Елордада Халықаралық студенттер күніне орай JASTAR JALYNY – 2026 атты ауқымды студенттік фестиваль өтті.
Жастар жалыны жарқыраған фестиваль
130
оқылды

Екі күнге созылған мәдени-спорттық іс-шара бас шаһардағы жоғары оқу орындарының студенттерін бір алаңға тоғыстырып, жастардың өнері мен өрісін, білімі мен білігін, спорттық шеберлігі мен шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік берді. 

16-17 қараша күндері Қазақ ұлттық спорт уни­верситетінде өткен фестиваль Астана қа­ла­сының Жастар саясаты мәселелері басқар­ма­сы­ның қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараның бас­ты мақсаты – студент жастардың шығар­ма­шы­­лық және спорттық әлеуетін арттыру, олар­дың бастамаларына қолдау көрсету, білім мен өнерге деген қызығушылығын ынталандыру, сон­дай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы ын­тымақтастықты нығайту.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта Астанада 20 жоғары оқу орны бар. Олардың қатарында халықаралық білім беру кеңістігінде танылған шетелдік университеттердің төрт филиалы бар. Атап айтқанда, Cardiff University, Coventry University, М.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университеті және Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (МГИМО) елордада білім беру қызметін жүзеге асырады.

Бұл оқу орындарының қызметі студенттердің сапалы білім алуына, халықаралық академиялық ортаға бейімделуіне және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуіне қосымша жағдай жасайды. Әлемдік білім беру жүйесімен ықпалдастықтың артуы елорданың интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға да септігін тигізеді.

Бүгінде Астананың жоғары оқу орындарында 131 мыңға жуық студент білім алады. Олардың ара­сында әлемнің әртүрлі мемлекетінен келген 5,3 мыңға жуық шетелдік студент бар. Бұл көр­сет­кіштер елорданың халықаралық білім беру ор­та­лығы ретіндегі орнының нығайып келе жат­­қанын аңғартады. Әртүрлі мәдениет пен бі­лім беру дәстүрінің тоғысуы студенттердің дү­ние­танымын кеңейтіп, өзара түсіністік пен ын­ты­мақтастықтың қалыптасуына мүмкіндік береді.

Осындай көпқырлы студенттік ортаны бір ар­наға тоғыстыратын бастамалардың бірі – JASTAR JALYNY – 2026 фестивалі. Екі күнге жос­пар­ланған іс-шара бағдарламасы спорттық, шы­ғармашылық және зияткерлік бағыттарды қамтыған 10 номинациядан тұрды. Әрбір байқау жастардың қабілетін танытуға, өзара тәжірибе ал­масуына және саламатты бәсекелестік мәде­ние­тін қалыптастыруға бағытталды.

Спорттағы серпін, өнердегі өріс

Фестивальдың спорттық бөлімі тартысты бә­­секелерге ұласты. Студенттер киберспорт, фут­зал, волейбол, шахмат және үстел теннисі бойын­ша өзара сынға түсті. Әр команда мен қа­ты­сушы өз оқу орнының намысын қорғап, спорт­тық дайын­дығы мен шеберлігін көрсетуге ұм­тылды.

Спорттық жарыстардың мәні тек жеңімпазды анық­таумен шектелмейді. Мұндай сайыстар жас­тарды табандылыққа, жауапкершілікке, тәр­тіпке және өзара қолдауға баулиды. Әсіресе фут­зал мен волейбол секілді командалық ойын­дар­да ортақ мақсатқа жұмылу, бір-бірінің мүм­кін­дігін бағалау және үйлесімді әрекет ету маңыз­ды рөл атқарады. Ал шахмат пен үстел тен­нисі қатысушылардың шапшаң шешім қа­был­дауына, зейінін шоғырландыруына және ст­ратегиялық ойлау қабілетін жетілдіруіне мүм­кіндік береді.

Заманауи жастардың қызығушылығын ес­керген фестиваль бағдарламасында киберспорт­қа да орын берілді. Цифрлық технологиялар күн­­­де­лікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған кезең­де киберспорт жастар арасында кеңінен таны­лып келеді. Бұл бағыт қатысушылардың жылдам ой­лау, ақпаратты жедел саралау және команда­лық үйлесімділік дағдыларын көрсетуіне жағдай жасады.

Фестивальдың шығармашылық бөлімі де мазмұндық жағынан сан қырлы болды. Жастар заманауи би, ұлттық қазақ биі, ұлттық музыкалық ас­паптарда орындаушылық шеберлік және эстра­далық вокал номинациялары бойынша өнер көрсетті.

