Бүгінде әрбір ата-ана балаларының жан-жақты дамуына ден қойып, түрлі үйірмелерге қатыстырады. Соның ішінде футбол мектептеріне сұраныс артып, жекеменшік клубтар саны да көбейіп келеді. Алайда балаларды спортқа баулуды мақсат еткен оның бәрі бірдей сапалы қызмет көрсетіп отыр ма?
Балалар футболы: спорт па, әлде бизнес пе?
фото: www.istockphoto.com
198
оқылды

Әлде балалар футболы біреулер үшін табыс көзіне айналған ба? Ата-аналар төлеген қаражат қайда жұмсалады? Жарыстардың ақылы болуы тиімді ме? Балалардың қауіпсіздігі мен жекеменшік футбол мектептерінің жұмысына кім жауапты? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздедік.

Әрине, кез келген ата-ана баласын футболға кәсіби спортшы болсын деген мақсатпен ғана бермейді. Ең әуелі баланың дені сау болып өскенін,  қандай да бір қабілетті меңгергенін қалайды. Әйткенмен, кейбір отбасылар үшін баланың футболмен айналысуы қосымша қаржылық міндеттемеге айналып барады. Оны бірінің қалтасы көтерсе, енді бірінде жетіспей жатады.

Астаналық Айғаным есімді ананың 5-сынып оқитын ұлы AlBYN футбол мектебінде жаттығады екен. Оның ай сайынғы жаттығу ақысы – 35 000 теңге. Осыған байланысты екіжақты келісімшарт жасалып, төлемнің түбіртегі белгіленген тәртіппен расталады. Егер жаттығу мектептің тарапынан тоқтап не болмаса сапасыз өткізілсе, қаражаты қайтарылады екен.

Айтуынша, ай сайынғы төлем жаттығу процесі мен оны ұйымдастыру шығынын қамтиды. Ал форма, жеке спорттық жабдықтар және сыртқы жарыстарға қатысу шығыны бөлек төленеді. Қосымша шығынның көлемі әр іс-шараның ерекшелігіне байланысты.

– Бүкіл жарысқа бекітілген сома жоқ. Сол себепті әр жарыстың шығыны әртүрлі. Негізі жарыстың өтетін орнына, ұзақтығына, жол жүруі, қонуы және ұйымдастыру жарнасына қарай есептеледі. Әр сапар алдында ата-аналарға қажетті қаражат жайлы алдын ала ақпараттандырады. Мысалы, шетелдік жарыстарға, әсіресе Еуропаға сапар 1-2 миллион теңгеге шығады. Ал Алматыға турнирге қатысу 350 мыңға шықты. Оның үстіне, көліктің қандай түрімен барады: пойыз, ұшақ соған да байланысты.

Өкінішке қарай, баласын Еуропаға жарысқа жіберуге көбінің қаржылық мүмкіндігі жете бермейді. Салдарынан футболға қабілеті жоғары, болашағынан үлкен үміт күттіретін балалар халықаралық аренаға шыға алмайды. Осындай кезде балалар футболына жанашыр жанның қолдауы болса, демеушілік етсе деп тілейміз. Өйткені осындай турнирлер бизнеске айналып кеткен. Олардың ұйымдастырылуы да өте көп. Кейде қайсысына, неге сүйену керегін  білмейміз, – деді Бексұлтанның анасы Айғаным (ред. аты өзгертілді).

Ол өз сөзінде егер бала жарысқа барудан бас тартса, негізгі құрамнан шеттетілмейтінін айтты.

– Отбасының қаржылық мүмкіндігі баланың футболдағы болашағына кедергі емес. Жарысқа қатысатын құрамды жаттықтырушылар спорттық деңгейіне, дайындық сапасына және команданың тактикалық міндеттеріне қарайды. Меніңше, мұндай мектептер әр баланың қабілетін ашуға, мінезін қалыптастыруға, тәртіпке және жауапкершілікке тәрбиелеуге, оны жаңа қырынан аша түседі, – дейді ол.

