Қазақстанда «Қала хикаялары» республикалық әдеби байқауына өтінім қабылдау жалғасып жатыр.
Қазақстанда үздік роман жазған авторға 100 мың доллар сыйақы беріледі
169
оқылды

Үздік роман жазған қаламгерге 100 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, байқау қазіргі қала өмірін, адамдардың тағдырын және қоғамдағы өзгерістерді көркем әдебиет арқылы суреттейтін жаңа қаламгерлерді анықтауға бағытталған.

Қатысушылар қала мәдениеті, ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың сабақтастығы тақырыптарын қамтитын романдарын ұсына алады.

Байқауға Қазақстан азаматтарының барлығы қатыса алады. Негізгі талап – шығарма бұрын еш жерде жарияланбаған және көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақ болуы керек. Бұл шамамен 400 мың баспа таңбасына тең. Әр қаламгер байқауға бір ғана роман ұсына алады.

Ұйымдастырушылар жеңімпаздарға қомақты ақшалай сыйақы қарастырған. Атап айтқанда:

Бас жүлде – 100 мың АҚШ доллары;

I орын – 75 мың АҚШ доллары;

II орын – 50 мың АҚШ доллары;

III орын – 30 мың АҚШ доллары.

Жеңімпаздарды белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы анықтайды. Шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Ақшалай сыйақыдан бөлек, жүлдегерлердің шығармасы жалпы 15 мың дана таралыммен жарық көріп, еліміздің кітапханаларына таратылады.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта байқауға 20 өтінім түскен. Шығармаларды қабылдау 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Байқауға қатысу үшін өтінімді qoljazba.bookfund.kz электронды платформасы арқылы жолдау қажет.

Қосымша ақпаратты 8 (7172) 74-04-07, 8 (7172) 74-03-84 және 8 (7172) 74-04-08 телефондары арқылы алуға болады.