Қазақстанның халық ақыны, айтыскер Әсия Беркенова 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қаралы хабарды Құрылтай депутаты, ақын Жанарбек Әшімжанов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Қазақстанның Халық ақыны, аяулы апамыз Әсия Беркенова 77 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Өкінішті… Алла әйгілі Тұлғаның иманын жолдас, алдын пейіш, артын кеніш қылғай. Әсия Әйіпқызымен атамұра өнеріміздің бүтін бір дәуірі кетіп барады…», – деп жазды ол.
Жанарбек Әшімжанов ақынның дүниеден өтуін қазақ өнері мен мәдениеті үшін ауыр қаза деп бағалап, марқұмның туған-туыстары мен шәкірттеріне көңіл айтты.
«Барша әріптестеріне, ағайын-туыстарына, шәкірттеріне, артындағы ел-халқына қайғырып көңіл айтамыз. Бар ғұмырын Қазақтың өнері мен мәдениетіне арнаған асыл жанның бейнесі жанымыз барда жадымызда сақталады. Бақұл болыңыз, Апа…», – деді депутат.
Әсия Беркенова қазақтың дәстүрлі айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан ақындардың бірі және ол III дәрежелі «Барыс» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.
