Өйткені қарсы беттен келе жатқан көлікпен бетпе-бет қалу қаупі жоғары. Басып озамын деп басын бәйгеге тіккен жүргізушілердің талайы осы сүрлеуде жол апатына түсті. Енді осы бағыт төртжолақты үлкен жолға айналмақ. Жолдауда Мемлекет басшысымен нақты тапсырма берілуі теріскей жұртшылығын түгел қуантты.
ЖОЛ АЗАБЫН ЖҮРГЕН БІЛЕР
Қос қаланың арасындағы бағыттың ұзындығы – шамамен 200 шақырым. Оның 160 шақырымы Солтүстік Қазақстан облысының аумағымен өтеді. Ресми деректерге сенсек, көлік ағынының 60 пайыздан астамын транзиттік көліктер құрайды. Әсіресе ауыр жүк машиналарының үлесі айтарлықтай басым. Елді кейінгі жылдары жол-көлік оқиғаларының статистикасы аса қатты алаңдатып тұр. Полиция таратқан мәліметтерге сүйенсек, тек жыл басынан бері ғана осы учаскеде оннан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 15 адам қаза тауып, тағы 36 адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Қайғылы оқиғалардың бірі 2026 жылғы 15 қазанда Кременчуг ауылы маңында болды. Күрежолдың бойында үш жеңіл автокөлік пен екі КамАЗ соқтығысып, үш адам көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында балабақша директоры мен екі тәрбиеші болғаны хабарланды. Тағы екі адам жарақат алды. Одан бұрын, 15 шілдеде Астраханка ауылы маңында Mazda мен Toyota Estima соқтығысып, сегіз адам ауруханаға жеткізілген. Олардың бесеуі – балалар. Бірінен кейін бірі тіркелген осындай қайғылы оқиғалар тасжолдың қауіпсіздігі туралы мәселені қайта-қайта күн тәртібіне шығарды. Әрине, жол апатының барлығын тек жолдың тарлығымен байланыстыруға болмайды. Жүргізушінің жылдамдықты асыруы, қарсы жолаққа шығуы, шаршауы, көлік арақашықтығын сақтамауы да апатқа себеп. Бірақ инфрақұрылымдағы кемшіліктер осындай адами қателіктердің зардабын одан сайын ауырлатып жатады. Сондықтан мәселенің бір ұшы жол мәдениетінде болса, екінші ұшы жолдың өзінде болып тұр.
Жолдың шынайы жағдайын кабинетте отырып емес, күн сайын сол бағытпен қатынайтын адамдар жақсы біледі. Әсіресе жүк көліктерінің жүргізушілері жолдағы қиындықтан қажығандарын айтады. Мәселен, Жандос Сәрсенбеков Қытайдан Еуропаға, соның ішінде Беларуссияға дейін жүк жеткізумен айналысады.
– Бұл бағыт – іс жүзінде негізгі тасымал жолы. Балама бағыт жоқ десем де болады. Жеңіл көліктер мен ауыр жүк машиналары біржолақты бөлісуге мәжбүр. Жеңіл көліктерге басып озуға мүмкіндік жоқтың-қасы. Сондықтан трассаны кеңейту қажеттігі жылдар бойы қордаланған аса өзекті мәселе, – дейді Жандос Сәрсенбеков.
Жеңіл көлік тізгіндеген такси жүргізушісі Болат Жәкенов жолдың тарлығын ғана емес, кейбір бөліктеріндегі ой-шұңқырлардың да болуы қиындық келтіретінін айтады.
Жол бойындағы асфальттың кей тұстарындағы ой-шұңқырлар көліктердің жүрісіне кедергі келтіреді. Оның үстіне, жүк көліктері көбіне төрт-бес көліктен топтасып жүреді. Жеңіл автокөліктердің бір-бірін басып озуға тырысуы, сөйтіп қарсы жолаққа шығып кетуі қауіпті жағдайларды жиі туғызады. Міне, содан жиі жол апаттары болады, – дейді Болат Жәкенов.
Жүргізушілер мұнымен қоса жол бойында демалатын тұрақтар аздығын, инфрақұрылым дамымағанын, басып озуға мүмкіндік беретін қауіпсіз учаскелер аздығын, сондай-ақ түнгі уақытта жарықтың жеткіліксіздігін атады. Расында да, бірнеше сағат бойы рөлде отырған адамның демалатын орны, көлігін қауіпсіз тоқтататын алаңы, санитарлық жағдайы мен қажетті қызметтердің қажеттілігі анық.
