2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 116,8 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға жоғары.
Қазақстан шетелге көбірек тауар сатып, саудадан түсетін табысын арттырды
164
оқылды

Тоғыз айда сыртқы сауданың оң сальдосы екі есеге жуық ұлғайып, 20 миллиард доллардан асты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 116,8 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға жоғары. Сыртқы саудадағы өсімге негізінен экспорт көлемінің ұлғаюы ықпал етті. 9 айда экспорт 18,1%-ға артса, импорт небәрі 4%-ға өсті.

Сыртқы сауданың оң сальдосы екі есеге жуық ұлғайды

Қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстан шетелге 68,4 млрд доллардың тауарын экспорттап, 48,4 млрд доллардың өнімін импорттады. Нәтижесінде сыртқы сауданың оң сальдосы 20,1 млрд долларға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 11,4 млрд доллар болған. Осылайша, оң сальдо бір жылда 8,7 млрд долларға артып, шамамен 1,8 есеге ұлғайды.

Экспорттық түсімнің 36%-ы шикізаттық емес тауарларға тиесілі

Шикізаттық емес экспорт 19%-ға өсіп, 24,7 млрд долларға жетті. Оның жалпы экспорттағы үлесі 36%-ды құрады.

Бұл санаттағы негізгі экспорттық тауарлар қатарында мыс пен мыс катодтары, уран және күміс бар. Мыс пен мыс катодтарының экспорты 55,1%-ға өсіп, 4,4 млрд долларға, уран экспорты 29,1%-ға артып, 3,7 млрд долларға жетті. Ал күміс экспортының құны 2,2 есеге ұлғайып, 1,1 млрд долларды құрады.

Дегенмен металлургия өнімдері экспортының ақшалай өсіміне негізінен әлемдік нарықтағы бағаның қымбаттауы әсер етті. Мәселен, мыстың заттай экспорт көлемі 12,4%-ға, күмістікі 4,9%-ға, ал урандікі 9,8%-ға артқан. Яғни бұл тауарлар бойынша экспорттық түсім нақты жеткізілім көлеміне қарағанда әлдеқайда жылдам өскен.

Агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты заттай көлемде де өсіп келеді

Агроөнеркәсіп кешенінде өсім тек экспорттық түсімнің артуымен шектелмейді. Шетелге жеткізілетін өнімнің нақты көлемі де айтарлықтай ұлғайған.

- Күнбағыс майы. Экспорттық түсім 54,1%-ға өсіп, 731,4 млн долларға жетті. Заттай көлемі 40,5%-ға артып, 661,5 мың тоннаны құрады.

- Жануарларға арналған дайын жемшөп. Экспорт құны 55,6%-ға ұлғайып, 662,3 млн долларға жетті. Ал жеткізілім көлемі 40,9%-ға өсіп, 2,85 млн тоннаны құрады.

- Бидай және бидай-қарабидай ұны. Экспорттық түсім 34,8%-ға артып, 462,2 млн долларға жетті. Заттай көлемі 22,5%-ға ұлғайып, 1,59 млн тоннаны құрады.

- Бидай. Экспорт құны 26,8%-ға өсіп, 1,42 млрд долларға жетті. Шетелге 6,2 млн тонна бидай жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2%-ға көп.

- Зығыр тұқымы. Экспорттық түсім 2,1 есеге өсіп, 429,3 млн долларға жетті. Заттай көлемі 2,3 есеге ұлғайып, 881,7 мың тоннаны құрады.  

Күнбағыс майы, ұн және дайын жемшөп экспортының жалпы құны 1,86 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49%-ға артты.

Бұл көрсеткіштер Қазақстанның сыртқы нарықтарға тек ауыл шаруашылығы шикізатын ғана емес, ел ішінде өңделген, қосылған құны жоғары өнімдерді де көбірек шығара бастағанын көрсетеді.

Импорт құрылымында өндірісті жаңғыртуға қажетті тауарлардың көлемі артуда

Импорт құрылымында да өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, өндіріс пен инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған жабдықтарды сатып алу көлемі ұлғайған.

Электр генераторлық қондырғылардың импорты 71,1%-ға өсіп, 1,02 млрд долларға жетті. Турбореактивті қозғалтқыштар мен газ турбиналарының импорты 3,2 есеге ұлғайып, 616,7 млн долларды құрады. Ал теміржол локомотивтерінің импорты 4,1 есеге артып, 325,2 млн долларға жетті.Сонымен қатар жеңіл автомобильдер импорты 21,3%-ға қысқарды.

Қазақстанның сыртқы саудасының жартысынан астамы елге тиесілі

Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала береді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 26,9 млрд долларға жетіп, еліміздің жалпы сыртқы саудасының 23%-ын құрады. Одан кейін Ресей (20,8 млрд доллар) мен Италия (13 млрд доллар) тұр. Осы үш елдің үлесіне Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының 52%-ы тиесілі.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қытай қазақстандық тауарлардың ең ірі сатып алушысы ретінде қайтадан бірінші орынға шықты. Қытайға экспорт көлемі 12,2 млрд долларды құрап, Италияға жеткізілген тауарлар құнынан (12,1 млрд доллар) сәл асты. Ал Ресей Қазақстанға тауар жеткізетін негізгі ел болып отыр. Бұл елден импорт көлемі 15 млрд долларды құрады.

Экспорттағы өсім өңделген өнімдердің үлесін арттыруға мүмкіндік береді

Тоғыз айдың қорытындысы Қазақстан экспортының импортқа қарағанда едәуір жылдам өсіп келе жатқанын көрсетті. Соның нәтижесінде сыртқы сауданың оң сальдосы ұлғайып, өңделген өнімдердің экспорттағы үлесі артып келеді.

Әсіресе агроөнеркәсіп кешеніндегі көрсеткіштер назар аудартады. Бұл салада экспорттық түсімнің өсуіне бағаның өзгеруімен қатар, шетелге жеткізілетін өнім көлемінің ұлғаюы да ықпал еткен. Мұндай үрдіс Қазақстанның шикізат экспортына тәуелділігін біртіндеп азайтып, отандық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға негіз қалайды.