Қазақстандық театр және кино әртісі Аян Өтепберген Испанияда өткен халықаралық кинофестивальде «Үздік әртіс» атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының әртісі бұл марапатқа Тенерифе аралында ұйымдастырылған X Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалінде қол жеткізді.
Аян Өтепберген «Sicko» фильміндегі рөлі үшін үздік деп танылып, Джек Тейлор атындағы жүлдені иеленді. Қазылар алқасы актердің кейіпкер бейнесін шынайы сомдап, драмалық көріністер мен юморды шебер ұштастырғанын ерекше атап өткен.
Фестивальде «Sicko» фильмі үш бірдей жүлдені жеңіп алды. Картина «Үздік толықметражды фильм», «Үздік актер» және «Үздік костюмдер» номинациялары бойынша үздік деп танылды.
Айта кетейік, Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалі жыл сайын Испанияның Канар аралдарында өтеді. Биыл оныншы рет ұйымдастырылған кинофестиваль 6–15 қараша аралығында өтті.