Тағы бір астаналық көпбалалы ана балалар футболының ақша табудың жолына айналғанын қозғады. Айтуынша, оның әр баласы футболдың түрлі мектебінде ойнайды. Әрқайсысының төлемі де, талабы да әртүрлі. 

– Рас, бүгінде футбол бизнеске айналған. Ақша табудың көзіне айналғанын мойындау керек. Бірақ қазір футбол бұрынғыдан гөрі жақсы дамыған. Мысалы, 2010 жылғы баламды 9 жыл бұрын футболға апарғанымда ешқандай таңдау болмады. Барына шүкірлік еттік. Қазір жағдай өзгерген, бәрі – жекеменшік әрі ақылы. Барлығы қаржыға тіреледі, бірақ таза бәсекелестік бар. Бәсеке бар жерде сапа болады. Бұл – балаларымыздың шетелдік клубтарға шығуға мүмкіндік береді, – деді Айсара (ред. аты өзгертілді).

 Балалар футболы – ата-ана үшін қосымша қаржылық жүктеме 

Жанна есімде астаналық келіншек 12 жастағы егіз ұлдарының арманы үздік футболшы болу дейді.

Оның айтуынша, Батырлан – қақпашы, ал Байырлан – қорғаушы. Олар футболдың жаттығуына қатысып қана қоймай, PlayStation арқылы да футбол ойнап, есіл-дерті – үздік ойыншы атану. Одан қалса, олар кешкісін көрші тұрғын үй кешендеріндегі балалармен командаларға бөлініп, аулада футбол ойнайды.

– Осы уақытқа дейін балаларым екі футбол мектебін ауыстырды. Алғашында «Бешикташ – Қазақстан» футбол клубында жаттықты. Алайда жаттықтырушылары жиі ауысып, жүйелі дайындық болмады. Кейін  ZhaStar  футбол мектебіне ауысып, жарты жылдай жалпы топта жаттықты. Бұл кезеңде ақылы турнирлерге де қатысты. Біраз уақыттан кейін балалардың қабілетін байқап, сол мектептің «Альмааз» арнайы тобына шақырды. Қазір аптасына үш рет кешкі уақытта жаттығады, – дейді Батырлан мен Байырланның анасы.

Бұрын әр балаға айына 30-35 мың теңге төлесе, арнайы топқа ауысқалы егіздің әрқайсысына 45 мың теңгеден төленеді. Нәтижесінде, екі баланың жаттығуына ай сайын 90 мың теңге жұмсалады.

– Футбол формасын бөлек сатып алдық. Мектеп келісімшарт ұсынады, ал төлемді Kaspi арқылы сілтемемен немесе Halyk арқылы шот бойынша аударамыз. Бұдан бөлек, балалардың спорттық киімдері мен жабдықтарына да шығын шықпай тұрмайды. Бала болған соң өседі, аяғының өлшемі ауысып отыратыны тағы бар. Қорғаныш қалқаншасын жиі жоғалтқыш, оны аламыз. Қақпашының қолғабы ол тозады, оны ауыстырамыз. Шынын айтқанда, осының бәрі – ата-анаға қосымша қаржылық жүктеме.

Турнирлерге қатысу ақысы да жаттығу төлеміне кірмейді. Жақында жасөспірімдер арасында өткен қалалық турнирге бір жарым айға жуық уақыт бойы әр демалыс сайын қатысып, әр бала үшін 25 мың теңгеден төледік. Сөйтіп, балалар үшінші орын алып, медаль мен грамоталарын иеленіп, командасы кубокты жеңіп алды. Ұлдарымның қуанышында шек болмады. Сондай кезде артық жүктемені, шығынды ұмытып кетесің. Десе де, әрбір турнирдің ақылы өтуі қалтаға салмақ. Мысалы, қаңтар айында Алматыда өтетін турнирге шақырып жатыр. Бір балаға шамамен 150-200 мың теңге жұмсалмақ. Әрине, турнирге қатысуды ешкім міндеттемейді. Баланың өз қалауы, қаламаса, қатыспай қояды, – деді егіздің анасы Жанна.

