді өркендетер осы алтын арқау қай өңірлерде жаңарып, қандай жаңа нысандармен толықпақ?
Тозған өткелдердегі өзекті түйткіл
Ел экономикасының стратегиялық маңызды желісі саналатын көпірлердің жай-күйі – жол инфрақұрылымының ғана емес, халық қауіпсіздігі мен өңірлердің әлеуметтік дамуының да өлшемі. Қазақстанда бұл бағытта ауқымды жұмыс басталғанымен, апатты және тозығы жеткен нысандар мәселесі әлі де өзекті. Жолдың сапасы оның үстіндегі көпірдің беріктігімен өлшенеді. Ауыл халқы үшін көпірдің жарамсыздығы – аудан орталығымен байланыстың үзілуі, тіпті арғы жағалаудағы мектеп, аурухана, әлеуметтік нысанға бара алмау деген сөз.
Көлік министрлігінің дерегінше, елде 2026 жылы 3 623 көпір есепте. Оның 1 488-і – республикалық маңызы бар жолдарда, 2 135-і жергілікті маңыздағы жолдарда тұр. 142 апатты көпірдің 141-і жергілікті желіге тиесілі, яғни жергілікті әкімдіктің жауапкершілігінде. Тағы 420 жергілікті көпір қанағат-танғысыз жағдайда екен. Апатты көпірлер негізінен Қызылорда (87) және Түркістан (50) облыстарында шоғырланған. Аумағы жөнінен ең үлкен өңір – Ұлытау облысында 24 көпірдің 21-і (87,5%), БҚО-да 51 көпірдің 44-і (86,3%) қанағаттанғысыз жағдайда.
Республикалық жолдардағы көпірлердің тек 50,5%-ы, ал жергіліктісінің небәрі 31,5%-ы «жақсы жағдайда». Сондықтан осы проблеманы депутаттық сауалында көтерген Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Тұрарбек Тілемісов бұл тұрғыда үш жүйелі мәселені қаперге салды.
«Біріншісі – Көлік министрі өз бұйрығымен бекітуді жоспарлап отырған Көпір құрылыстарын түгендеу, жаңғырту және жетілдіру жөніндегі 2027–2031 жылдарға арналған ведомстволық бағдарлама жергілікті желіні қамтымайды. Ол тек республикалық маңызы бар жолдарға қолданылады. Облыстық және аудандық маңызы бар көпірлер (2 135 құрылыс немесе көпір қорының 59%-ы) бағдарламадан тыс қалып, қалдық қағидат бойынша қаржыландырылмауға тиіс», – деді депутат.
Екінші түйткіл, көпірлерге жұмсалатын шығыстардың жеке есебі жоқ. Шығындар кешенді жол жобаларына қосыла салады, соның құрамында есепке алынады. 2026 жылы жергілікті маңызы бар жолдарға 309 млрд теңге бөлінді, алайда көпірлерге бағытталған қаражат көлемі анықталмаған. Нақты есепсіз қанша қаражат қажетін бағалау қиын.
«Үшінші мәселе – ведомстволық бұйрық өңірлерге міндеттеме жүктемейді. Тиісінше, ол жергілікті бюджеттерді қосымша қаражатпен қамтамасыз етпейді. Сол себепті бұл мәселе Үкімет деңгейінде, Көлік, Қаржы министрліктерінің және облыс әкімдіктерінің қатысуымен шешуді талап етеді. Осыған байланысты республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қамтитын, 2031 жылға дейінгі Көпір шаруашылығын күтіп ұстаудың және қайта жаңартудың бірыңғай бағдарламасын әзірлеу қажет», – деп есептейді Т.Тілемісов.
Оның пайымдауынша, Көлік министрлігінің бірыңғай әдістемесі бойынша жергілікті көпірлер желісін жаппай инвентаризациялаудан және паспорттаудан өткізіп, оларды «Көпірлерді эксплуатациялауды басқару жүйесіне» енгізу қажет. Бұл – мәселені көзбен шамалаудан нақты дерекке сүйенген басқаруға көшудің алғашқы шарты.
Көпірлер кезегі пайда болады
Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың мәліметінше, 2031 жылға дейінгі Көпір құрылыстарын түгендеу, жаңғырту және жетілдіру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Жоба мүдделі тараптармен – жауапты меморгандармен, салалық қауымдастықпен келісуден өту үстінде. Құжатты биылғы жыл соңына дейін бекіту жоспарланған. Вице-премьер депутаттар көтерген жайттар ескерілгенін жеткізді.
– Жаңа бағдарлама республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарындағы көпір құрылыстарын қатар қамтитын болады. Бұл көпір шаруашылығын басқарудың бірыңғай тәсілін түзуге мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында жергілікті жол желісіндегі көпірлерді түгел түгендеу және паспорттау, алынған деректерді Көпірлерді эксплуатациялауды басқару жүйесіне енгізу көзделген. Тексеру нәтижесінде нысандардың техникалық жай-күйі анықталады, оларды жөндеу, конструкциясын күшейту немесе реконструкциялау жөніндегі қажетті шаралар айқындалады, – деді Қанат Бозымбаев.
