Астанадағы балаларды бейімдеу спорт орталығының басшысы Азамат Рамазанов – көп жылдан бері мүгедектігі бар және ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеп келе жатқан мамандардың бірі. Оның айтуынша, елімізде инклюзивті спортты дамыту жолындағы басты мәселелердің бірі, спорт мұндай балалар үшін қажетті деңгейде қолжетімді емес.
– Инклюзивті спортта ең алдымен әр балаға жеке көзқарас қажет. Яғни әр баланың ерекшелігі мен қажеттілігін ескере отырып, онымен жеке жұмыс істеу керек. Алайда қазір жаттығулар негізінен топтық форматта ұйымдастырылады. Ал спорттың ерекше қажеттіліктері бар балалардың дамуы үшін маңызы өте зор. Әсіресе бала 15 жастан асқаннан кейін қиындықтар көбейеді. Олардың спортпен әрі қарай айналысуына мүмкіндік беретін арнайы жабдықталған орын табу да, білікті жаттықтырушы табу да оңай емес, – дейді маман.
Азамат Сағатұлының сөзінше, орталық мамандары күнделікті кездесетін өзекті мәселелердің бірі осы. Соның салдарынан спортқа бейімделіп, тұрақты жаттығуды әдетке айналдырған балалардың әрі қарай дамуына кедергі туындайды.
– Біздің орталықтағы балалар есейген кезде оларды әрі қарай қайда бағыттайтынымызды білмей қаламыз. Өйткені олар спортты тастағысы келмейді, керісінше тұрақты түрде жаттығып, дамуын жалғастырғысы келеді. Сондықтан ең алдымен инклюзивті спорт саласындағы арнайы мамандар санын көбейту керек деп ойлаймын. Сонымен қатар олардың еңбегіне лайықты жалақы төлеу маңызды. Себебі мұндай балалармен жұмыс істеу жаттығу өткізумен ғана шектелмейді. Ол үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты және әр баланың нәтижесіне ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Мамандардың кәсіби тұрғыдан қажып кетпеуіне жағдай жасап, еңбегінің нәтижелі болуын қамтамасыз ету қажет, – дейді маман.
Қоғам түйткілдерінің біріне айналған мәселе кеше Құрылтайда да көтерілді. «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Айсұлу Сүлеймен Туризм және спорт министріне депутаттық сауал жолдап, параспорт саласындағы қордаланған проблемаларды шешуді ұсынып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды міндеттер қойған еді. Осы мақсаттарға 2029 жылға дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге қарастырылған. Алайда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қомақты инвестицияның тиімділігі салынған нысандардың санымен ғана емес, олардың халықтың барлық санатына қаншалықты қолжетімді екенімен де өлшенуге тиіс.
Депутаттың айтуынша, бүгінде еліміздегі 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адамның 124 мыңнан астамы – балалар. Соған қарамастан спортпен тұрақты айналысатын азаматтардың үлесі төмен күйінде қалып отыр. Денсаулық жағдайы спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін әрбір бес адамның төртеуі тұрақты жаттығуға қатыспайды. Айсұлу Сүлейменнің пікірінше, бұл мәселені тек инфрақұрылымның жетіспеушілігімен байланыстыруға болмайды. Спорт нысандарының нақты қолжетімділігі, арнайы мамандардың тапшылығы және параспорт мүмкіндіктері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі де назар аударуды қажет етеді.
Депутат бұл мәселені халық қалаулысы ретінде ғана емес, кәсіби параспортшы ретінде де көтеріп отыр. Ол 2011 жылы жол-көлік оқиғасында екі аяғынан айырылып, алты жыл өткен соң ғана спортқа келген. Мұның себебі, спортпен айналысуға құлшыныстың болмауы емес, параспорттың мүмкіндіктері туралы білмеген.
– Бүгінде халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап жүрмін. Кейде ойға қалам, мен сияқты қаншама бала мен жастар әлі күнге дейін параспортпен айналысуға мүмкіндігі бар екенін білмей жүр? – дейді Айсұлу Сүлеймен.