Ақылы турнир сапалы қызметтің кепілі ме?

Айтуынша, егер бала жаттығуға дәлелді себепсіз, яғни медициналық анықтамасыз келмесе, оның төленген ақшасы қайтарылмайды. Оның балаларды өзге клубқа ауыстыруы себепсіз болмаған.  ZhaStar  мектебіндегі алғашқы топтың жаттықтырушысы балаларды турнирден кейін алаңда қалдырып кеткен екен.

– Бірде қаланың өзіме таныс емес ауданында турнир өткен. Біткеннен кейін балаларды қалдырып, өзі кетіп қалған. Содан оларды әкету үшін такси шақырдым, бірақ жүргізуші көрсетілген орынды таба алмай біраз әбігерге түсірді. Жаттықтырушыға хабарласып, неге балаларды қараусыз қалдырғанын, бәрінің аман-есен үйлеріне жетуін неге қадағаламағанын сұрап едім, өз міндетіне жатпайтынын айтып, менімен сөзге келгені бар. Міне, осыдан кейін балалармен жұмыс істейтін адамға жауапкершілік екі есе жүктелуі керек. Әсіресе, жарыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне баса мән беріліп, алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын мамандар, кем дегенде, спорт дәрігері болуы қажет. Бұл жағдай бойынша футбол мектебінің басшылығына да хабарласып едім, сонда ғана жаттықтырушыға сөгіс береміз деді. Оның өзі ата-ананың ашуын басу үшін айтылған сөз-ау деймін.

Сондықтан айтарым, білікті жаттықтырушы, ұйымшыл команда және бір-бірімен тіл табыса алатын ата-аналар бір жерден табыла бермейді. Табылған жағдайда ең әуелі балалардың қауіпсіздігіне мән беріледі. Әрине, балаларым футболды жақсы көреді, сол арманына ақша төлеймін. Ал футбол мектептері осыдан табыс тауып отырғаны рас, – деді ол.

 

 Ақылы жарыс пен тегін жарыстың айырмашылығы неде?

 «Самрұқ» футбол клубының негізін қалаушы Ажар Хабиева ақылы мен тегін турнирдің айырмашылығын айтып берді. Оның бұл салада жүргеніне 5 жылдан асқан. Олар тек балаларды футболға жаттықтырып қана қоймай, ауыл балаларын етін тірілтіп, серпілту үшін футбол турнирін де өткізіп тұрады.

Оның айтуынша, футболдан тегін турнирлер болып тұрады. Олар ата-аналарға қаржылық салмақ салмағанымен, оның ақсап жатқан тұсы да жетіп артылады.

– Бірде тегін турнир деп Райымбек жақтағы тау бөктерінде орналасқан алаңға бардық. Әбден тозығы жеткен алаң екен, балалар сүрініп, құлап жатты. Сонда аналар «одан да ақша төлеп, талапқа сай, жақсы турнирге қатысайық» деп шықты. Әкім кубогына қатыстық, онда да алаңда ешқандай стандарт сақталмаған, талапқа сай емес еді. Ешқандай медициналық қызметкер де жоқ. Қандай  да бір жарақат алса не істейміз? Қажетті дәрі-дәрмекпен де қамтылмаған. Сөйтіп, ақылы турнирлерге қатысуды жөн көрдік. Командамыз үшін жарна төлейміз, есесіне, медициналық қызметкері болады.