Оның түсіндіруінше, техникалық қорытындылар негізінде апаттық дәрежесіне, қозғалыс қарқынына және әлеуметтік-экономикалық маңызына қарай «көпірлер кезегі» белгіленбек. Ал көпір салу, жаңарту және жөндеу жұмыстары жол жобалары аясында орындалады. Тиісті шығыстар бөлек қарастырылмай, жолдың жалпы құнына енгізіледі.
Вице-премьер 2026 жылға дейін жергілікті маңызы бар апатты көпір құрылыстарын жөндеу республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылғанын еске салды. 2026 жылдан бастап қаржыландыру тек қана жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылады. Қаржы бөлінетін жобалардың тізімін де жергілікті әкімдіктер қалыптастырады.
Қаржыландырудың қосымша қайнары – Инфрақұрылымдық даму қоры болып отыр: оның қаражаты есебінен жалпы сомасы 234,7 миллиард теңгені құрайтын 43 жобаны іске асыру қолдау тапты. Бұл жобалар ішінде жергілікті апатты көпірлер мен көпір құрылыстары да бар екен.
– Жұмыстарды ары қарай жоспарлау үшін жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен, жөндеуді және реконструкциялауды қажет ететін көпір құрылыстарының жиынтық тізбесі қалыптастырылады. Онда мұндай көпірлердің орналасқан жері, техникалық жағдайы және қажетті іс-шаралар ауқымы көрсетіледі. Соның негізінде қор қаражаты есебінен 2027–2029 жылдары, бірінші кезектегі жобаларды қаржыландыру ұсыныстары дайындалады, – деді Қ.Бозымбаев.
Вице-премьер қандай трассаларда жаңа көпірлер пайда болатынына тоқталды. Ақтөбe–Қызылорда, Бейнеу–Сексеуіл, Жаңаөзен–Темір Баба, Қарағанды–Жезқазған–Қызылорда және Орталық–Батыс бағыттарында автомобиль жолдарын дамыту жобалары аясында 2026-2029 жылдары көпір салу және жөндеу жоспарланған. Жалпы алғанда, «Халықтық құрылыс» іс-шаралары апатты көпір атаулыны кезең-кезеңімен қалпына келтіруге, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және ел бойынша тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етуге тиіс.
Жол мен көпір қатар жаңғырады
Сөйтіп, Қазақстанда көпір құрылысы мен жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қатар жүріп жатыр. Мысалы, 2030 жылға дейін іске асырылатын, Сарыағаш қаласын айналып өтетін, ұзындығы 102 шақырымдық бір ғана жаңа автомобиль жолында бірден 22 көпір, ауыл шаруашылығы техникасына арналған 21 өткел және 223 су өткізу құбыры салынбақ. Осының өзі инфрақұрылымның ауқымын аңғартады.
Алматыда Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (ҮАААЖ) жалғайтын бағытта Ақсай өзені арқылы көпір салынып жатыр. Құрылыс 2022 жылы басталған. Қаржыландыру мәселесіне байланысты тоқтап қалған жұмыстар биыл қала әкімдігінің бақылауымен қайта жанданды. Қозғалысты жыл соңына дейін ашу жоспарланған.
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 2024 жылғы су тасқынында қираған жолдың орнына салынған ұзындығы 280 метрлік жаңа көпір жуырда пайдалануға берілді. Ол «Батыс Қазақстан – Оңтүстік Қазақстан» транзиттік дәлізінің құрамына кіреді.
Өскемен қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту аясында Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жобасы басталды. Биыл оны қолдау мақсатында қосымша 55 млрд теңге бөлінді. Жоба ұзындығы 2,3 шақырым болатын жолдан, ұзындығы 834,8 метр үлкен көпірден тұрады.
Семейде ұзындығы 1 350 метр, ені 23 метр болатын жаңа автомобиль көпірінің құрылысы жалғасты. Жайық өзені арқылы да жаңа автомобиль көпірі салынады. Жоба аясында заманауи монолитті екі көпірді салу көзделген. Оның ішінде арналық көпірдің ұзындығы – 513 метр, өзен жайылмасындағы көпірдің ұзындығы – 1,7 шақырым.
Тағы бір бетбұрыс бұдан былай көпірлерді жобалау мен пайдалануға жасанды интеллект және цифрлық технологиялар енгізілді. Бұдан былай Қазақстанда ұзындығы 100 метрден асатын көпірлерді жобалауда ақпараттық модельдеу (BIM) міндеттелді. «ҚазжолҒЗИ» лазерлік сканерлеу, фотограмметрия және үшөлшемді модельдеу арқылы көпірлердің цифрлық көшірмесін әзірлеп, техникалық жай-күйін бағалауға кірісті.
Қытайға барып, үздік тәжірибесін зерделеген қазақстандық мамандар енді елімізде де датчиктер мен болжамдық модельдер арқылы көпірлердегі діріл, деформация және ықтимал ақауларды алдын ала анықтау мүмкіндіктерін қарастырады. Демек, ендігі міндет – көпірді жөндеумен бітпейді, ондағы қауіп-қатерді алдын ала болжауға күш салынбақ. Өйткені елдің көлік байланысының үзілмеуі әрбір өткелдің қауіпсіздігі мен қолданылуына жауапкершілікпен қарауға тәуелді.
Айхан ШӘРІП