Оның айтуынша, еліміздегі спорт инфрақұрылымының қолжетімділігі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Спорт кешендерінде пандус пен лифт болмай жатады. Сондықтан оларды параспортшылардың қажеттілігіне толық бейімделген нысан деп есептеуге келмейді. Ол үшін арнайы жабдықталған жаттығу залдары, бейімделген спорт құралдары, қолжетімді киім ауыстыратын бөлмелер мен санитариялық тораптар қажет. Әсіресе өңірлерде мүгедектігі бар азаматтардың спорт секцияларын таңдау мүмкіндігі шектеулі.
Сондықтан депутат елдегі барлық спорт нысанына түгендеу жүргізіп, олардың параспортшыларды қабылдауға қаншалықты дайын екенін анықтауды ұсынды. Сонымен қатар жаңадан салынатын және қайта жаңғыртылатын спорт кешендерінде параспортшылардың денешынықтырумен айналысуына қажетті жағдайлар алдын ала қарастырылуға тиіс. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін де олардың қолжетімділігін тұрақты бақылаған жөн.
Саладағы тағы бір күрделі мәселе – білікті жаттықтырушылардың тапшылығы. Параспортшылармен жұмыс істеу үшін арнайы білім мен кәсіби даярлық қажет. Биылдан бастап спорт мектептерінің жекелеген санаттарындағы жаттықтырушы-оқытушыларға біліктілік санаты үшін 30 пайыздық үстемеақы енгізілген. Алайда бұл қолдау мамандандырылған параспорт клубтары мен орталықтарының қызметкерлерін қаншалықты қамтып отырғаны белгісіз.
Осыған байланысты Айсұлу Сүлеймен Туризм және спорт министрлігінен өңірлердегі параспорт жаттықтырушыларының нақты санын, жалақы деңгейін және маман тапшылығын анықтауды сұратты. Сондай-ақ мамандандырылған параспорт ұйымдарында жұмыс істейтін жаттықтырушыларға ынталандыру төлемдерін қолдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Депутаттың пайымынша, арнайы даярланған мамандар болмаса, заманауи спорт кешендерінің өзі күткен нәтижені бермейді.
Балаларды спортқа ерте жастан тарту мәселесі де депутаттық сауалда ерекше қозғалды. Келтірілген мәліметке сәйкес, 109 мыңнан астам мүгедектігі бар баланың шамамен 23 мыңы ғана спортпен айналысады. Қалған балалардың спорттан тыс қалуына қандай жағдайлар әсер етіп отырғаны әлі де жан-жақты талдауды қажет етеді. Бұған білікті жаттықтырушының, арнайы жабдықтың немесе қолжетімді спорт секциялары туралы ақпараттың жетіспеуі себеп болуы мүмкін.
Айсұлу Сүлейменнің пікірінше, мүгедектігі бар бала мен оның ата-анасы спортпен айналысу мүмкіндіктері туралы ақпаратты өз бетінше іздеуге мәжбүр болмауы керек. Ол үшін мектептер, медициналық және оңалту орталықтары, спорт ұйымдары мен ата-аналар арасында тиімді өзара байланыс жүйесін қалыптастыру қажет. Бұл балаларды денсаулық жағдайы мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, спортқа ерте жастан тартуға жол ашады.
Параспортты қаржыландыру мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Қазақстан халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен параспортшылардың жетістіктерін мақтан тұтады. Алайда кәсіби спортпен қатар бұқаралық және балалар параспортын дамытуға қанша қаражат бөлініп жатқанын да нақты білу қажет. Осы мақсатта депутат 2027-2029 жылдарға арналған параспорт бюджетінің жеке жоспарланып, есепке алынуын қарастыруды сұрап отыр. Атап айтқанда, бұқаралық және балалар параспортын, спорт резервін даярлауды және жоғары жетістіктер спортын қаржыландыруды бөлек көрсету жайын айтады.
Қорыта келгенде, министрлікке 6 бағыт бойынша ұсыныс жолданып отыр. Сонымен қатар 2027-2029 жылдарға арналған бұқаралық және балалар параспортының қолжетімділігін дамыту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажет екені айтылды. Онда жауапты мемлекеттік органдар, іске асыру мерзімдері, қаржыландыру көздері және өңірлер бойынша өлшенетін нәтижелік көрсеткіштер белгіленуге тиіс.
Ербол ТҰРЫМБЕТ
