Атырау облысында қызылша жұқтырып, ауруханаға түскен бір жасар сәби қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Дәрігер Жұлдыз Қоспанованың мәліметінше, қайғылы жағдай 16 қарашада болған. Оның айтуынша, баланың ата-анасы туа біткен жүрек ақауына байланысты қызылшаға қарсы екпе салдырудан бас тартқан.
Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы сәбидің қайтыс болғанын растады. Ведомство мәліметінше, 14 қарашада бала Жылыой ауданынан санитарлық авиациямен облыстық инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Сол кезде оның жағдайы өте ауыр болған.
Дәрігерлер жүргізген қарқынды емге қарамастан, сәбидің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Басқарманың хабарлауынша, негізгі ауруының асқынуынан баланың екі өкпесі қабынып, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыған.
Дегенмен денсаулық сақтау басқармасы ресми мәлімдемесінде сәбидің өліміне қызылша инфекциясы тікелей себеп болғанын нақтыламады. Сондай-ақ баланың вакцина алмағаны туралы ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.