Сондай-ақ ойыншыларды жасына қарай іріктеу талаптары сақталады.  Әйтпесе, біздің балаларға қарсы өздерінен бір-екі жас үлкенін де ойнатып жібереді. Міне, тегін турнирдің ақылыдан айырмашылығы – осы. Сол себепті ақылы қызмет көрсететін жеке клубтарды қолдаймын. Иә, оларда жаттығу ақылы, бірақ олар сапалы қызмет көрсетуге, нәтиже шығаруға тырысады, – деді ол.

Балалардың қауіпсіздігіне кім жауап береді?

Клуб жетекшісі қолынан келетіні – демеушілер іздеу, кейбір компанияларды тартып, шығынның бір бөлігі жабуға тырысады. Оның сөзінше, турнирге қатысу немесе сапарға шығу шығыны өтелсе де, ата-аналарға бәрібір қаржылық салмақ түседі. Себебі клуб турнирге мүлде ақы төлемей қатыса алмайтынын меңзеді.

– Мысалы, біздің клуб ауылдық жерде орналасқан. Төрт күндік сапарға бір баланың шығыны – 55 мың теңге. Бұл – барлық шығынды қосқандағы сома. Әрине, жаттықтырушының еңбегін құрметтеймін. Бірақ кейбіреуі коммерцияға қатты беріліп, бағасын асқақтатып жібереді. Ал ата-аналар оларға көзсіз сеніп, ақысын төлей береді. Салдарынан жаттықтырушының еңбегін құнсыздандырып, клубқа деген сенімін жоғалтады.

Әрине, сайысқа барарда күніне үш рет кафеде тамақтандырсақ, шығын 50 мың емес, 60-100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Жалпы, басқа қалаға барғанда сырттан немесе кафеден тамақтанбаймыз. Алда-жалда уланып қалса, оған кім жауапты? Сондықтан біздің ұстанымымыз – балалар тамақ дайындауды, ыдыс жууды үйреніп, өз тазалығына өзі жауап беруі. Сол себепті сапарға шыққанда тамақты бәріміз бірге дайындаймыз. Бір тобы жаттықтырушымен ас әзірлесе, екінші тобы менімен бірге ыдыс жуады. Біз мұны еңбек терапиясы деп атаймыз. Мұның тағы бір пайдасы: балаларды бір-біріне  жақындата түседі. Өйткені футбол – командалық ойын. Бір бала бәрін істеп, қалғаны соның еңбегін пайдаланбауы керек, – деді ол.

Оның сөзінше, негізі турнир жарнасын төлеп беретін демеуші іздейтінін жасырмады.

– Алматының өзінде 300-ге жуық жеке футбол клубы бар. Бұл – біз қатысатын қалалық лигалар. Кейде турнирлерге 300-ге дейін команда қатысады. Мысалы, Алматыдағы турнирге бір құрамның қатысу жарнасы шамамен – 70-80 мың теңге. Мысалы, үш құрамды тіркесем, әрқайсысына 70 мың теңгеден есептегенде, 210 мың теңге төлеуім керек. Әдетте жаттықтырушылар бұл соманы командадағы балалардың санына бөліп есептейді. Сонда бір балаға 4-5, 6-7 мың теңгеден келеді. Кейде 10 мың теңгеге дейін жетеді. Негізі, бұл – қатып қалған баға емес. Ашық айтсақ, мұнда жаттықтырушының адалдығы мен коммерциялық мүддесі үлкен рөл атқарады, – дейді Ажар  Хабиева.

Еліміздің Футбол федерациясының 2025 жылғы қыркүйектегі мәліметі бойынша, Қазақстанда 300-ден астам жекеменшік футбол мектебі бар. Оның ішінде Балалар-жасөспірімдер футбол департаменті (БЖФД ҚФФ) ұйымдастыратын жарыстарға кәсіби 19 футбол орталығы, 2 футбол академиясы және құрамында дайындық топтарының командалары бар 9 футбол клубы қатысады. Ал биылғы жылға қанша жекеменшік футбол клубтары ашылып, бүгінде қаншасы жұмыс істеп тұрғаны жайлы Қазақстанның Футбол федерациясы ресми сауал жолдаған едік, олар жауап бермеді. Дегенмен Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне сәйкес, 242 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 40 мыңнан астам жас футболшы жаттығады екен.