Әсіресе ұлттық өнерге арналған бағыттардың бағдарламаға енгізілуі айрықша мәнге ие. Өйт­кені ұлттық мәдениеттің өміршеңдігі оны жас ұрпақтың қаншалықты танып, бағалап, жалғас­тыра алуымен тығыз байланысты. Қазақ биінің көркемдік ерекшелігін таныту, ұлттық аспаптар­дың үнін дәріптеу және дәстүрлі өнерге қызығу­шы­лықты арттыру жастардың рухани дүниесін байыта түседі.

Ал заманауи би мен эстрадалық вокал бағыт­тары студенттердің бүгінгі өнер кеңістігіндегі із­деністерін көрсетуіне мүмкіндік берді. Осы­лай­ша, фестиваль сахнасында ұлттық құнды­лық­тар мен қазіргі шығармашылық үрдістер өзара сабақтастық тапты.

Жалпы, студенттердің шығармашылық бел­сен­ділігін қолдау олардың бойындағы талантты ашумен қатар, көпшілік алдында еркін сөй­леуі­не, өзін сенімді ұстауына және жаңа идеяларды жү­зеге асыруына ықпал етеді. Сондықтан мұн­дай мәдени шаралардың тәрбиелік әрі әлеуметтік маңызы зор.

Кітап оқитын ұрпақтың таным көкжиегі

Фестиваль аясындағы ерекше бағыттардың бірі – KITAP QUIZ зияткерлік байқауы. Бұл сайыс жастардың кітап оқуға деген қызы­ғушы­лы­ғын арттыруды, олардың білім көкжиегін кеңей­туді және интеллектуалдық әлеуетін дамы­туға қолдау көрсетуді мақсат етті.

Ақпарат ағыны үздіксіз жаңарып, цифрлық тех­нологиялар қарқынды дамыған қазіргі қо­ғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңы­зы арта түсті. Кітап адамның ойлау жүйесін да­мытып, сөздік қорын байытады, дүниета­ны­мын кеңейтіп, түрлі мәселеге тереңірек үңілуіне мүм­кіндік береді. Әсіресе студенттік кезеңде қа­лыптасқан оқу дағдысы болашақ маманның кә­сі­би және тұлғалық дамуына берік негіз қа­лай­ды.

Осы орайда KITAP QUIZ байқауының фес­тиваль бағдарламасына енгізілуі кездейсоқ емес. Ұйымдастырушылар бұл бағыт арқылы жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттауды, танымдық белсенділікті арттыруды және білімге құштар ортаны қалыптастыруды көздеді.

Сонымен қатар зияткерлік сайыс Мемлекет бас­шысының бастамасымен қолға алынған «Кі­тап оқитын ұлт» жалпыұлттық идеясын ілге­рі­ле­туге бағытталды. Бұл бастаманың түпкі мәні – кітап­ты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне ай­налдыру, жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыру және қоғамда оқу мәдениетін ор­нықтыру.

Студенттік ынтымақтың жаңа алаңы

Қазіргі жастар саясатының негізгі міндеттері­нің бірі – өскелең ұрпақтың әлеуетін толық ашу­ға мүмкіндік беретін қолайлы орта қалыптас­тыру. Бұл ретте жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қоғамдық бастамаларын қол­дау, шығармашылық ізденісіне жол ашу және са­ламатты өмір салтын насихаттау өзекті бағыт­тар қатарында.

JASTAR JALYNY – 2026 фестивалі осы мін­дет­тер­ді бір арнаға тоғыстырған шара ретінде ерек­шеленді. Өйткені мұнда спорт, өнер және бі­лім бір-бірінен бөлек қарастырылмай, студент­тің жан-жақты қалыптасуына ықпал ететін өзара сабақтас бағыттар ретінде ұсынылды.

Бір жағынан, спорттық жарыстар жастардың фи­зикалық белсенділігін арттыруға және ко­ман­да­лық рухын нығайтуға бағытталса, екінші жа­ғы­нан, шығармашылық байқаулар олардың эсте­тикалық талғамын қалыптастырып, өнерге де­ген ынтасын оятуға мүмкіндік берді. Ал зият­кер­­лік сайыстар білімге құштарлық пен ізденім­паз­дықтың маңызын айқындай түсті.

Екі күнге созылған JASTAR JALYNY – 2026 фес­тивалі жастардың бойындағы жігер мен жа­сам­паздықты, өнерге құштарлық пен білімге ұмты­лысты ұштастырған мазмұнды шара болды. Ол студенттердің өз мүмкіндігін көрсетуіне жағ­дай жасап қана қоймай, ортақ мақсат жолында бірігудің, өзара қолдау мен ынтымақтастықтың маңы­зын айқындады.