ЖҰМЫС КЕЛЕР ЖЫЛЫ БАСТАЛАДЫ
Көкшетау – Петропавл тасжолының маңызын тек екі қаланың арасындағы қатынаспен шектеу мәселенің ауқымын тарылту болар еді. Өйткені, бұл трасса Қазақстанның солтүстігін елордамен, Ресеймен және одан әрі халықаралық көлік бағыттарымен байланыстыратын стратегиялық дәліздің маңызды бөлігі. Осы жол арқылы ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік, өндірістік тауарлар, өнеркәсіптік шикізат және басқа да жүктер тасымалданады. Қытайдан Ресей мен Еуропаға бағытталған жүк ағынының да осы бағыттағы қозғалысы бар.
Оның үстіне, елдің басты астықты аймақтары саналатын Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысы да ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі дамыған аймақ. Қос өңірдің экономикалық байланысы жол инфрақұрылымының сапасына тікелей тәуелді. Бұл орайда аймақтағы танымал аграрлық шаруашылық иесі, кәсіпкер Геннадий Зенченко өңірдің Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған облыстарымен шектесетінін, сүт өндірісі мен қайта өңдеу саласының дамып келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, өңірге сүт таситын көліктер де жиі қатынайды, ал қазіргі жолдың өткізу мүмкіндігі өсіп келе жатқан жүк ағынына толық жауап бере алмай отыр.
– Мұнда экономикалық мәселе де, уақыт мәселесі де бар. Жүк жолда неғұрлым ұзақ тұрса, тасымал шығыны соғұрлым өседі. Логистикалық кідіріс өнімнің өзіндік құнына, жеткізу кестесіне, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігіне елеулі әсер етеді. Сапалы жол тауардың уақытында жетуіне, кәсіпкердің шығынының азаюына әрі өңірге инвестиция тартылуына да мүмкіндік береді. Сондықтан төрт жолақты магистраль салу тек жүргізушілердің жайлылығын арттыру үшін ғана емес, солтүстік өңірлердің экономикалық әлеуетін кеңейту үшін де қажет, – дейді Геннадий Зенченко.
Көптің көкейіндегі ендігі ең маңызды сұрақ: «жол қашан кеңейтіледі?» – деген жалғыз сауал. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Ақмола облыстық филиалының директоры Хамзат Сұлтановтың айтуынша, жоба бойынша екінші техникалық санаттағы жолды бірінші техникалық санатқа ауыстырып, төртжолақты ету көзделіп отыр.
– Жолдың ені шамамен 9 метрден 18 метрге дейін ұлғаяды. Бұл жай ғана жол жиегін кеңейту емес, қозғалыс ұйымдастыру жүйесін түбегейлі жаңартуға бағытталады. Жобаны іске асыру үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қажетті инженерлік зерттеулер жүргізіледі. Көпірлер, жолайрықтар, су өткізгіш құрылыстар сияқты нысандардың қажеттілігі де есептеледі, – дейді Хамзат Сұлтанов.
Солтүстік Қазақстан облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев жолды кеңейту бойынша көлік министрлігімен бірге жоба-жоспарлар қаралып жатқанын атады.
– Қайта жаңартуға жоспарланған жолдың ұзындығы 165 шақырым. Оның 132 шақырымы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында жатыр. Жобаның бенчмаркингтік зерттеуі жүргізіліп, бір шақырым жол құрылысының құнын айқындау жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар аталған учаске жан-жақты зерттеліп, көпірлер мен жол өткелдерін салуды, инженерлік-техникалық құрылыстар орнатуды, су өткізу құбырларын жүргізуді қажет ететін тұстар анықталды. Қазір бұл мәселелер Көлік министрлігімен бірлесіп пысықталуда. Жобаны іске асыруды 2027 жылдан бастау жоспарланып отыр, – дейді Ерден Шортыбаев.
Басқарма басшысының мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бойынша республикада екінші орында тұр. Өңірдегі жол желісінің жалпы ұзындығы 8 мың шақырымнан асады. Бүгінде оның 90 пайыздан астамы нормативтік талаптарға сәйкес келеді.
Жобаның нақты техникалық шешімдері, құны және құрылыс кестесі толық бекітілгеннен кейін ғана жұмыстың нақты ауқымы белгілі болмақ. Алдын ала жоспар бойынша, құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау көзделіп отыр.
P.S.
Жолды кеңейту жайлылық үшін емес, адам өмірін сақтау үшін қажет. Төртжолақты тасжол теріскейдің экономикалық күретамырына айналып қана қоймай, талай отбасының көз жасына айналған қайғылы статистиканы тоқтатуға бағытталған нақты қадам болуға тиіс.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