Футболдағы  экипировканың өзі арзан тұрмайды. Бірі базардан 2 мың теңгеге форма сатып ала салса, бір айдан кейін қайта ауыстыруға тура келеді. Ал ірі клубтар арнайы цехтарда форма тіктіртеді. Олардың ең арзаны  – 25 мың теңгеден жоғары.

Ажар  Хабиева балаларына форманы 9-10 мың теңгеге тіктіретінін айтты. Оның сөзінше, біреу форманы 10 мың теңгеге тіктіріп, ата-аналарға 25 мың теңгеге сатуы мүмкін. Оны ешкім бақылап отырған жоқ.

«Сапалы мата мен жақсы баспа қолдануға тырысамыз. Балалар оны тозғанша емес, өскенше киеді. Сондықтан арзанырақ тігін цехтарын іздеуге мәжбүрмін. Тіпті, тігіншімен бірге барып, матаны өзіміз таңдап, сатып аламыз. Егер бала команданың формасын кимесе, өзін соның мүшесі ретінде сезінбеуі мүмкін. Үкімет клубтар үшін арнайы тігін цехтарын ашып, «форманы осындай бағамен тіктірейік» десе, бәрімізге әлдеқайда жеңіл болар еді», – деді ол.

Балалар футболын дамыту үшін не өзгеруі керек?

Клуб басшысының турнирмен еліміздің өзге аймақтарын аралап, онда инфрақұрылымның жақсы дамығанын байқаған. Тіпті, әр жерде футбол алаңы, балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін футбол мектептері бар. Осы жағынан алғанда Алматы мен оның айналасындағы елді мекендер артта қалып отыр. Мемлекеттік футбол мектептері Алматыда жоқтың қасы, тіпті мүлде жоқ дейді.

– Балалар футболын дамыту үшін ең алдымен, сапалы әрі қауіпсіз инфрақұрылым қажет. Ол үшін міндетті түрде қымбат спорт кешендерін салу шарт емес. Қарапайым, талапқа сай футбол алаңдарының өзі жеткілікті. Алайда мектеп аулаларындағыдай жердің бір бөлігіне қақпа орната салу футбол жаттығуларына қолайлы жағдай жасамайды. Өйткені алаңның сапасы жаттығу барысына да, балалардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді.

Мысалы, біз тұратын ауылда футбол инфрақұрылымы мүлде жоқ. Әкімдік ауыл орталығына тегін футбол алаңын салғанымен, оның айналасы биік бетонмен қоршалған. Мен әкімге бұл жерде балаларды жаттықтыру қауіпті екенін, бала құлаған жағдайда басын бетонға соғып алуы мүмкін екенін ескерткенмін. Ертең жаттығу кезінде бала жарақат алса, оның қауіпсіздігіне кім жауап береді? Өкінішке қарай, муниципалдық алаңдардың көбі қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Олар көбіне тез әрі арзан салынған.

Сондықтан біз жекеменшік алаңдарды немесе спорт кешендерін жалдауға мәжбүрміз. Оның бір сағаттық ақысы кемінде 10 мың теңгеден басталады. Мұндай шығынды өтеу үшін ата-аналардан абонемент ақысын жинауға тура келеді. Мәселен, кейбір жекеменшік клубтар жабық әрі жылытылатын алаңда жаттығу өткізгені үшін айына 25 мың теңге алады. Осылайша, балалардың қауіпсіз жерде спортпен айналысуы ата-аналардың қаржылық мүмкіндігіне тәуелді болып отыр, – деді Ажар  Хабиева.

