Өйткені өңір экономикасының тұрақты дамуы өнеркәсіптік әлеуеттің тиімді пайдаланылуына, өндіріс көлемінің ұлғаюына және жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты.
Бүгінде өнеркәсіпті дамыту тек жаңа өндіріс орындарын іске қосумен шектелмейді. Оның басты міндеті – шикізатты өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару, импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету. Бұл ретте жергілікті кәсіпорындар арасындағы кооперацияны нығайту, өндірістік байланыстарды кеңейту және шағын әрі орта бизнестің ірі өнеркәсіп жобаларына қатысуына мүмкіндік жасау маңызды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 трлн 937,9 млрд теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға жоғары. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйегінде өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 102,2 пайызды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 653 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібековтің айтуынша, өңірде өндірісті дамыту мен инвестиция тартуға айрықша мән беріліп отыр. Жыл басынан бері 9 айда облыс экономикасына 624 млрд теңге инвестиция тартылған.
Оның айтуынша, облыста 4,5 мыңға жуық өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл салада 45 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өңірдің өндірістік әлеуетін азық-түлік, құрылыс материалдары, машина жасау, металлургия және фармацевтика салалары еселеп отыр. Мәселен, фармацевтика өндірісінде өсім 363 пайызға жетсе, құрылыс материалдары өндірісінде 126, азық-түлік өндірісінде 113 пайызды құрады.
Кейінгі жылдары өңірде жаңа өндіріс орындарын ашуға мол мүмкіндік қарастырылып отыр. Алға, Мұғалжар, Байғанин және Хромтау аудандарында өндірістік субаймақтар құрылып, оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымды тарту жұмысы қолға алынған.
Аймақта жүн өңдейтін Kaz Feltec өндірістік кәсіпорнының іске қосылуы шикізатты терең өңдеу ісіне жаңа серпін беріп отыр. Кәсіпорын жылына 2 200 тоннаға дейін дайын өнім өндіруге қауқарлы. Мұнда жылу және дыбыс оқшаулағыш панельдер мен техникалық киіз шығарылады. Шикізат негізінен аймақтағы шаруа қожалықтарынан қабылданады. Жүн белгіленген талаптарға сай сұрыпталып, арнайы желілерде жуылып, кептіріліп, қоқыс пен өзге де қоспалардан тазартылады.
Мамандардың айтуынша, қой жүні жылуды жақсы сақтап қана қоймай, дыбысты оқшаулау қасиетімен де ерекшеленеді. Табиғи әрі гигроскопиялық материал бөлмедегі артық ылғалды сіңіріп, қолайлы жағдайда оны қайта бөле алады.

Қазір кәсіпорын өнімдерін құрылыс саласында қолдану мүмкіндігін кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, жүннен жасалған материалдарды еден астына төселетін дыбыс оқшаулағыш қабат ретінде пайдалану қарастырылуда. Осыған байланысты компания бастамасымен табиғи қой жүнінен жасалған жылу және дыбыс оқшаулағыш панельдерге арналған мемлекеттік СТ РК стандарты әзірленіп жатыр. Стандарт бекітілсе, өнімді құрылыс саласында кеңінен қолдануға мүмкіндік артады. Бүгінде кәсіпорын өндіріс көлемін арттырып, жаңа нарықтарға шығуды көздеп отыр. Оның ішінде қазақстандық жүнді дайын өнім ретінде экспорттау – компанияның негізгі мақсатының бірі. Сонымен қатар алдағы уақытта мал шаруашылығынан алынатын басқа да шикізатты, теріні кәдеге жаратуға бағытталған жобаларды іске асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Өңірдегі заманауи өндіріс орындарының бірі – FIBC Kazakhstan ЖШС. Бұл кәсіпорын нарықта сұранысқа ие вагон ішіне арналған полипропилен қаптамалар, биг-бэгтер, пологтар (жүк жабындары) мен полипропилен таспаларын өндіреді. Бүгінде аталған кәсіпорын өндіріс көлемін бірнеше есе арттыруды жоспарлап отыр. 2016 жылы шағын тігін цехы ретінде жұмысын бастаған кәсіпорын қазір шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастырған.
Ал облыста 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Alash Engineering Technology ЖШС бүгінде еліміздегі стандартты емес резеңке-техникалық бұйымдар өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Өндіріс алаңында втулкалар, резеңке-металл бұйымдары, манжеттер, мембраналар, диафрагмалар және басқа да өнім түрлері шығарылады. Alash Engineering Technology өз өнімдерін Қазақстанның барлық өңіріндегі кәсіпорындарға жеткізеді. Олардың қатарында теміржол компаниялары, ірі мұнай және өнеркәсіп ұйымдары, сондай-ақ кен орындарында жұмыс істейтін кәсіпорындар бар. Компания экспорт бағытын да дамытуда.
Жалпы айтқанда, Ақтөбе облысы – өнеркәсібі дамыған, табиғи ресурсқа бай, инвестициялық әлеуеті жоғары, бір сөзбен айтқанда, еліміздің жетекші индустриялық облысының бірі. Экономиканың әртараптандырылған құрылымы мен ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуы өңірдің одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қалыптастырып отыр.
Маусым айында Американың алпауыт корпорациясы – Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Ақтөбе облысына халықаралық кредиттік рейтингін берді. Мамандардың сөзінше, халықаралық кредиттік рейтингінің болуы ең бірінші өңір инфрақұрылымын дамыту үшін бюджеттен тыс қаржыландыру көзін тарту мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу мен қайта жаңғыртуға оң ықпал етуі мүмкін.
Ресми ақпаратқа сәйкес, қазір облыста 83 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Соңғы үш жылда 4,5 мыңға жуық кәсіпкерлік жобаға 41,7 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Жалпы, өңірде өндірісті әртараптандыру, жергілікті шикізатты терең өңдеу және жаңа нарықтарға шығу бағытындағы жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
