Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының Гүлісхан Нахбаева, Дархан Ахмедиев, Жанарбек Әшімжанов, Екатерина Смышляевалар бастаған бір топ депутаттар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа, Ішкі істер министрі Ержан Саденовке сауал жолдап, жасанды интеллект арқылы адамның цифрлық бейнесі мен дауысын заңсыз пайдалану мәселесін көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Құрылтай депутаты Гүлісхан Нахбаеваның айтуынша, бүгінде жасанды интеллектінің заманауи технологиялары адам ешқашан айтпаған сөздерді айтатын, ешқашан жасамаған әрекеттерді жасайтын және шын мәнінде болмаған оқиғалардың қатысушысына айналатын кескіндер, бейнелер мен аудиожазбалар жасауға мүмкіндік берген. Бұған тіпті, отосурет немесе дауыс жазбасының өзі жеткілікті.
– Іс жүзінде бұл технологиялар адамның жеке басына қол сұғудың жаңа мүмкіндігін – оның сыртқы келбетін, дауысын және цифрлық бейнесін заңсыз пайдалануды тудырды. Және бұл тек болжамды қатер емес. Оның екінші жағы – ЖИ-і қылмыстық мақсатта пайдалану. Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлерінің жалған суреттері мен дауыстары бар алаяқтық схемалар туралы ескерткен болатын. Осындай дипфейк-роликтердің бірі 240 мыңнан астам қаралым жинады.
Адамның келісімінсіз интимдік суреттер мен бейнежазбаларды жасау ерекше қауіп төндіреді. Тіпті толығымен жасанды материалдың өзі жәбірленушінің беделіне, жеке өміріне және психологиялық жағдайына нақты зиян келтіре алады. Әсіресе, осал топқа әйелдер мен кәмелетке толмағандар жатады.
Қазақстан цифрлық ортада адам құқықтарын қорғау бойынша маңызды қадамдар жасады. Азаматтық кодекстің нормаларымен қатар қабылданған Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» Заң жеке тұлғаны қорғаудың заманауи құқықтық негізін қалыптастырып, цифрлық бірегейлік құқығын және жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі ашық пайдалануға қойылатын талаптарды бекітті, – деді Құрылтай депутаты Гүлісхан Нахбаева.
Оның айтуынша, азамат өз бейнесін немесе дауысын заңсыз пайдалануға тап болған жағдайда, қайда жүгіну керектігін, заңсыз материалды жоюға және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке қалай тартуға болатынын білуі тиіс. Және оны жедел әрекет етуі аса маңызды.
– Себебі жалған материал санаулы сағаттардың ішінде миллиондаған пайдаланушыға таралуы мүмкін, ал құқық бұзушылықтың салдары жылдар бойы сақталуы ықтимал. Халықаралық тәжірибе де тұлғаны қорғауды күшейту бағытында дамып келеді. Франция мен Ұлыбританияда дипфейктерді заңсыз пайдаланудың жекелеген түрлері үшін жауапкершілік қарастырылған, АҚШ-та адамның келісімінсіз интимдік суреттерді, оның ішінде ЖИ көмегімен жасалғандарын, жәбірленуші жүгінгеннен кейін 48 сағат ішінде жоюдың арнайы тәртібі жұмыс істейді.
2025 жылғы 2 қазанда өткен Digital Bridge халықаралық форумында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық трансформация жағдайында жасанды интеллектіні пайдаланудың құқықтық базасын қалыптастыру және азаматтардың құқықтарын қорғау қажеттігін атап өтті. Қазақстан бұл тәсілді жүйелі түрде іске асыруда. Келесі кезең – заңнаманы тиімді қолдануды қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың, құқық қорғау жүйесінің және онлайн-платформалардың өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету керек. Бұл ретте тұлғаны қорғау мен сөз бостандығы, журналистік, ғылыми және шығармашылық қызмет арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті қамтамасыз ету маңызды. Алайда адамның көпшілікке танымал болуы оның атынан жалған мәлімдемелер мен әрекеттерді шынайы деп көрсетіп, таратуға негіз болмауы тиіс, – деді ол.
Осыған байланысты депутаттар адамның бейнесін, дауысын және цифрлық бейнесін заңсыз пайдалану жағдайларын қарау кезінде қолданыстағы заңнаманың бірізді қолданылуын қамтамасыз ету. Азаматтардың өтініштерін қабылдауды, цифрлық дәлелдемелерді тіркеуді, құқық бұзушылықтардың жолын кесуді және кінәлі тұлғаларды заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартуды қамтитын ведомствоаралық бірыңғай ден қою алгоритмін әзірлеу керегін көтерді.
– Сонымен қатар, құқыққа қайшы синтетикалық контентті жедел анықтау және оның таралуын тоқтату мақсатында мемлекеттік органдардың онлайн-платформалармен, оның ішінде шетелдік платформалармен өзара іс-қимылын күшейту. Цифрлық бейнелерді алаяқтық мақсатта пайдалануға, интимдік сипаттағы дипфейктерге, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ қайтыс болған адамдардың бейнелерін заңсыз пайдалануға ерекше назарға алыну керек.
Үшіншіден, жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеудің тиімділігін арттыру, оның ішінде цифрлық криминалистика зертханасын құру, цифрлық сараптама әдістерін дамыту, заңсыз материалдарды дайындайтын және тарататын тұлғаларды анықтау, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру керек. Төртіншіден, құқық қолдану практикасына талдау жүргізіп, келіп түскен өтініштердің, анықталған құқық бұзушылықтардың, қабылданған ден қою шараларының, жауапкершілікке тартылған тұлғалардың санын және құқыққа қайшы контентті жоюдың нақты мерзімдерін бағалау. Талдау нәтижелері бойынша анықталған мәселелерді жою жөнінде жауапты мемлекеттік органдар мен орындау мерзімдерін көрсете отырып, нақты шараларды айқындау қажет, – деді Құрылтай депутаты.