Ол балалар спортына мемлекеттік қолдау көрсету жүйесін де қайта қарау қажет деп есептейді. Айтуынша, мемлекеттік субсидия бөлу кезінде конкурсқа қатысу мүмкіндігі тек дене шынықтыру мұғалімдерімен шектелмеуі керек. Оған кәсіби жаттықтырушылар да қатысып, өздерінің сертификатын, біліктілігі мен жұмыс тәжірибесін ұсына алуы қажет. Өйткені дене шынықтыру мұғалімі мен кәсіби жаттықтырушының міндеті екі түрлі.

– Біріншісі балалардың жалпы дене дайындығымен айналысса, екіншісі белгілі бір спорт түріне маманданып, баланың кәсіби шеберлігін қалыптастырады. Қазір «Даму бала», «Артспорт» бағдарламалары арқылы тегін секциялар жұмыс істегенімен, бұл жүйеде кәсіби жаттықтырушылардың мүмкіндігі шектеулі. Ал кейбір жағдайларда мемлекеттік қолдауға ие болған ұйымдар жүздеген баланы жинағанымен, олардың спорттық дайындығы мен нәтижесіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Сондықтан балалар спортын дамытуда жеке сектордың әлеуетін кеңінен пайдаланып, футбол клубтары арасында әділ әрі сау бәсекелестік қалыптастыру қажет, – деді Ажар  Хабиева.

Спорт сарапшысы Ардақ Тоғым болса еліміздегі әсіресе, балалар футболының дамуына байланысты көптеген мемлекеттік бағдарламалар шығып жатырғанын, оны  заңдылық тұрғыда қорғайтын ережелері де барын сөз етті.

– Мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, әр аймақта жасөспірімдерге арналған футбол мектептері, академиялар салынып, арнайы бағдарламалар шығып жатыр. Бұл жағынан мемлекет өзіне тиесілі міндетті орындауда. Одан бөлек, Қоғамдық бірлестіктер, яғни федерациялар облыстық, республикалық деңгейіндегі, міне бұлар да  өз үлесін қосуы тиіс. Бес саусақ бірдей емес қой. Футболды жақсы көретін басшылар, әкімдер болады. Ол жақтағы футбол дамып жатқаны көрініп отыр. Әртүрлі жағдайға байланысты, кейде федерациялар мен басшылардың әлсіздігінен де футбол ақсап жатады. Арасында меценаттар өз өңірінде кішігірім клуб салып, футболдың көркеюіне атсалысып жатады. Жалпы алғанда, бұқаралық футболдың жағдайы жаман емес.  Ал енді алаңды тегін беру қазіргі нарық заманында мүмкін емес. Ол жағынан келгенде ата-аналар өз қалтасынан ақша шығаруы керек болады.  Оның үстіне, Президент өз Жолдауында кәсіпкерлер, қалталы меценаттар, бизнесмендер әр клубқа өзінің үлесін қосып, қамқоршы болуға шақыратынын айтқан. Міне, бір жылдың ішінде бұл бағытта да көптеген клубтар жекешеленіп,  кәсіби футболға үлес қосып жатыр, – деді Ардақ Тоғым.

Оның айтуынша, мемлекеттік спорт мектептерінде жарысқа бару мен оқу-жаттығу жиындарының шығынын мемлекет көтереді. Ал жекеменшік клубтарда бұл шығын көбіне ата-аналардың есебінен төленеді. Мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, балалар спортын дамытуға кәсіпкерлер, демеушілер мен меценаттар да атсалысуы керек.

– Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестікпен көптеген кәсіпкерлер өз аймағындағы футболдың дамуына атсалысып жатыр. Жетісу облысында Оспанов деген белгілі кәсіпкер өзі туып-өскен жерінде балаларға арнап мектеп, интернат, колледж салып берген. Онда олимпиаданың барлық спорт түрлері қамтылған. Одан бөлек, жаттықтырушылар мен қызметкерлердің айлығы секілді бүкіл шығынды өзі төлеп отыр. Сондай азаматтар көп болса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді ол.

