Құрылтай бірінші оқылымда онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері жөніндегі екі заң жобасын, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін түзетулерді мақұлдады. Құжаттар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мақұлданған заң жобаларының жекелеген нормалары пайдаланушыларға қатысты. Атап айтқанда, жедел хабарлар сервистерін қоспағанда, 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларды әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салу көзделіп отыр. Ал уәкілетті органға 5 мыңнан астам жазылушы аудиториясы бар онлайн-платформалардың пайдаланушылар тізілімін жүргізу құзыреті беріледі.
Сонымен қатар білім беру курстары немесе белгілі бір саладағы оқыту материалы бар контентті тарату кезінде авторлар диплом немесе сертификатпен расталған тиісті білімі туралы мәліметтерді көрсетуге міндетті болады.
Сондай-ақ «оккульттік қызметтер» ұғымы енгізіледі. Бұл – табиғаттан тыс, паранормалды немесе ғылыми тұрғыдан расталмаған қабілеттер туралы мәлімдемелерге негізделген қызметтер. Мұндай қызметтер туралы контент оның ойын-сауықтық сипаты және ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағаны туралы ескертумен сүйемелденуге тиіс.