Спорт сарапшысы Ардақ Тогумов жекеменшік клубтардың көбеюі баланың спорттық нәтижесіне кері әсер етпейді деп санайды.

 – Нарық заманында әр істің өз пайдасын неге көрмеске? Ақылы клубтар қалай көп болса, сол секілді сыйақылар да көбейіп жатыр. Мысалы, әр ата-ана 10-нан 18 жасқа дейінгі баласына ақша құяды десек, оның жетістігі жақсы болса, жүлде қорына ие болып, сыйақы алуының несі жаман?! Бұл баланы талаптандыру, оған мотивация беру деген сөз. Қазіргі таңда әлеуметтік желіден де көресіздер, көптеген жеңімпаздар әлемдік додада жеңімпаз атанып, сыйға пәтер, көлік алуда. Мемлекет тарапынан олимпиада ойындарынан кейін бірінші мен алтыншы орынға дейін сыйақысы мен пәтері заңдастырылған. Бүгінде спорт деген – қазіргі заманда бизнес. Қаншама шығын, жарақат, оның бәрі ақшаны қажет етеді. Әр істің, әр жұмыстың ақысы болуы керек, – деді ол.

Оның айтуынша, жаттықтырушылардың біліктілігі де біртіндеп артып келеді. Шетелдік мамандар шақырылып, халықаралық тәжірибе мен заманауи жаттығу әдістері енгізілуде. Дегенмен талантты балаларды анықтап, кәсіби деңгейге жеткізу үшін бұқаралық футболды кеңінен дамытуымыз керек. Футболмен айналысатын балалар көбейген сайын, олардың арасынан болашақ кәсіби ойыншыларды іріктеу мүмкіндігі де артады.

– Меніңше, қалыптасқан жүйені түбегейлі өзгертуден гөрі, оны жетілдіріп, қолдауды күшейту қажет. Қазір мектептерде футбол сабақтары, «Темір доп», «Былғары доп» секілді жарыстар өткізіліп, жекеменшік клубтар ашылып жатыр. Мемлекет осы салаға инвестиция салатын кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер беріп, жер телімін бөлу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерінде қолдау көрсетсе, балалар футболы да дами түсер еді, – деді Ардак Тогумов.

Тағы бір өзекті мәселе – инфрақұрылым. Жылдың алты-жеті айы ауа райына байланысты еліміздегі ашық алаңда жаттығу өте қолайсыз. Сондықтан жабық футбол кешендерін көбейту қажет. Сонымен қатар мемлекеттік спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың еңбекақысын да назардан тыс қалдырмаған жөн.

Жалпы, Қазақстан футболын тек ұлттық құраманың нәтижесімен бағалауға болмайды. Кәсіби және бұқаралық футболды, соның ішінде балалар футболын бөлек қарастыру қажет. Бұл салада тек мемлекетке сеніп отырмай, жеке клубтар мен кәсіпкерлердің де жауапкершілігін арттыру керек. Шетелде клубтар демеушілік, трансляция және маркетинг арқылы өздері табыс табады. Біз де біртіндеп осындай қаржыландыру жүйесіне көшуіміз қажет. Мемлекеттік қолдау мен жеке сектордың белсенділігі қатар жүргенде ғана балалар футболын дамытуға мүмкіндік туады.

P/S: Балалар футболының дамуы тек жаңа клубтар ашу немесе жарыстар санын көбейтумен өлшенбейді. Ең алдымен, әр баланың сапалы жаттығуға, қауіпсіз алаңда ойнауға және қабілетіне қарай кәсіби өсуге мүмкіндігі болуы керек. Ал ата-ананың төлеген қаражаты нақты қандай қызметке жұмсалып жатқанын білуі, клубтардың жауапкершілігі мен қызмет сапасының бақылауда болуы маңызды. Өйткені футбол баланың арманына айналса, сол арманды жүзеге асыру – ата-ананың ғана қаржылық мүмкіндігіне тәуелді болмауға тиіс.